top of page

Жас өнерпаздардың концерті

Нұрбану КАМАЛ

30 мамыр, 2014

«Өнерлі бала сүйкімді» деген. Баланы жастайынан өнерге баулып, талантын ұштаудың пайдасы зор. Бұл алдымен баланың шығармашылық тұрғыда дамуына, рухани дүниесінің баюына үлес қосады. Сонымен қатар, «жүзден –жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, ертеңгі күні ел мақтанышына айналар өнер адамдарының да бүгінгі шәкірттердің арасынан табылатыны анық.

Жуырда ауданымыздағы «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайында өткен №2 балалар саз мектебінің «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты есеп беру концертінде болашағынан үміт күттірер дарынды шәкірттердің көптігіне көз жеткіздік. Ашылуынан- ақ қызықты сценариймен басталған концерт көрермендерді бірден баурап әкетті. Концертте мектептің бишілер тобы өнерлерін көрсеткен соң, жүргізушілер – осы мектептің оқушылары Жүрсін мен Аружан концертті ашық деп жариялады. Оркестрдің орындауында халық күйлері көрермен назарына ұсынылып, Ә.Бейсеуовтың «Ақ мамам» әні орындалды. Арасында әзіл-қалжыңға құрылған көріністер қойып, көрермендеріне жоғары көңіл-күй сыйлаған №2 балалар саз мектебінің оқушылары халық әндерін шырқап, классикалық композицияларды да нақышына келтіре орындады. Атап айтсақ, Рахиля Морозова скрипкада ойнаса, Үсен Іңкәр «Латыш халық полькасын», Қарасаева Айдана орыс халық әні «Жонда өскен калина» әнін орындады (суретте). «Тараз жұлдыздары» байқауында Томас Джейсонның «Юфория» әнін орындап, 3-орын иегері атанған вокал сыныбының оқушысы Мерейлімнің өнері, қобыз сыныбының оқушысы Жорабекова Аиданың Тәттімбеттің күйі «Сылқылдақты» орындауы көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар, облыстық «Дельфий ойындары» байқауының ІІІ орын жүлдегері Абдрашит Әйгерім, халықаралық «На крылях таланта» байқауының бас жүлдегері Аманов Темірлан сияқты бірқатар талантты оқушылар өнер көрсеттті. Ықыластың күйі «Жезкиік», итальян әні «Жамайка» әндері, Вивальдидің «Концерт соль ланар» шығармасы, итальян тілінде орындалған «Санта- Лючия», Айтқан Жайымовтың шығармасы «Шалқыма» күйлері орындалды. 

Концерт соңында сөз алған №2 балалар саз мектебінің директоры Болат Өмірзақов балалардың өнерін тамашалауға келген барша қонақтарға алғыс білдіріп, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжановқа сөз берді. 

«Таланттың бәрі халықтың арасында. Меркі – құт дарыған мекен. Бұл жерден қаншама халыққа танымал өнер адамдары шыққан. Балалардың өнерін көріп бүгін қуанып отырмыз. Таза, табиғи өнер, музыкалық аспаптар мен дауыстарының үйлесім табуы да керемет. Концерт жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Осындай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп отырған ұжымның еңбегі зор, барша ұстаздарына рахмет», – деді Ілияс Ахметжанов. Бұдан соң, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Мейірхан Өмірбеков, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қыдыралы Бөрібаевтар сөз алып, игі лебіздерін жеткізді. Мейірхан Азатұлы өз сөзінде баланы өнерге баулудың, сахна мәдениетіне үйретудің маңыздылығына ерекше тоқталды. 

Концерт соңында бір топ дарынды шәкірттер құрмет грамоталарымен марапатталды.

Please reload

bottom of page