top of page

Ел есінде мәңгі сақталады

Нұрбану КАМАЛ

14 мамыр, 2014

Жеңіс күні – әрбіріміз үшін қастерлі мереке. Осыдан 69 жыл бұрын жауынгерлеріміз Рейхстагта Жеңіс Туын желбіреткенде қуаныштан көздеріне жас алған халық арада қанша жыл өтсе де осы бір күнді қадірлеп, қуанышпен қарсы алып келеді. Иә, жүректерге қуаныш пен мұңды қатар сыйлайтын бұл мейрамның біз үшін қашан да орны ерекше. Өйткені, бұл күн 1418 тәулікке созылған азап пен сұрапылдың аяқталған күні, тарихи әділдік орнап, Отан үшін жан берген жауынгерлердің ерліктері ақталған күн...

Сондықтан да болар, 9-мамыр күні Жеңіс тойын тойлауға асыққан меркіліктер орталық алаңға ағылды. Алдымен салтанатты шерумен жүріп өткен аудан басшылары, мекеме қызметкерлері, т.б. «Даңқ» қорғанына гүл шоқтарын қойып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер мен өмірден озған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Осыдан соң орталық алаңда Жеңіс күніне арналған салтанатты шара басталып, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ардагерлерді, барша меркіліктерді Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтады. 

«Бұл мереке батырлық пен ерліктің, қаһармандықтың символы. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Сұрапыл соғыстағы аға буынның жан аямас жаужүректігі, ерен еңбегі, туған жеріне патриоттық ыстық ықыласы келешек ұрпақ санасында жаңғырып тұрары даусыз. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасіретті соғыс болса, Ұлы Жеңіс – ұлы ерлікті мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Ардагер ағаларымыз тек майданда ғана емес, тылда да жұмыс істеді. Ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіріп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. 

Қадірменді Ұлы Отан соғысы ардагерлері! Сіздер өмірлеріңізді қауіп-қатерге тіге отырып, кейінгі ұрпақтың бақытты да бейбіт, тыныш өмір сүруіне мол мүмкіндік сыйладыңыздар. Фашизмге қарсы соғыста қол жеткен жеңіс өте қымбатқа түсті. Мұны бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Сіздердің бұл жеңістеріңіз біздер үшін биік адамгершілік рухтың өлшемі, бостандықсүйгіштіктің, Отанға деген адалдықтың белгісі деп түсінеміз», – деді аудан әкімі. Сондай-ақ, ол келесі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ауданымыздағы барлық ескерткіштердің жаңартылатынын жеткізді. 

Бұдан соң ауданымыздағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, ауданымыздың құрметті азаматы Қамбар Иманалиев сөз алып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, аудан тұрғындарын, тыл, еңбек ардагерлерін, ауған соғысының, Чернобыль апатының қатысушыларын Жеңіс күнімен ауданның соғыс және еңбек ардагерлері атынан құттықтады. 

«Бүгінгі мереке – ерекше, теңдесі жоқ мейрам. Өйткені, елімізге тұтқиылдан неміс фашистері шабуылдаған уақытта, бүкіл Совет өкіметінің барлық халықтары жаудан елін, жерін, Отанын қорғауға жаппай қатысты. Солармен бірге біздің Меркі ауданынан 12 мыңнан аса жас жауынгерлер аттанып, 1945 жылы соның 8 мыңы елге аман-есен, жеңіспен оралды. 2000 жылы ауданымызда 400 ардагер бар еді, ал биылғы 2014 жылы сол соғыс ардагерлерінен бар болғаны 21 адам қалды. Ол кісілер біздің шежіреміз. Соғыс ардагерлерін қамқорлыққа алу, олардың жағдайын жасау, естеліктерін тыңдау, соғыс жылдарындағы ерліктерін, патриоттық іс-әрекеттерін келешек ұрпаққа үлгі ету, насихаттау – біздің азаматтық парызымыз. Мен ардагерлер кеңесі атынан аудан тұрғындарынан барша соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, барынша көңіл бөлулеріңізді сұранамын. Бұл – әрбір мекеме басшылары, әрбір кәсіпкер, әрбір мектеп ұжымдарының міндеті. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық танытайық, құрмет көрсетейік! Өйткені, олар бұл құрметке әбден лайық», – деді Қамбар Иманалиев. Бұдан соң аудан әкімдігінің қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Көпбосын Нұрдинов те аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, игі лебізін жеткізді. 

Жеңіс күніне арналған салтанатты шара ауданымыздың көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасын тапты. Ұлы Жеңіс пен бейбітшілікті, қазақ жауынгерлерінің ерліктерін дәріптейтін, асқақ рух сыйлайтын әндер, күмбірлеген күй мен мың бұралған бишілердің өнерлері мерекенің сәнін келтірді. Шара соңында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен өзге де қонақтар солдат ботқасынан дәм татып, соғыс жылдарын еске алды.

Please reload

bottom of page