top of page

Меркінің арулары ыстық ықыласқа бөленді

Мейіркүл ҚАЛДЫБЕКОВА

12 наурыз, 2014

Дүние құлпырып, табиғат жаңарған наурыз айымен бірге келіп жеткен аналар, арулар мерекесі биыл да ауданымызда ерекше тойланды.

Аудандық Мәдениет үйінің көрермен залы құшақтары гүлге, жүздері нұрға толы ардақты аналар мен сүйкімді қыз-келіншектерге лық толған. Үлкен сахнаға әсем раушан гүлдермен безендірілген билборд ілініп, бейнекөрініс арқылы ауданымызға белгілі, әр салада еңбек етіп, абырой биігінен көрініп жүрген, ел- жұртына сыйлы ардақты аналардың қызметтегі бір күндері көрсетіліп, еңбек жолы туралы толық мағлұматтар берілді. 

8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс еліміздің Әнұранымен басталып, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ауданымыздағы барша әйелдер қауымын осынау көктем, жастық мерекесімен шын жүректен құт- тықтады. 

– Ұлттың да ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де,дінімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін аналар. Сол себепті де ата-бабаларымыз қадір тұтып, құрметтеген аналарға деген ізет – бүгінде мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Ана мен бала денсаулығы, олардың әлеуметтік мәселелері, әйел азаматтардың құқықтарының қорғалуы Қазақстан қоғамы үшін бұлжымас міндет, – деген Бақтияр Көпбосынов өзінің ең жылы лебіздерін аналарға, аруларға арнады. Келесі кезекте аудан әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға алқаларын салтанатты түрде табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынып, бағалы сыйлықтар тарту етті.

Сондай-ақ, ауданға еңбегі сіңген, қоғамда, отбасында да үлгі көрсетіп жүрген бір топ қыз-келіншектер аудан әкімінің бағалы сыйлықтарына ие болды. Аудан әкімінің арнайы дайындаған «Ықылас» гүлі сахна төріне әкелініп, белгілі жыршы, термеші Бейбіт Шошабаевтың мерекеге арналған жыр шашуы жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. 

Аналар мерекесіне арналған концерттік бағдарлама Ж.Сексеновтың «Меркі ұлт – аспаптар» ансамблінің орындауындағы «Мереке» күйімен басталды. 

Облыстан осы мерекеге арнайы шақырылған Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Торғын Орынбаеваның орындауындағы «Ақмаңдайлым», осы филармонияның жанынан құрылған «Алатау» триосының орындауындағы (суретте) Д.Бықыбаевтың «Қыз көктем» әні, Ж.Омаровтың «Тараздың арулары» әнін көпшілік жылы қабылдады. Аудандық Мәдениет үйін жанынан құрылған «Береке» әжелер тобының орындауындағы «Көзімнің қарасы-ай», «Естелік» ардагерлер тобының «Звезда на встречу» әндері әйелдер мерекесін гүлдендіріп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Please reload

bottom of page