top of page

Басты мақсат – халықтың денсаулығы

Нұрбану КАМАЛ

13 маусым, 2014

Жаңа ғасырдағы жаңаша өмір ырғағы, қарбалас тіршілік адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Үнемі асығыс жүру, түрлі жағдайларға байланысты болатын күйзелістер, экологияның нашарлауы, басқа да көптеген факторлар жүйке жүйесіне қаншалық зиян тигізетінін көбіне ескере бермейміз.

Ал, аурулардың барлығы дерлік осы жүйке жүйесінің әлсіреуінен, зақымдануынан болатыны жасырын емес. Мысалы, асқазан, жүрек аурулары, т.б. Күйзелістен, эмоционалдық қысымның күшеюінен болатын жүйке ауруы – невроз ХХІ ғасырдың эпидемиясы деуге болады. Аудандық емхананың невропатолог дәрігері Жасұлан Тілеужанов қазіргі таңда екінің бірінде кездесетін невроздың адамзат денсаулығына әкеліп отырған зияны ХХІ ғасыр дерті аталған «ЖИТС» (СПИД)-тен де күштірек болып отырғанын айтады. 

«Жалпы невропатолог – бүгінгі таңда өте қажет мамандықтардың бірі. Өйткені, барлық аурулар жүйке жүйесінің әлсіреуінен, зақымдануынан басталады. Әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы, басқа да медициналық тексерулердің бәрі осы емханада өтетін болғандықтан бізге келушілер саны тым көп. Соңғы уақытта жүйке жүйесінің әлсіреуінен невроз, неврастения аурулары көбейіп кетті. Және де тікелей жүйке жүйесінің әлсіреуінен емес, басқа аурулардың уақтылы емделмеуінен, дұрыс күтім жасалмауынан да жүйке жүйесінің аурулары пайда болуда», – дейді Жасұлан Тілеужанов. 

Дәрігердің сөзінен ұққанымыз эпилепсия, грыжа, инсульт ең көп тараған ауру түрлері. Ал, невроз – қазіргі заманғы көп адамдарда кездесетін, алдын алмаса, емделмесе, салдары қауіпті болуы мүмкін ауру. Ең өкініштісі, соңғы жылдары бұл аурулар көбейіп қана қоймай, жасарып та бара жатқаны әлемдік деңгейде айтылуда. 

«Мәселен, 35 жастағы келіншек осыдан 3 жыл бұрын, яғни, 32 жасында инсульт алды. Бүгінгі күнге дейін біздің бақылауымызда. Осының өзінен инсульттің ауданымызда да жасарып бара жатқанын байқауға болады», – дейді Жасұлан Тілеужанов. 

Иә, қазіргі таңда елімізде медицина саласын дамыту басты назарда. «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту туралы тапсырманың оң нәтижелері өңірлерде көрініс табуда. Аудандарға дәрі- дәрмектер көптеп бөлінуде. Тараз қаласындағы облыстық, қалалық ауруханалар, жеке меншік медициналық орталықтар бүгінде магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томографиялармен жабдықталған. 18 жасқа дейінгі балалар мен зейнет жасындағыларға, мүгедектерге, көп балалы аналар мен аз қамтылған азаматтарға томографиялық тексерулерге тегін жолдама берілуде. Сондай-ақ, биыл Шу қалалық ауруханасында, былтырғы жылы Тараз қаласындағы №1 қалалық аурухана мен облыстық ауруханада нейро-инсульт бөлімі ашылды. Бұл да инсульт алған науқастарға көп көмегін тигізуде. 

«Грыжа мен басқа да омыртқа ауруларының көптеп анықталуының бір себебі осындай тексерулердің қолжетімді болуымен де байланысты. Баяғы уақыттарда адамдар ауырса да білмей, тексерілмей, емделмей жүре беретін. Қазіргі таңда халықтың денсаулыққа деген жауапкершілігі артып келеді. Десе де, осы орайда айтып өткім келетіні, тұрғындарымыз тек ауырған кезде ғана денсаулықты ойлайтын психологиядан арылса екен деймін. Әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, гигиеналық талаптарды сақтап, зиянды әдеттерден аулақ болса біз сөз етіп отырған аурулар азаяр еді. Әсіресе, осы заманғы күйзеліс, стресс – адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізетін басты фактор. Болмашыға болдырып, уайым-қайғыға, қызбалыққа салынудан, стрестерден аулақ болу, қажет болса, психологиялық мотивацияларды жиі жасап жүру – бүгінгі біздің заманымызда жүйке жүйемізді, денсаулығымызды сақтаудың бір амалы», – дейді невропатолог-дәрігер Жасұлан Тілеужанов.

Please reload

bottom of page