top of page

Елім деп келген оралман – өз бауырымыз

Бақтыбай АБАЙ

25 сәуір, 2014

Өткен сәрсенбіде Сыпатай ауылында облыстық «Жастар тілегі» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен сырттан келген қандастарымызға тиісті жағдай туғызып, құқықтарын қорғауға қатысты ұйым-мекемелер өкілдерінің қатысуымен «Этникалық қазақтарды қазақстандық қоғамға интеграциялау» деген тақырыпта оралмандармен кездесу өтті.

Оны кіріспе сөзбен ашқан «Жастар тілегі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастанұлы бұл сапарларының мақсатымен таныстырып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекші маманы Жасұлан Бердібеков елім деп келген бауырларымызды жанашырлықпен қарсы алып, қамқор болудың маңызына, тудырылып жатқан жағдайларға тоқталды. 

– Соғыс жылдары қуғынға ұшырап, ұлтшылдықтың кесірінен 6 млн. еврей өлген екен, – деді ол, – Ал бейбіт күннің өзінде соғысқа дейін солақай саясаттың құрбаны болып 3 млн-нан астам қазақ қырылды. Қаншасы жан сауғалап шетел асып кетті. Қазақстан тәуелсіздік алған соң олардың біразы тарихи Отандарына бет түзеді. Қазіргі күнге дейін 1 млн-нан астам қандастарымыз көшіп келді. Бұлардың 90 мыңнан астамы біздің облыста мекендеп жатыр. 

Соңғы күндерде теледидардан хабарланғандай, оралмандарға қамқорлық күшейе түсуде. Бұрын оларды бөлінген жеті облыс қана қабылдайтын. Енді сырттан оралғандар еліміздің барлық облыстарына қоныстана алады. 

Қазақстанның төлқұжатын алу үшін басында 2 одан соң 4 жыл мезгіл керек еді. Енді ол 1 жыл болып белгіленбек. Ал, арнайы бөлінген жеті облыста қосымша әлеуметтік көмек, жәрдем көрсетіледі. Мәселен 5 жылға жалға баспана беріледі. Жал мерзімі біткен соң оны ақысын төлеп жекешелендіруге болады. 

Ж.Бердібеков пен И.Дастанұлы оралмандарға әлеуметтік көмек қалай берілетіндігі, кәсіптік біліктілікті көтеру, қалай жер алып, қосалқы шаруашылықты жүргізуге болатындығы, т.б. жайлы кеңірек түсінік берді. 

№16 орта мектептің акт залында өткен басқосуда осы Ақарал, Сұрат ауылдық округтерінде тұрып жатқан оралмандар толғантып келген сауалдарын қойып, жауаптарын алды. 

2006 жылы Қытайдан көшіп келген Қатира Қалидолланың баласы, міне, екі айдан соң орта мектепті бітіреді. Бірақ әлі күнге Қазақстаннан алған ешбір құжаты жоқ. Өйткені Қытайда 6-16 жас аралығындағыларды Қазақстанға жібермейді. (Қанша қандастарымыз осындай тәртіптің зардабынан біз жаққа орала алмай жүр десеңізші...)

Баланы тастап кете алмайтындықтан Қатира баласын 6-ға толмаған деп жаздырып бері көшкен. Енді ата-бабасының тарихи Отанына оралған балаға жеті жыл бойы тууы туралы куәлік, енді төлқұжат ала алмай жүр. Ата-анасы ауданда, облыста құзырлы органдарға, сот орындарына әлденеше рет қайырылған, нәтиже болмай тұр. 

Оралман Жансерік Қадірбек осындай себептермен тағы да басқа жастар мектепті бітіріп қойса да еш жаққа, тіпті көшеге де шыға алмай отырғандығын ашына айтты. Полиция тексеріп, қадам бастырмайтындықтан «үйкүшік» болуға тура келіп тұр. 

Сұраттық қандасымыз Қалымбай Өмбай: 

– 8 жыл болды құжатымды жөндей алмай жүргеніме. Соның салдарынан ешбір несие ала алмай жүрмін, – деді. 

Сырт елден іш тартып жеткен бауырларымыздың тағдырына немқұрайлы қарамай, «қытай», «қарақалпақ» деп бөтенсімей, мүмкіндігінше жағдай туғызуға бәріміздің атсалысуымыз парыз. Өйткені бәріміз тарихтың талқысымен «мың өліп, мың тірілген» бір ұлт – бір қазақтың ұрпағымыз ғой. 

Облыстан келген қонақтар, сондай-ақ кездесуде бірге болған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлмира Солтанбаева, Ақарал ауылдық округінің жастар орталығының бас маманы Батырхан Бақытжанұлы сөз болып отырған мәселеге байланысты сауалдарға жауап беріп, өз пікірлерін жеткізді. Нақты ұсыныстарын айтып, шешілмеген түйткілдерді облыстағы тиісті орындарға жеткізіп, байланыста болатындықтарын білдірді.

Please reload

bottom of page