top of page

Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы жоғары деңгейде өтті

Мейіркүл ҚАЛДЫБЕКОВА

11 сәуір, 2014

Өткен аптаның жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХVІ облыстық байқауы өтті. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу.

Екі кезеңнен тұрған байқаудың алғашқы кезеңі әр аудан орталығында және Тараз қаласында өткен болатын. Оның шарты бойынша байқауға 16-20 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, прозалық шығармадан үзінді оқу, драмалық шығармадан үзінді оқу, мәнерлеп өлең оқу тапсырмаларын орындауға тиісті. Сондай-ақ, байқауда Оралхан Бөкейдің және басқа да қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез-келген көркем және драмалық шығармаларынан, өлеңдерінен үзінді оқуға болады. 

Сондықтан да бүгінгі Меркіге үкілеген үмітін арқалап келген үміткерлер әр ауданнан, Тараз қаласынан іріктеліп алынған «сайдың тасындай» кіл мықтылар. 

Байқауға қатысушыларды сахна төріне шақырып, жеке-жеке таныстырған аудандық Мәдениет үйінің жүргізушісі Мадияр Шалабаев ортаға облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапақованы және аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбековты шақырды. Олар өз кезегінде талапты жастарға сәттілік тілеген ізгі тілектерін жеткізді.

Бүгінгі байқауға қазылық жасайтын әділқазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тіл жанашыры, ақын Шырын Мамасерікова, «Меркі тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Мейіркүл Әбжанқызы, облыстық Қазақ драма театрының әртісі Анар Сағынбекова, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық, облыстық байқау жеңімпазы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қызметкері Жадыра Мергенбаевалар көпшілікке таныстырылған соң байқау басталып, оның шымылдығы аудандық Мәдениет үйінің драма үйірмесінің әртісі Хамит Жұмаходжаевтың О.Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы туралы әдемі де әсерлі әңгімесін немересіне айтқан сәті көркем бейнелеуімен ашылды. Сахнаға алғаш шыққан тараздық Абылай Сейдуалиев О.Бөкейдің «Құм мінезі» прозалық шығармасынан үзінді оқыса, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Жанерке Садырбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің студенті Айжан Қожабаева, А.Асқаров атындағы Меркі экономика және құрылыс колледжінің студенті Райхан Сатыбалды О.Бөкейдің «Күлпаштың ұршығы» шығармасын таңдапты. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Әйгерім Қарашолақова «Айпара ана» шығармасынан үзінді оқыса, Байзақ ауданынан келген 10-сынып оқушысы Асылхан Данчаев, Жамбыл ауданының 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Ермаханов, жуалылық Жұлдыз Нұртаева, сарысулық Ертай Райымбеков жазушының «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасынан үзінді орындады. Қордайлық Айнұр Оразбай «Мынау әппақ дүние...», таластық Гүлмира Серік, Мойынқұм ауданынан келген Ляйля Жұмабай, Т.Рысқұлов ауданынан Салтанат Қарасаева «Қар қызы» шығармасынан үзінді оқыды. Ал, шулық үміткер Мәншүк Қасымхан «Тортай мінер ақ боз ат» шығармасын оқыды. Осылай байқауға қатысқан облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 14 үміткердің қай-қайсысы болмасын өздерін кәнігі актерлардан кем ұстамай, мүдірмей, образға еніп орындауы олардың байқауға үлкен дайындықпен келгенін байқатты. Әсіресе, байқаудың екінші кезеңі өте тартымды өтіп, тіпті кейбір орындаушылардың актерлік шеберлігінен көрерменнің көзіне бірде жас үйірілсе, бірде еріксіз күлкіге бөленді. Әрине, талапкерлер жас, арасында мектеп оқушылары көп болғандықтан кемшіліктер де жетерлік. Ол, әсіресе байқаудың үшінші кезеңі – мәнерлеп өлең оқу кезінде байқалды. Жалпы байқау өте әсерлі, қызықты өтіп, оны көріп тамашалағандар үлкен сезімге бөленіп, әсер алды. 

Байқау қорытындысын жариялаған әділқазылар алқасының төрағасы Елен Әлімжан талапкерлердің жетістіктері мен жіберген кемшіліктеріне жеке-жеке тоқталып, мұндай байқауға келешекте патриоттық шығармаларды орындау міндетті түрде енгізілсе деген ұсыныс-пікірін де білдіре кетті. Байқау қорытындысы бойынша жоғары актерлік шеберлігімен көрермендерді өнеріне тәнті еткен А.Асқаров атындағы Меркі экономика және құрылыс колледжінің студенті Райхан Сатыбалды бас жүлде – диплом және планшетті жеңіп алып, республикалық байқауға жолдама алды. Т.Рысқұлов ауданының талапкері Салтанат Қарасаева І орын – І дәрежелі диплом және ноутбук жүлдесіне ие болса, ІІ орынды тараздық Абылай Сейдуалиев, ІІІ орынды Байзақ ауданының өнерпазы Асылхан Данчаев өзара бөлісіп, ІІ-ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Сондай-ақ, прозалық шығармаларды үздік орындағаны үшін Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Жанерке Садырбаева, драмалық шығармалар бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Әйгерім Қарашолақова, мәнерлеп өлең оқу бойынша Жамбыл ауданының өнерпазы Ерсұлтан Ермаханов, шығармаларда тіл тазалығын сақтап, мәнерлеп оқығаны үшін сарысулық Ертай Райымбеков ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттарға ие болды. 

Облыстық байқауға қатысушы басқа да талапкерлер бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталып, байқау өз мәресіне жетті. 

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапаққызы байқауды қорытындылап, қатысушылардың өнердегі қадамдарына игілік тілеп, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосқан тіл мамандарына алғысын білдірді.

 

Бас жүлде иегері Райхан Сатыбалдыны марапаттау сәті

ІІІ орын жүлдегері Асылхан Данчаев

Please reload

bottom of page