top of page

Талант тағылымы

Мейіркүл ҚАЛДЫБЕКОВА

18 маусым, 2014

Әдебиетімізге жиырмасыншы жылдардың аяғына таман келген белгілі ақын, журналист, жерлесіміз Рахымбай Құлбаев өзінің аз ғана ғұмырында шын талант иесі екендігін танытқан тұлға.

Қостоған ауылында қарапайым отбасында өмірге келіп, сәби кезінде анасынан, он жасында әкесінен ажыраған жас бала көп қиындық көріп өседі. Чалдовар селосындағы орыс кулактарының қолбаласы бола жүріп,1916 жылғы Меркі қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін, әділетсіздікті, теңсіздікті көзімен көріп өседі. Бай орыстардың есігінде жүріп сауат ашқан ол ес тоқтатқан кезде Тараз қаласына барып оқиды. Кейін елге оралған соң саяси-әлеуметтік жұмыстарға араласа бастайды. Орал облысында, Оңтүстіктегі Созақ ауданындағы Партия кеңес қызметтерінде жүріп қаламын серік еткен талантты жас өлең, фельетон, очерк, әңгімелер жазып, қазақ әдебиетіне өзіндік орнын ала келді. «Рахымбай өлеңдерінің бәрі дерлік – азаматтық пафосқа толы саяси лирика. Оның саяси лирикалары табиғат лирикаларының белгілерімен астасып жатады», – деп жазған еді, белгілі жазушы, профессор, сатира майталманы Темірбек Қожакеев өзінің «Мерейлі Мерке» атты кітабында. 

Алғашқы жырлары «Лениншіл жас» газетінде жарық көрсе, кейіннен «Қазақ әдебиеті», «Правда», «Сталин жазы», («Социальді Қазақстан») сияқты газеттерде жалынды лирикалық, патриоттық жырлары, көлемді мақалалары жарық көреді. 1937 жылы Жазушылар Одағына мүше болып қабылданған соң 1940 жылдың жазына дейін Қазақстан Жазушылар ұйымының Қарағандыдағы тұрақты өкілі болып қызмет атқара жүріп, «Советтік Қарағанды» газетінде өзінің шығармаларымен белгілі болған Рахымбай Құлбаев осы жылдары өзінің туған ауылына оралып Меркі аудандық «Сталин жолы» газетінде бір жарым жылдай редакторлық қызмет атқарады. 

Алғаш «Сталин жолы», кейіннен «Коммунизм туы», бүгінде «Меркі тынысы» атанған аудандық басылымның алғашқы сүрлеуін салуға үлес қосқан талантты қаламгер 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қаламы мен қаруын қоса алып аттанады. Фашистерге қарсы қан майданда жүріп пулеметтен оқ, жүрегінен жалынды жырларын боратып жанындағы жауынгерлерге күш-қайрат беріп жігерлендірсе, елге жолдаған хаттарымен жүректерге жеңіске деген сенім ұялатады. 

1943 жылы майданнан ауылдағы досы Сейітқазыға өлеңмен хат жолдайды. 

Сейітқазыға хат

«Біз жеңеміз оған сөз жоқ,

Бірақ тірі көру арман.

Қан төгіспен жеңіп алған.

Нәтижесін Жеңістің.

Қош болыңдар, ескер мені,

Отан үшін өлді де...» деп жазады жалынды жауынгер ақын. 

Бұл оның соңғы хаты еді. Содан кейін еш хабар болмады. Жерлесіміз, талантты жазушы, журналист, ақын Рахымбай Құлбаев өзінің 38 жылдық ғұмырының 15 жылын шығармашылыққа арнап соңында өшпес өнер қалдырған айбарлы да, асқақ талант. Кезінде қызмет бабымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде саяси қызметтерде жүрген кездерінде ұлты татар Шымкенттің бір қызымен отау құрады, бірақ орталарында бала болмаған (суретте). «Кейініректе жеңгеміздің ауылға келгені еміс-еміс есімде. Ол кезде мен 5-6 жастағы бала едім», – дейді Қостоған ауылындағы бауыры Тұрысбек Нарботаев. 

Бүгінде Қостоған ауылындағы орталық көшеге Құлбаев Рахымбайдың есімі берілген. Бұл әулеттің түтінін бауыры Райымбайдан өрбіген ұрпақтары түтетіп, осындай ел-жұртқа еңбегі сіңген аталарын мақтан тұтып, құрметтеп еске алып, рухына тағзым етеді. 

Биыл жарық көргеніне 80 жыл толып отырған аудандық басылым осындай тарлан-таланттардың біздің ұрпаққа табыстап кеткен аманаты, қалдырған мұрасы. Сондықтан да біз осындай ағалардың ізін басып келе жатқанымызды мақтан тұтамыз. Аудандық газет – аудан халқының айнымас серігі, мұңдасы, сырласы, өмірі, билік пен халық арасындағы алтын көпір. 80 жыл бойы жүрісінен жаңылмаған, небір тұлпарлардың тұсауын кесіп дүбірге салған қарашаңырақта айбынды қаламгер Рахымбай Құлбаевтың есімі мақтанышпен аталады, жас журналистерді жігерлендіріп, өнерге деген құштарлығын арттырып, жол көрсетеді. Өмірі мен өнері мол тағылым береді. Иә, өнер ешқашан өлмейді!

Please reload

bottom of page