
Тәртіп сақшылары есеп берді
Бейбіт СЕРІКБАЙ
19 наурыз, 2014
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы құқық қорғау саласына реформалар енгізу туралы тапсырмасы бойынша, ҚР Ішкі Істер Министрлігі әр деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларына жергілікті жердегі тұрғындармен есепті жиын өткізуді міндеттеді. Соның бірі – біздің ауданымызда өткен аптаның жұмасы күні Савва атындағы мектеп-интернатының акт залында аудандық ішкі істер бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындарымен өткен басқосуға Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сапиев, Меркі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов, АІІБ-і басшысының орынбасары Қайрат Ахметов қатысты.
Бірінші сөз кезегін алған АІІБ-нің басшысы М.Ережепов Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындарына осындай кездесулер ауданымыздың әр ауылдық округінде өтіп жатқандығын жеткізді. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар аясында құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауы үшін бүгінгідей кездесулер жиі ұйымдастырылуда. «Бұл басқосуды ресми түрде емес, сұхбат ретінде өткізейік. Осы округте ішкі істер органдарына қарасты туындаған мәселелер болса ойларыңызды ашық айтыңыздар. Сарымолдаев ауылдық округінің учаскелік инспекторы А.Майнаусов та отыр. Оның да жұмысына байланысты ұсыныс-пікірлеріңізді, округтегі қылмыстың жағдайы жайында айтатындарыңыз болса іркілмеңіздер. Әрине, қай жұмыста болсын проблемасыз болмайды. Дегенмен қолдан келгенінше шешіп беруге тырысамыз. Соңғы кездері ауданда латентті, яғни, сіз бен біз көп елемейтін қылмыстар көбеюде. Өзіміз де кейде жайбасарлыққа салып, көршіміздің мүлкіне қол сұққан ұрыларды көрсек те тиісті органға хабарлауға қорқып, кейде оған көз жұма қараудамыз. "Біріге көтерген жүк жеңіл", – демекші ынтымақтаса жұмыс жасасақ қылмыскерді құрықтау оңайға түседі», – деп ауыл тұрғындарын ашық әңгімеге шақырды.
Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының айтуынша, ауданымызда орын алған қылмыстардың ашылуы 20-25 пайызды құрап отыр. Мұндай жағдайда әрине, көрсеткіш неге төмен деген заңды сауал туындайды. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларына қойылып отырған жаңа талаптар бойынша, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тұрғындар тарапынан жазылған құқық бұзушылықтарға қатысты арыздардың барлығын түгелдей тіркеуде. Бұрындары тіркеуге жатпайтын ұсақ-түйек заңбұзушылықтар да болатын. Ал, қазір олар жоқ. Қазір кез келген қылмыс ішкі істер органдарында тіркеліп, міндетті түрде оған қатысты шара қолданылады. «Айталық біреудің ұялы телефоны жоғалды, тіпті, аулада жүрген күшігіңіз жоғалып кетсе де бұл іс ресми түрде тіркеліп, есепке алынады. Сонымен қатар, ауданымызда 80 мыңнан астам халық тұрса, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтайтын 130-ға тарта ғана полиция қызметкерлері жұмыс істейді», – деді М.Ережепов.
Басқосуда өздерінің тәртіп сақшыларына деген өкпе-наздарын тұрғындар да жеткізді. Сарымолдаев ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Т.Сраилов автокөлік жолдарының тозғандығын айтты және осы мәселеге мүмкіндігінше жедел шара қолдануды сұрады. Дегенмен, ол аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына оң бағасын берді, «Осы ауылдағы №9 орта мектеп жанында әрдайым учаскелік полиция қызметкерлері тұрып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Ол жер өте қауіпті. Мектеп оқушылары әсіресе қыста үйлеріне күн қараңғылана бастағанда қайтады. Жолдан өтуге қорқып, көбісі жол бойында тұрып қалады. Осыны ескеріп полиция қызметкерлері кезекшілікке тұрып балаларға көмекке келетіндігіне алғысымды айтамын», – деді ауыл тұрғыны.
Екпінділік М.Жұмағұл да ішкі істер бөлімінің жұмысы көзге көрініп тұрғандығын айтты. "Теледидардан күнде көреміз, басқа аудандарда үйір-үйірімен малды айдап кетуде. Бізде тыныш, малымыз күндіз өрісте, түнде қорамызда. Мал басы аман, ұрлық жоқ", – деп полиция қызметкерлерінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ауылдағы автокөлік жолына 2 бағдаршам қойылғандығына ризашылықтарын білдіріп, енді Ахтамбердиев көшесінің қиылысына да қойылса деген ұсыныстарын және қаңғыбас иттердің көбейіп кеткендігі мен кейбір тұрғындардың түнде көше ішіне күл-қоқыс тастап кететіндігін айтып, осы мәселелер де назардан тыс қалмаса деген тілектерін жеткізді.
Сарымолдаев ауылдық округі тұрғындарының сауалдарына жауап берген АІІБ-нің басшысы М.Ережепов барлық мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін еместігін айтты. «Жол мәселесі барлық аудан деңгейінде өтіп жатқан жиындарда көтерілуде. Бұл орталық жол республикалық маңыздағы жол болғандықтан облыс, аудандық бюджеттен ақша бөлу мүмкін болмай тұр. Дегенмен жобалық сметалық құжаты жасалған, көп ұзамай жөнделеді. АІІБ-не жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жұмыстарды жүргізу үшін 20 млн. теңге аудандық бюджеттен бөлінді. Аудан әкімі Б.Көпбосыновтың қолдауымен автокөліктер қозғалысы жиі болатын орталық көшелерде 6 бағдаршам қоюды қолға алайық деп отырмыз, сондай-ақ, қызметкерлерімізге 2 тұрғын үй және АІІБ-не 3 арнайы көлік алу, АІІБ-нің жанынан жедел басқару орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қаңғыбас иттер мәселесі біздің құзырымызда емес, бұл жұмыс тендерді ұтып алған кәсіпкер аңшы азаматтың үлесінде. Күл-қоқыс мәселесі барлық жерде өзекті болып келеді. Қаншама рет күл-қоқысты тиісті жерге тастаңдар деп ескертсек те қоймай келеді. Біз жағынан көмек сол, осындай фактілерді көрсеңіздер хабарласыңыздар. Ары қарай әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, айыппұл салып жаза қолданамыз. Бұл бағытта учаскелік полиция инспекторлары да қарап жатпайды, жұмыс жүргізуде», – деп жиынды қорытындылады.
Сондай-ақ, егер де қандай да құқықбұзушылық қылмыстың орын алуы туралы қайырылсаңыздар әрдайым есік ашық екенін, барлығы заң жүзінде шешіліп, көмек көрсетілетіндігі айтылды. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының кездесуге келіп, ауылдық округтегі қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосқандықтары үшін алғыстарын білдірді.


