top of page

Болашақ айтыскерлер мектебі

Нұрбану КАМАЛ

19 ақпан, 2014

Жастардың білімді, бәсекеге қабілетті болуы, шет тілдерді жетік меңгеруі – бүгінгі күн тудырған қажеттілік. Ал, ұлттық өнерді сүю, қазақтың ұлттық мәдениетіне, руханият әлеміне бойлау – әрбір қазақ баласының перзенттік парызы. Халқымыз өнерге бай. Соның ішінде «бекзат өнер» аталған айтыс өнерінің орны бөлек. Адамнан ақындықты, тапқырлықты, ұшқыр қиял мен әншілікті талап ететін бұл өнерді серік ету кез келген жанның қолынан келе де бермейді. Сондықтан да, жас ұрпақты осы өнерге баулып, балаларға айтыстың қыр-сырын үйретіп жүрген өнер жанашырларының еңбегі үлкен.

Ауданымыздағы №1 орта мектепте 2000 жылдан бері айтыс-терме үйірмесі жұмыс істейді. Ақын, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері Бейбіт Шошабаев жетекшілік ететін үйірмеге қазіргі таңда 15 бала қатысады. Үйірме жетекшісі өнерге бейім балалардың басын қосып, өлең-сөздің мән-мағынасын ұқтырып, домбыра тартуды да үйретуде. Үйірмеде балалар айтыстың, терменің түрлерін, әдіс-тәсілдері мен шарттарын меңгеріп, белгілі жыр-дастандарды, ақындардың айтыстарын жаттау арқылы ұлттық өнердің тереңіне бойлауда. 

Үйірме жетекшісі Бейбіт Шошабаев: «Айтыс өнеріне көп көңіл бөліп, 2000 жылдан №1 орта мектепте айтыс үйірмесін ашқан аудандық білім бөліміне алғысымыз көп. Осының нәтижесінде бірқатар шәкірттеріміз облыста, республикада ауданымыздың абыройын асырды», – дейді. 

Шынында, ұстаздан шәкірт озса, бұл – ұстаз үшін тек қана мақтаныш. Бейбіт Шошабаевтың 2011-2012 жылдары облыстық ақындар айтысында І,ІІ орындарды бермей, республика көлеміндегі айтыстарда жақсы өнер көрсеткен Рауза Өкен есімді шәкірті сияқты Қуаныш, Аққу Мүслім есімді шәкірттері де биіктерден көрініп, Қазақ Ұлттық консерваториясы, П.Чайковский атындағы музыкалық колледж тәрізді өнер ордаларында тәлім алуда. 

Ал, үйірменің бүгінгі қатысушыларының арасында да болашағынан үміт күтетін шәкірттер көп. Соның бірі – №1 орта мектептің 7-сынып оқушысы Ару Қаржаубай жуырда ауданымызда өткен оқушылар айтысында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, облысқа жолдама алды. Бейбіт Шошабаев бүгінде облыстық айтыс додасына тыңғылықты дайындалып жүрген шәкіртінің зерек, музыкаға қабілеті жоғары, суырыпсалмалық қасиеті де бар екенін айтады. Қазіргі таңда Ару Қаржаубай кезінде Жамбыл атасы жырлаған «Көрден шыққан Көрұғлы» дастанын, «Өтеген батыр», Кенен Әзірбаевтың «Кенебай-Кербез сұлу» дастандарын жатқа айтып, домбыраны күмбірлете тартады. 

Ендеше, қазақтың ұлттық өнерін дамытуға үлес қосып жүрген өнерпаздар мен шәкірттерге шығармашылық табыстар тілейміз.

Please reload

bottom of page