
Ауданның абзал азаматына мемориалды тақта қойылды
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
14 мамыр, 2014
Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудандық әскери комиссариат ғимаратынан Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР-нің әскери комиссарының бірінші орынбасары, полковник Әлім Мұхамеджанұлы Мұхамеджановқа арналып, мемориалды тақта орнатылды.
Аталмыш шара Жеңіс мерекесі қарсаңында ерлікті дәріптеген айтулы оқиға болды деуге болады. Ә.М.Мұхамеджанов 1922 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туылған. Ал, 1952-1960 жылдары Меркі ауданының әскери комиссары қызметін атқарған. Ауданда қызмет еткен жылдары Меркі өңірінің өсіп-өркендеуіне, дамуына өзіндік үлесін қосып, көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болған. Бұл игі істер туралы мемориалды тақтаның ашылу рәсімінде осы шараға жиналған, бір кездері асыл азаматпен бірге қызметтес болған, марқұмның көзін көрген әріптестері мен жолдастары айтып берді.
Жиында Ә.Мұхамеджановтың атқарған еңбектеріне қысқаша тоқталған аудан әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбековтың сөзінше, Кеңес одағы тұсындағы білікті маман-кадрларға қойылатын ерекше қатаң талаптардың үдесінен шыға білген Ә.Мұхамеджанұлы сол кездегі Қазақ ССР-нің әскери комиссарының бірінші орынбасары қызметіне дейін жоғарылаған азамат. «Әскери комиссариат қызметін ғылыммен ұштастыра білген және соның арқасында тарих ғылымының кандидаты атанған азаматтың атқарған істері кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық. Сол себептен де біз бүгінгідей игі іс- шараның куәсі болып отырмыз», – деді аудан әкімінің орынбасары. Өз сөзінен соң Т.Рысқұлбеков аудандық әскери комиссариаттың бірқатар қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Салтанатты шарада Ә.Мұхамеджановтың ауданда атқарған істері жөнінде аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов та баяндады. «Бүгінгі шара «Ер есімі, ел есінде» деген қазақтың аталы сөзінің негізінде жүзеге асып жатыр. Ә.Мұхамеджанұлы туралы естеліктерді біз де көп естідік. Содан білетініміз 18 жасында соғысқа аттанған жап-жас жігіт өзінің Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып, ел болашағы жолындағы жарқын істерін соғыстан кейін де сәтті жалғастырған. Сөйтіп, басшы ретінде өзіне тапсырылған аймақтың соғыстан соң жедел гүлденіп, жергілікті халықтың өмірінің жаңаша, бейбіт өмірге сай қалыптасуына зор үлес қосқан. Сөйтіп, ол аудан өмірінде өшпес із қалдырған азамат», – деді мәслихат хатшысы.
«Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Меркі аудандық филиалының төрағасы Қамбарбек Иманалиев «Ә.Мұхамеджанов Меркі аудандық комиссариатын басқарып, өзінің үлкен іскерлігімен, өз мүддесінен гөрі елдің мүддесін жоғары қоя білетін адалдығымен танылған абзал азамат. Ол көзі тірісінде Отанының шын жанашыры бола алатын, өзі сияқты үлкен азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол ұрпақтарының барлығы Қазақстанның түрлі салаларында белді қызметтерде, ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Қалай алғанда да Ә.Мұхамеджанұлының жүріп өткен жолы, артында қалдырған істері қалың көпшілікті елдікке шақыратын, Отан, туған жер деген ұғымдардың қаншалықты қасиетті екендігін паш ететін тәрбиелі жол. Осыларды ескере отырып, ауданның ардагерлері мен аудан басшылығы болып, Ә.Мұхамеджанұлын еске алатын ескерткіш тақта ашу қажет деген тоқтамға келген болатынбыз. Бүгін біз осы айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елінің, Отанының жолында еңбек еткен есіл ерлеріміздің еңбектері қашанда халық жадында болады», – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жиында сондай-ақ, Ә. Мұхамеджанұлының ұрпақтары мен туыстары, оның көзін көрген азаматтар ізгі тілектерін жеткізді. Мемориалды тақтаның ашылу рәсімін Меркі ауданы әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбеков, аудандық мәслихат хатшысы І.Ахметжанов және Ә.Мұхамеджановтың ұлы Ержан Мұхамеджанов ашты. Мемориалды тақта аудандық әскери комиссариат ғимаратының кіреберісінің сол жақ беткейіндегі қабырғаға ілінген. Ескерткішті №17 Трубицын атындағы орта мектеп өкілдері қамқорлығына алды. Шара барысында тақтаға гүл қойылып, қалың көпшілік Ә.Мұхамеджановты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемориалды тақтаның ашылу рәсімінен соң «Алматы» мейрамханасында Ә.Мұхамеджановқа арналып құран оқытылып, дастархан жайылды. Бұл шараны Ә.Мұхамеджановтың туыстарының бірі Меркі тұрғыны – Қалдығұл Тұрсынбаев ұйымдастырды. Дастархан басында да ауданның мақтаулы азаматының өмір жолы туралы естелік әңгімелер айтылып, қариялар оның өмір жолы жөніндегі көпшілікке беймәлім көптеген деректерден хабардар етті.


