top of page

Қараусыз қалған «Қара кемпір»

Нұрбану КАМАЛ

25 сәуір, 2014

Ұлы Отан соғысы салған жара қаншама уақыт өтсе де жазылмақ емес. Өйткені, бұл – бүкіл халықтың басына туған күн, ұлы қасірет. ХХ ғасырдағы ең үлкен сұрапылдардың бірі – ІІ дүниежүзілік соғыс әрбір қазақтың шаңырағына ойран салды. Біреудің жалғызы, біреудің аяулысы кетті, жаңа ғана дүниеге келген шақалақ – әкесін, оның анасы – өмірінің тірегі болған азаматын аттандырды майданға!.. Қаншама жанның ошағының оты сөнді. Бәрінен де, жүрегінің бір бөлшегін – балапанын Отан қорғауға жіберіп, өмірін сол жарығының жолын тосумен өткізген ананың қайғысы ешқашан ұмытылмайды.

Жаңатоған ауылдық округіндегі «Қара кемпір» ескерткішін әр кез көргенде соғыс әкелген қасірет-қайғы бәз-баяғыдай, күні кеше ғана болғандай көз алдымызға келеді. Ұлы Жібек жолының бойында, Мыңқазан ауылының тұсында өмірі өксікпен өткен ана соғысқа кеткен қос боздағының жолын тосып әлі отыр... Иә, шынында да, бұл ескерткіш – тас мүсін емес, соғысқа аттанған ұлдарын күте-күте тасқа айналған ананың өзі тәрізді әсер қалдырады кейде. Майданға аттанған Қосшықұлы мен Жексенқұлын жылдар өтсе де күтуден бір шаршамай, алдындағы малын айдап, Қызылсайды аралап жүретін Қали әжейді аға буын жақсы біледі. Ел аузында аңызға айналған ананың, оның құрметіне қойылған тас мүсіннің тарихына тоқталған біздің айтпағымыз – ескерткіштің бүгінгі жағдайы. 

Сол бағытқа жолым түскен сайын ескерткішпен бірге сол төбеге тастарды қаз-қатар тізіп жазған «Ана – өмірдің гүлі» деген үлкен жазу көзге түсетін. Жан-жағы – кеңістік, орналасқан жері – биік еңселі ескерткіш және санасында сәулесі бар жанға ой салар мағыналы жазу. Керемет үйлесім тапқан бұл көрініс үлкен жолдан өткен кез келген жанның назарын аударады. Киелі өлке – Меркінің арғы- бергі тарихымен енді ғана танысып жүргендіктен бұл ескерткіш туралы әу баста білмегеніме кешіріммен қарауға болар. Алғаш көрген сәттен-ақ ана қасіретінің символындай болған тас мүсіннің тарихына қызығушылық танытқаным шындық. Содан кейін ғана сазгер Алтынбек Қоразбаевтың қайбір жылдары бар қазақты жылатқан «Қара кемпір» термесінің тарихы, тек қызылсайлықтар емес, меркіліктердің көбі білетін Қали әжейдің қасіреті, бауыр еті баласынан айырылған барша аналарға тағзым ретінде орнатылған «Қара кемпір» ескерткішінің тарихы маған үлкен жаңалық ретінде белгілі болды. Иә, бұл ескерткіш тоқсан үшінші жылы, Қызылсайдың тумасы, белгілі сазгер, әнші Алтынбек Қоразбаевтың бастамасымен орнатылған, мүсінші Болат Досжановтың еңбегі. 

Заман салған қасіреттен қабырғасы қайысқан ананың «жынды» атануының түп-төркінінде балаға деген шексіз махаббаты, ана жүрегінің мейірімі мен әлсіз үмітті үкілей білген мұқалмас ерік-жігері жатыр!.. Бір кезеңдерде бұл ескерткіштің ашылуы – меркіліктер үшін қуанышты оқиға болыпты. Қали әжейдің рухына тағзым еткен кейінгі ұрпақ ескерткіш маңына жиі барып, құран оқытқан. Отбасын құрған жастардың, соғыста азаматынан айырылған жандардың тәу етер киелі мекеніне де айналған бұл ескерткіш. Алайда, бұлардың бәрі тек өткен күннің еншісінде. Ескерткіштің жағдайын көзбен көру мақсатында барғанымызда жас ұрпақ кие тұтып, ардақтаған ананың емес, қараусыз қалған «Қара кемпірдің» ескерткішін көрдік. Ескерткіш елеусіз қалған, баспалдақтары мүжіліп кеткен, сынған. Баяғыдай жиі барып, құран бағыштайтын жандардың ізі де байқалмайды. Ескерткіш ашылғанда «бұл орын халықтың жаппай тағзым ететін киелі мекеніне айналсын» деген тілек тек арман болып қалғандай. Иә, №30 Мыңқазан орта мектебінің қызметкерлері жыл сайын ескерткіш маңындағы шөптерді тазалап, әктеп, сырлап қояды. Алайда, ескерткіштің айналасына күрделі жөндеу жүргізу қажет-ақ. «Қара кемпірдің» маңынан адам қарасы азайып, құран оқылмайтын болғалы сол тұста жол апатының да жиі орын ала бастағанын айтады ауыл тұрғындары. Кім білсін, бұл – мүмкін сәйкестік, мүмкін дүниенің бір тылсымы болар?! 

Осы орайда, «Қара кемпірдің» көзі тірісіндегі қасіреті аз ба еді, оған орнатылған ескерткішті де елеусіз қалдырғанымыз, шынында, тарихымызға, аналарымыздың, бабаларымыздың рухына деген құрметсіздігіміз емес пе?» деген ой ғана мазалайды. Ауданымызды көгеріштендіру, абаттандыру үшайлығы жүргізілуде, өзге де көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Сол игі шаралардың бірі ретінде «Қара кемпір» ескерткішін жөндеп, көріктендіріп, айналасына тал, гүл егіп қойсақ, жан- жағын қоршап, барша жұрт тағзым етер көрікті орынға айналдырсақ деген тілегіміз бар. Сонда, бәлкім, қасіретті ана ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен жас ұрпақ бүгінгі бейбіт күннің құны қаншалық қымбат екенін ұғынар...

Please reload

bottom of page