top of page

Олар бейбіт өмірде от кешті

Бейбіт СЕРІКБАЙ

04 ақпан, 2014

1970-1980 жылдары Ауған жерін шарпыған соғыс өрті талай азаматтардың өмірін қиды. Ауған жерін азат ету үшін сол кезде Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстаннан да бірталай жас жауынгерлер аттанды.

Біздің Меркі ауданынан Ауған соғысына 110 адам аттанып, азаматтық борышын өтепті. Дегенмен, соғыс адам өлімінсіз болмайды. Бұл соғыста да меркілік 5 азамат ерлікпен, әскери тапсырманы орындау кезінде жау оғынан мерт болған. Енді міне, 15-ақпан күні Кеңес Одағы әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында Ауған соғысын өз көздерімен көрген олардың жан жарасы әлі жазылған жоқ, мәңгі естерінде. 

Сол соғыста жарақат, контузия алып, жүйке ауруларына шалдыққан 17 меркілік соғыс ардагері бейбіт өмірде жастары 40-50-ге жетпей қайтыс болыпты. Яғни, бұл соғыстың зардаптарын Ауған соғысы ардагерлері әлі сезінуде. Осы орайда соғыс ардагерлерінің денсаулығын жақсартып, емделулеріне және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетуде жеңілдіктер алуына мемлекет тарапынан көп қолдаулар көрсетілуде. «Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ш.Абылқасымов жылда 10-ға жуық Ауған соғысы ардагерлеріне шипажайларға жолдамалар алып беріп, денсаулықтарымызды түзеуге көп септігін тигізуде», – дейді «Меркі аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ошақбаев. Бұл қоғамдық бірлестік республикадағы аудандар арасында бірінші болып Ауған соғысында қайтыс болған меркілік жауынгерлерге арналған ескерткішті және оның жанына БТР әскери көлігін қойғызыпты. 

Өткен жылы ауданымызға іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халық қаһарманы» Б.Ертаев осы ескерткішке салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойып, соғыста мерт болған жауынгерлер рухына тағзым етті. Сол кезде аудан әкімі Б.Көпбосынов: «Ауған соғысы ардагерлеріне «Үміт» сарайында орналасқан «ТУ-74» ұшағын кеңсе және мұражай ретінде пайдалануға рұқсат бердік», – деген болатын. 

«Биыл қаржы жағы қарастырылса, ішін жөндеуден өткізіп, жаңа қонысқа көшпекпіз. Ондағы мақсатымыз – аудан жастарымен кездесу, «дөңгелек үстел» отырыстары сияқты іс-шараларды ұйымдастырып, өскелең ұрпақтың патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін арттыру», – дейді аталған қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары М.Зарипов. 

Бүгінгі таңда Меркі ауданы бойынша 76 Ауған соғысының ардагері тіркелген. Барлық ардагерлер әртүрлі дәрежедегі орден, медальдармен марапатталған. ҚР Қарулы Күштеріне 20 жыл толуына орай тағайындалған медальмен 13 ардагер марапатталған.

Бүгінде ауданымыздың белді азаматы, заңгер М.Байдаулетов Ауған соғысына 1979-1980 жылдары қатысыпты. Ауған соғысына Қазақстаннан қатысқандардың алдыңғы қатарында болыпты. Оған дейін Семейде жоғары оқу орнында оқып жүріп Чехословакияға әскер қатарына алынып, 1 жыл қызмет еткен соң, Ауғанстанға аттанған ол соғыс жағдайына қарай құрылған таулы десант мотоатқыштар арнайы батальонында болған. Ол Кундуз қыстағында атқарылған 28 әскери операцияға қатысыпты. Бүгінде үлгілі отбасы иесі, заңгер М.Байдаулетовтің тек сол соғыстың зардабынан ІІ топтағы мүгедектік алғаны көңілін жабырқатады. Сол соғыстан М.Байдаулетов «За отвагу» медалін омырауына тағып, туған жеріне аман-есен оралып, отбасын қуанышқа бөлеген. 

Ал, Ауған соғысында парашютпен 50 әскери секіріс жасаған Б.Ошақбаев арнайы Мемлекеттік барлау басқармасының (ГРУ) арнайы барлау жасағында 1980-1982 жылдары әскери қызметін өтеді. Арнайы «Мұсылман ботальонында» батальон командирі Борис Түкенұлы Керимбаевтың қол астында Солтүстік Ауғанстанның Мазари Шариф, Герат, Ескі, Жаңа Жарқұдық қалалары мен Пандшер шатқалын жау қолынан азат етуге қатысқан Бауыржан көптеген медальдармен марапатталған, оның ішінде Қазақстан Республикасы Н.Ә.Назарбаев тағайындаған «Ерлігі үшін» медалі де бар. 

Ал, меркілік кәсіпкер «Меркі Дезинфекция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы М.Зарипов болса, Қарағандыда студент кезінде 1983 жылы Ашхабад облысындағы Теджен қаласында 6 ай танкі батальонында оқу-жаттығудан өтіп, Ауған соғысына аттанған. Кабул қаласында орналасқан инженерлік-саперлік ротасында мина жоятын әскери техниканың механик-жүргізуші болып қызмет атқарған. 2 жылда моджахедтер жер астына тығып, іске қосқан мыңға жуық миналардың көзін жойған. 

Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін Мұхитдин Зарипов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

Ауған жерінен Кеңес Одағы әскерлерінің шығарылғанына 15-ақпанда 25 жыл толатын мерейтойларына көптеген спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтқан Ауған соғысының ардагерлері: «14-ақпанда бокс, күрес, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен жарыстар өтеді. 15-күні салтанатты жиын болып, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылады. Соңынан Ауған соғысында қайтыс болған меркілік сарбаздардың рухына бағышталып құран оқылып, ас беріледі», – деп ауған соғысына қатысушы батырлардың ерлігі ел есінде екенін, оларға әрқашанда тағзым көрсетілетінін айтты.

Please reload

bottom of page