top of page

Тәрбие алды – тазалық

Бейбіт СЕРІКБАЙ

18 сәуір, 2014

Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшайлығы ауданымызда басталғалы 2 айға жуықтады. Көктем – тазалықты ретке келтіру жұмыстарын ширата түсетін мезгіл. Жарты айдан кейін 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі де келіп жетпек. Сондықтан аудан тазалығы мен көркін мамыр айында мерекеленетін айтулы даталарға сай жөнге келтіру ләзім.

Әрине, барлық ауылдық округтерде санитарлық тазалық үшайлығына тұрғындар біркісідей атсалысуда. Дегенмен кейбір округтерде «көзбояушылыққа» бет бұрып орталық халық көп жүретін жерлер, көше бойлары тазартылып, қуыстағы көшелерде күл-қоқыс үйінділері әлі де кездесуде. Бұған аудан әкімдігінің №156 қаулысына сәйкес көктемгі абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша ауылдық округтерде 9.04.2014 жылғы №7/16-194 санды шығыс хатымен күл-қоқыс үйінділері анықталған нысандарды рекультивация жасап, санитарлық талаптарға сай ету үшін ауылдық округ әкімдеріне берілген ескерту және аудан әкімдігінің 7.04.2014 жылғы кезекті мәжілісінде берілген тапсырмаға сәйкес, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы А.Әсілбайұлы, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының жетекші маманы Р.Шауменқұлов және осы мақала авторы ауылдық округтерді аралап жоғарыда айтылған ескертулердің қаншалықты орындалғанын анықтау мақсатында ауданның бірқатар аймақтарын бақылап қайттық. Сондағы анықтағанымыз: 

Меркі ауылдық округінде ескерту берілгеннен кейін орталық аурухананың арты, «Лесбек» дәріханасының артындағы арықтың жағасы, Б.Оспаналы көшесінің кіре берісі рекультивация жасалынып тазаланған, бірақ Дорбабаев көшесінің бойындағы су мұнарасының айналасы, Сабир Амурханов көшесінің бойындағы екі қабатты үйлердің алды сол бұрынғы лас қалпында жатыр. 

Жамбыл ауылдық округінде Жауғаш батыр көшесінің жаңа құрылыс жүріп жатқан үйлердің батыс жағы, жолдың бойы, О.Үмбетов көшесінің басы, Смағұлов көшесімен Ы.Алтынсарин көшесінің қиылысындағы сайдағы күл-қоқыс орны рекультивация жасалынған, алайда әлі де тұрмыстық қатты қалдықтар, т.б. қоқыстар бар. 

Сарымолдаев ауылдық округінде Кубанская көшесінің аяғы темір жол бойының жағасы, осы көшенің бойындағы бейіттердің айналасы, Мұстафина көшесінің аяғы, Савва атындағы орта мектебінің артындағы қара ағаш қалдықтарының үйінділері толығымен рекультивация жасалынған, күл-қоқыстары толығымен жойылып, санитарлық жағдайлары ретке келтірілген. 

Ойтал ауылдық округінде ауыл ішіндегі саябақтың жанындағы су ағатын арықтың батыс жағы, Крылова көшесінің батыс жағында тұрмыстық қалдықтар орны сол бойы тазаланбаған, 9-сәуірде берілген ескертуге мән берілмеген, өзгеріссіз, алайда №48 орта мектептің артындағы жабайы күл-қоқыс алаңы ретке келтіріліпті. 

Ақарал ауылдық округінде Сыпатай ауылы, Центральная көшесінің аяғы, Қыздарбеков көшесі бойындағы бұрынғы каналдың бойы, бұл нысандар толығымен рекультивация жасалынған, санитарлық жағдайы ретке келтірілген. 

Жаңатоған ауылдық округіндегі Қостоған ауылы Жамбыл көшесінің басындағы стихиялық күл-қоқыс орны толығымен жойылған. 

Сұрат ауылдық округінде М.Мәметова көшесінің аяғы және ауылдағы балабақша артындағы кездейсоқ күл-қоқыс орындары толығымен жойылған. 

Андас батыр ауылдық округінде, Гранитогор ауылына баратын жолдың батыс жағы, «Дидо» жанармай құю станциясының артындағы стихиялық күл-қоқыс орны, Қызылқыстақ ауылы орталық жолдың шығыс жағында анықталған күл-қоқыс орны сол қалпында өзгеріссіз жатыр. 

Кеңес ауылдық округінде Көксалов көшесінің шығыс жағы жабайы күл-қоқыс алаңына айналған, қазіргі таңға өзгеріссіз, ал ауылдық әкімшілік пен Қазпошта ғимаратының алды тазартылған. 

Аспара ауылдық округінде Октябрьская көшесінің батыс жағы күл-қоқыстан тазартылған, алайда қатты тұрмыстық қалдықтардың көздерін жою қажет етіп тұр. 

Ақермен ауылдық округінде Мұхамеджанов көшесінің бойы, Сыпатай батыр көшесінің батыс жағы тазаланып ретке келтірілген, бірақ Сыпатай батыр көшесі бойында жатқан құрылыс материалдарының қалдықтарын жою жұмыстары жүргізілуде. 

Тәтті ауылдық округінде орталық жолдың бойындағы МАИ бекетінің жанындағы қоршаудың іші, Қойлыбай көшесінің аяғы, А.Асқаров көшесінің бойы толығымен тазартылып, ретке келтіріліпті. 

Жоғарыда аталған анықтау жұмыстарының қорытындысы бойынша көктемгі абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жағдайын жақсы сақтап, толық жұмыс атқарған Ақтоған және Сарымолдаев, Сұрат ауылдық округтері болып табылды. Ал тазалық жұмыстарын әлі де ширата түсу, аудан көркін көркейтуге үлес қосу әрбір меркіліктің азаматтық парызы десек артық болмас. 

Please reload

bottom of page