
Редакция – Менің екінші үйім...
Нұрбану КАМАЛ
07 наурыз, 2014
Көктем – жылдың ең ғажайып мезгілі. Ал, оның алғашқы күндері – көктемді сүйетін, көктемгі күннің шуағын сүйетін шығармашылық адамдары үшін бәрінен де ыстық. Жарқырап шыққан күн жүректерге нұр құйған шұғылалы күндерде бар болмысы көктеммен астасып жатқан ақынмен сұхбаттасу – жүректегі сол нұрды еселей түседі... Ақын-ана, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ауданымыздың Құрметті азаматы – Шырын Мамасерікқызын ертеңгі мерекемен құттықтай барып, аз-кем сұхбаттасқанымызда поэзия деп аталған шалқар теңіздің жағалауына саяхаттап қайтқандай болдық. Жастайынан өлеңді серік етіп, әдебиет өлкесінде өзіндік қолтаңбасын сала білген ақынның халқына жақын болып, өлеңдерінің жырсүйер қауыммен үзбей қауышуына аудандық газеттің де үлкен сеп болғаны белгілі. Сондықтан да, Шырын Мамасерікқызы сұхбатымызда оның шығармашылық жолы және 80 жылдық тарихы бар аудандық басылымның өткені мен бүгіні туралы ойлар әңгіме арқауына айналды...
– Шырын Мамасерікқызы, Сіздің өлеңдеріңіз – жырсүйер қауымнан әлдеқашан өз бағасын алып, оқырмандардың жүрегіне жол тапқан. Осы орайда, әсіресе, жас буын оқырмандарыңызды қызықтыратын бір сауал – қасиетті қара өлеңді қанша жасыңыздан серік еттіңіз?
– Мен мектепке 5 жаста барғанмын. Туған ауылым – Жалпақсаз 80 шақты үй ғана отырған кішкентай ауыл еді. Сол ауылдағы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін 9 жасымда Қызыл шаруа ұжымшарындағы 10 жылдық мектептің 5 сыныбына барып, ол мектеп алыс болғандықтан бір туысымыздың үйінде жатып оқыдым.
Өзім сыныптастарыма қарағанда кішкентаймын және туысымыздың үйінде жүргенде сүзекпен ауырып, қатты қиналғаным бар. Сонда сыныптастарым бала емес пе, мені кішкентай көріп, кейде тиісетін. Бір күні Төреқұл деген бала қатты ашуыма тисе керек, мен ол балаға арнап өзімше бір шумақтарды құрастырдым. Сыныптастарым бұны әдебиет мұғалімімізге айтып, менің талабымды алғаш рет сол мұғалімім қолдады. «Сен ақын боларсың, мүмкін, өлеңді тастамай жаза бер» деген ұстазымның сөзіне қанаттанып, бұрқырата өлең жаза бастадым. Жазғандарымды «Қазақстан пионері» газетіне жолдайтынмын. Газеттен өлеңдерімдегі кейбір кемшіліктерді айтып, түсіндірген, бірақ «үзбей жаза бер, ізден» деп қанат бітірген жауап хаттар келіп тұратын. Қазір ойлап отырсам, бұл да болса, газет ұжымының балаларға, баланың талантына деген бір қамқорлығы екен. Сол жазғаннан өлеңге әбден бауыр басып, поэзия дегеннің не екенін ұға бастадым.
– Сіздің Алматыда оқып жүріп, нағыз әдеби ортаны көргеніңізді, жастық жігер мен жалынға толы өлеңдеріңізді де алғашында сол Алматыда жыр бәйгесіне қосқаныңызды білеміз. Ауылға келген соң Сіздің жырларыңыздан көбірек меркіліктер, Жамбыл жұртшылығы сусындады. Айтыңызшы, «өнер ордасынан алыстап, замандас, қаламдастардан бөлініп қалдым-ау» деген ой мазалайтын кездер бола ма?
– Шынында да, студент кезімде «Қазақстан пионерінен» бастап, «Пионер» журналында, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде өлеңдерім жарияланып тұратын. ҚазПИ-ді үздік оқып, ұстазым Қажым Жұмалиевтің «Аспирантурада қал» дегеніне қарамай, анама керек болып, ауылға қайттым. Ауылға қайтардың алдында «Жұлдыз» журналына бір-екі өлеңімді алып барғанмын. Барсам онда Мұқағали Мақатаев отыр екен. Ол кісі сол кезде «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болатын. Жазғандарымды оқып, танысып, ауылға қайтып бара жатқанымды естіген соң: «Өлеңдерің жақсы екен. Ауылға нағып бара жатырсың? Осында қалып, өлең жазбайсың ба?», – деді. Күтпеген жерден қойылған бұл сауалға: «Неге мен ауылға бармауым керек? Ауылға да ақын керек, ауылда да ақындар болуы керек», – деп жауап бердім. Сонда ол кісі маған ойлы көзбен қарады да: «Ауылға бардым дегенше, дауылға бардым де. Бірақ, өлеңді тастама, қарағым. Бұл өлең сенің қанатың болады», – деді. Әлгінде өзің айтқандай ойлар мазалағанда осы бір сәт есіме түседі. Мен ауылға келсем де өлеңмен бірге болдым, әдеби ортадан алыстасам да, әдебиеттен алыстамадым. Замандас-қаламдастарымнан да қол үзбедім. Ақұштап Бақтыгереева – жақын құрбым. Кеше ғана қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, бүкіл алаш жұртын жылатып өте шыққан Фариза да, бір жағынан – рухани ұстазым, екінші жағынан – замандас, қаламдас құрбым болды. Араның алыстығына қарамай талай рет мен оны, ол мені іздеп келіп, сыр шертіскен кездеріміз болды. Жалпы, ол туралы айтылар әңгіменің жөні бөлек.
Мұқаңа сол екі өлеңімді қалдырған кез – 1967 жылдың маусымы болатын. Содан қазан айында «Жұлдызға» өлеңіңіз шығыпты дегенді естіп, журналды алсам, шынында да екі өлеңім жарық көріпті. Сол кезде Мұқағали ақынның азаматтығын, уәдеге беріктігін көріп, қатты риза болғанмын. Кейіннен алғыс айтайын деп «Жұлдыздың» редакциясына іздеп барсам, жұмыстан шығып кетіпті...
– Бұдан кейінгі жылдарда Сіздің өлеңіңіз де, өміріңіз де Меркі ауданымен біте қайнасып, аудандық басылыммен шығармашылық байланысыңыз арта берді...
– Иә, 1967 жылы ҚазПИ- дің филология факультетін бітіріп, Гранитогор мектеп-интернатына мұғалім болып орналастым. 1968 жылдан бастап, аудандық газетке жиі барып, өлеңдерімді беріп жүрдім. Ол кезде бас редактор Зайлағи Сүйіншәлиев аға еді. Сондай қарапайым, мінезі жібектей мейірбан, аса парасатты, білікті жан маған адамгершіліктің, адалдықтың ақ туындай көрінетін. Апарған дүниелерімнің тезірек жарық көруіне ықпал жасайтын. Мүмкін содан да болар, редакцияда кейіннен қызмет атқарған И.Я.Левин, Б.Ш.Жамбабаев, А.Н.Деридович, В.А.Гитт, С.Қ.Құралбаев сияқты редакторлардан осындай қағылездікті үнемі іздеуші едім. Осы редакторлардың бәрімен де шығармашылық байланыста болдым. 46 жылдан бері аудандық газеттің штаттан тыс тілшісімін. Осы жылдар ішінде өлеңдерім, мақалаларым үзбей жарияланып келеді. Бұл киелі қарашаңырақ – менің екінші үйім. Ал, «Меркі тынысы» – жаныма ең жақын газет. Аудандық басылым қоғамдық-саяси тақырыптармен бірге әдебиетке де көп көңіл бөліп келді. Бұған мысал, ертеректе газетте «Жас тұлпар» әдебиетшілер бірлестігі жұмыс істейтін. Осы бірлестіктің жұмысы жанданып тұрған жылдарда ауданымызда әдеби орта қалыптасты деуге болады. Қолына қаламын серік еткен жандар жиі бас қосып, жазғандарымызды, жастардың туындыларын талқылайтынбыз, ақылдасып, пікірлесіп қай өлеңді газетке жариялайтынымызды шешетін едік. Отырыс болатыны туралы алдын- ала хабарландыру берілетін. Бірлестіктің құрамында Ермахан Сабеков, Серік Құралбаев, Жолдасбек Дуанабаев, Уәли Қырғызбаев сияқты тағы да басқа азаматтар, бірқатар қыздар да болды.
– Аудандық басылымның әр кезеңдердегі тыныс-тіршілігімен, көтерген тақырыптарымен етене таныс жандардың бірі ретінде газетіміздің бүгінгі бет-бейнесі туралы не айтар едіңіз?
– «Меркі тынысының» бүгінгі тіршілігі мені қуантады. Аудандық газет Елбасымыздың саясатын халыққа насихаттауда, Мәңгілік ел болуға бастайтын Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға аудан жұртшылығын жұмылдыруда көптеген игілікті жұмыстар атқаруда. Оны көзі қарақты оқырмандар біледі. Ольга Мазурдың, Нұрбану Камалованың, Бейбіт Құралбаевтың тұщымды материалдары аудан тіршілігінің айнасы іспетті. Бақтыбай Абай мен Мейіркүл Қалдыбекованың мол тәжірибелері жас журналистерге әманда үлгі. Елдің рухы мен ауданның әлеуметтік проблемаларына баса назар аударып жүрген редактор Айдар Оспаналиевтың мазмұнды мақалаларын үнемі қадағалап оқимын. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпірдей жұрт мәртебесін асқақтатып жүрген сүйікті газетімнің алар асуы әлі де алда екеніне сенімдімін.
– Сіздің де сиясы кеппеген жаңа өлеңдеріңізді алдымен осы газетіміз арқылы оқып жүрміз. Кейінгі жылдарда тағы да бір кітапқа жүк боларлық дүние жазған боларсыз?
– 8-9 баспа табақ өлеңдерім тұр. Алла жазса, келесі жылы 70 жылдық мерейтойымның қарсаңында бір кітап етіп, оқырмандарыма жолдасам деген ойым бар. Қазір демеуші іздеп жүрмін, егер демеуші болмаса облыс әкімшілігі қолдау көрсетеді деген сенімдемін. Әзірге кітапты «Шаттық шуағы» деп атауды жөн көріп отырмын.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!


