
Ұлттық рухтың айнасы
Нұрбану КАМАЛ
21 наурыз, 2014
Наурыз мейрамы – қазақ халқы үшін аса қадірлі, сүйікті мерекелердің бірі. Тарихы тереңнен бастау алатын бұл мейрамды тойлаудағы салт-дәстүрлердің де жөні бөлек.
Наурыздың басты ерекшелігі, бұл – жасарудың, жаңарудың мерекесі. Наурыз – жыл басы. Табиғат- ананың ақ көрпесін ысырып, жаңаратын, жан біткеннің жүрегіне көктем лебі орнап, мейірім мен кеңдіктің кірпіші қаланатын мезгіл де – осы наурыз. Сондықтан да, бұл ұлық мейрам қандай замандарда да халықпен бірге жасап келді. «Кертартпа рәсім» деген желеумен тойлауға тыйым салынғанда да халық Наурызды атаусыз қалдырған емес. Ұлтымыздың бертіндегі бір ғасырлық тарихын көзбен көріп, небір «тар жол, тайғақ кешулерді» бүгінгіге бүкпесіз баяндап отырған әжелеріміздің Наурыз мейрамы туралы лебіздері осы ойлардың тағы бір дәлеліндей...
Наурыз мейрамы тұсында ауданымыздағы ғасырдан да ұзақ жасаған әжелеріміздің шаңырағында болып, мейрамның арғы- бергі тарихы, мән-маңызы, тойлану дәстүрлері туралы аз-кем сұхбат алдық.
Жамбыл ауылдық округінде ұлттық рух пен салт-дәстүрдің лебі есіп тұрған бір шаңырақ бар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген, бүгінде 110 жасқа келіп, 111-ге аяқ басқан Сәлия әжей Зәтілда атадан тараған үлкен әулеттің ұйытқысы, қарашаңырақтың берекесі. 14 құрсақ көтеріп, 4 ұл 1 қызды өсірген, олардан бүгінгі күні 16 немере, 38 шөбере сүйіп, қызығына бөленіп отырған әжейдің өмірі, шынында, өнегеге толы. Иә, ғасырдан да ұзақ ғұмыр туралы айтылар әңгіме де, шертілер сыр да көп. Біз киелі үйдің табалдырығын аттағаннан- ақ әжеден алдымен наурыз-бата сұрадық.
«Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.
Өркенің өссін,
Өрісің кеңейсін.
Әрдайым, әрқашан да,
Халқыңның қамын жегейсің», – деп бата-тілегін ұштастыра, сыбырлай сөйледі 110 жастағы абзал әже. Анасын шаршатпау үшін наурыздың бұл шаңырақта қашаннан бері, қалай тойланып келе жатқанын сол үйдің келіні, әрі ақ жаулықты анасы – Күләш апай әңгімеледі.
«Мен бұл босағаны аттағанда 20 жаста едім. Келін болғаныма да 50 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде біз бір рет те Наурызды тойламай қалдырған емеспіз. Әсіресе, атамның көзі тірісінде ерекше көңіл бөлетінбіз. Наурыздың келгенінен хабар беретін жыл құсы болады. Кейде наурызкөк, нәуірзек деп атап жүрген сол құс келісімен атам 1 шелек таза бидай әкелетін. Оны біз түктейтінбіз, ұшыратынбыз, ертесі күні бір қазан етіп наурыз көже пісіретінбіз. 75 литрлік сол қазанымыз әлі бар, келі, диірменіміз де тұр. Былтырға дейін осы апам екеуіміз бірге келіде бидайды түйетін едік, бірге тазалайтын едік. Атам көзі тірісінде ешқашан базардың дәнін місе тұтқан емес. Бізге «өздерің тазалаңдар, бұл жақсы ниет, наурызда молшылық болса, жылымыз да – тоқшылық жылы болар», деп отыратын. Ол кісі 1995 жылы 92 жасында өмірден озды. Одан кейін де осы дәстүрді апам жалғап, бізге де өнеге етіп келеді», – дейді өзі де абзал ана, ақ жаулықты әже атанып отырған Күләш апай.
Иә, «анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды». Әрдайым еңбекке құмар, тыным таппайтын Сәлия әжей 85 жасқа дейін сиырды да өзі сауыпты. Бұл туралы келіні: «Мен зейнетке шыққанға дейін апам сиыр сауды. Медицина маманы ретінде бұл кісінің ұзақ ғұмырының, мықты денсаулығының сыры да сол еңбексүйгіштігінде деп ойлаймын. Апам тамақты қашан да талғап ішеді. Аз-аздан, жиі-жиі тамақтанудың пайдасы медицинада да дәлелденген ғой. Менің апам сол тұжырымның дұрыстығын өз өмірінде дәлелдеген адам. Сондай-ақ, апам Алласын аузынан тастамайтын, жүрегінде өкпе-реніш сақтамайтын адам. Жасырақ кезінде біраз құрсақ көтерсе де балалары тұрақтамай, қиындық көргенде, Аллаға сыйынып, намаз да оқыпты. Ол кездер атеистік идеологияның дәуірлеп тұрған уақыты еді. Құдайдың берген сыйы шығар, намаз оқыған соң, кейінгі балалары шетінемепті», – дейді Күләш апай өткен күндерден сыр шертіп.
Осындай, ғасырдан ұзақ ғұмыр кешіп, бүгінгі бейбіт күнгі бақытты ұрпақтың тілеуін тілеп отырған ақ жаулықты әжелердің бірі – Ақтоған ауылдық округінде. 108 жастағы Рабиға әжей Наурызда сәлем бере барған ауыл әкімі Олжабек Қосубаев пен тілшілерді әуезді әнімен қарсы алды.
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің бүріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сізбен бізге білінбей-ау» деп, әнді нақышына келтіре орындап отырған 108 жастағы әженің күш-қуаты мен денсаулығына таңдай қақпасқа амал жоқ. Ғұмырын адал еңбекпен өткізіп, 1 ұл, 1 қызының, олардан өнген немере-шөберелерінің қызығын тамашалап отырған әжей бүгінгі күн үшін Аллаға шүкіршілік етеді. Наурыз-батасын беріп, наурыз көженің дайындалу әдістері туралы да әңгімелеген әже сөз арасында баяғы заманның әзіл әңгімелерін де айтып, қонақтарды күлкіге кенелтті. Осындай шуақты, мерекелі көңіл- күйге толы сұхбат барысында біз тарихтың түпкіріне еніп кеткен ертегі жылдардай елестейтін 30-жылдар туралы сыр тартпақ болғанымызда: «Шырақтарым, ол жылдардың несін сұрайсыңдар? Ол уақытта ел той тойламақ түгіл, жан қайғысымен кеткен жоқ па? Адамның өмірі өксіп, жылағың келеді. Айтқанымның бәрі рас, кәмпеске кезінде осы Меркінің небір жайсаң-жақсылары кетті, ашаршылық жылдарында көшеде қырылған жандарды көзімізбен көрдік. Ол замандардың несін айтасыңдар, осы замандарыңды жырлай беріңдер. Бұл менің 1 ғасырдан көп өмірімде көрген ең жақсы заман. Молшылық, не қаласаң бәрі бар, күн сайын той- тамашаға толы күндердің қадірін біліңдер, айналайындар», – деп жанарына жас алды абзал ана...
Иә... Мейрамның бүгінгі келбетіне қарап және де «Наурыз қай кезеңде де тойланған» деген үйреншікті сөздің әсерімен «Сол бір зауал төнген жылдары да мейрамды ескерген жандар болды ма екен?» деген ойға қалғанымыз рас. Бұл – бабалар көрген қасіретті терең ұғынбағандықтан емес, Наурызды сүйетін, оның әрдайым халықпен бірге жасап, ұлттық рухты асқақтата бергенін қалайтын санадан туындаған ой еді. Жыл сайын жаңарып, жаңғырып, мол шаттығын ала келетін Наурызды аудан тұрғындары биылғы жылы да қуанышпен қарсы алып отыр. Ендеше, ақ жаулықты әжелердің ақ батасы қабыл болып, әз – Наурыз елімізге бар жақсылығын ала келгей!
Суретте: сол жақта – Сәлия Омарқұлова, оң жақта – Рабиға Сәрсембиева.


