top of page

102 жастағы ананы құттықтады

Нұрбану КАМАЛ

12 наурыз, 2014

Көктемнің жарқын мерекесі – Аналар мейрамы тұсында ғасырдан ұзақ ғұмыр кешкен ардақты ана Уазиқа Арықбаева құрмет пен сыйға бөленді.

102 жасқа келіп, ұл- қыздары, келіндері мен немере- шөберелерінің аялы алақанында жас ұрпақтың тілеуін тілеп отырған ақ жаулықты ананың шаңырағына арнайы келген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов пен Меркі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ербол Байболсынов қарт ананы мерекемен құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын тарту етті. 

Аудан басшылары келіп құттықтайды дегенді естіген Уазиқа ана таңсәріден тұрып дайындалып, қазақы қонақжайлылықпен ақ дастархан дайындап та қойыпты. Дастархан басында қонақтар қарт анадан ғасырдан ұзақ ғұмырында өмірден түйгендері, жаратқанның сыйына бөленіп, 102 жасқа келсе де, мол күш-қуатқа ие болуының себептерін сұрап, сұхбат құрды. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дейтін халық даналығын басшылыққа алып, сый-құрмет танытқан аудан басшыларына ризашылығын білдірген кейуана өткен ғасырда халқымыз көрген қиын-қыстау күндерден сыр шертер әңгіменің тиегін ағытты. 

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың басына туған зобалаңның қай-қайсысы да Уазиқа анамыздың өмірін айналып өтпепті. Алғашында әкесі, атақты Бектен болыстың інісі – Нысанбай конфискацияланып, жер аударылған.

«Ол кезде мен 14-15 жаста едім. Содан Орал, Ақтөбеде тұрып, 1932 жылы елге оралғанда мұнда жаппай ашаршылық

орнаған екен. Кейіннен Өзбекстан, Тәжікстан жақтарға да кетіп, 1938 жылы көрші Құланға келіп Төлепбек аталарыңмен

отау құрдық. Енді еңсемізді тіктей бастадық па дегенде соғыс басталып, аталарың ел қорғауға аттанды...

Көргенімнің қайсы бірін айтайын, ол ең бір қиын замандар еді. Бүгінгі күн үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Біз көрген қиындықты жас ұрпақ көрмесін, еліміздің, халқымыздың бүгінгі бағы басынан таймасын», – деп сөзінің соңын ақ батамен жалғады абзал ана.

Өз кезегінде Бақтияр Бейсембайұлы мен Ілияс Бекпошаұлы ақ жаулықты анаға мерекелік лебіздерін білдірді.

"Сіздей асыл жандардың ақ батасы – біз үшін баға жетпес қазына. Әрдайым осылай үлгі-өнегеңізді айтып, ауырмай-сырқамай отырсаңыз, балаларыңыз бен немерелеріңіз үшін, біз үшін де үлкен қуаныш – сол. Мерекеңіз құтты болсын!" – деді аудан әкімі.

Please reload

bottom of page