
Ардагерлерге құрмет көрсетілді
Нұрбану КАМАЛ
14 мамыр, 2014
Сұрапыл жылдарда кеуделерін оққа тосып, ел қорғаған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету алдымен адамгершілік парыз. Сонымен қатар, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде ҰОС ардагерлерімен кездесулер өткізіп, олардың ерліктерін паш етудің маңызы зор. Меркі аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігі өзінің негізгі қызметі – білім алушыларға жол ережелерін, көлік жүргізуді үйретумен бірге, жастарды отансүйгіштікке баулуға да елеулі үлес қосып келеді.
Жеңіс күні қарсаңында осы мекемеде өткен кездесуде Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Спан Қаныбетов, Василий Банновтар мектеп оқушылары мен өзге де қонақтарға адамзат тарихындағы орны толмас қасірет – ІІ дүниежүзілік соғыс туралы әңгімеледі.
Еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалған соң, соғыста қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алған қонақтарды «Отан» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Қалдыкүл Абдрахманова құттықтап ізгі лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Меркі аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дулат Шораевтың басшылығымен мекемеде осындай игілікті шаралардың жиі өткізілетінін атап өтіп, алғыс білдірді.
«Ұлы Отан соғысы ардагерлері жыл өткен сайын арамыздан алыстап, бірте-бірте азайып барады. Қазіргі таңда ауданымызда 21 Ұлы Отан соғысы ардагерлері бар. Соғыс халқымыздың басына небір қиын күндерді салды. Сол бір алмағайып заманда қазақ халқы нағыз батыр халық екенін көрсете білді. Соның ішінде ешбір мұсылман халықтарында болмаған жәйт – қыз баланың батыр атануы біздің ұлттың ержүрек халық екенінің дәлелі. Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздарының ерлігі бүгін жас ұрпаққа үлгі», – деді кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков.
Спан Қаныбетов – соғыста небір шайқастарға түсіп, қан майданның ортасында болған нағыз жауынгер. Ол 1942 жылы 20 жасында майданға аттанып, Сталинград бағытындағы 3-Украин майданында шайқасқа түседі. 266 атқыштар дивизиясы 96 полкінде Запарожье, Днепродзержинск, Днепропетровск, Донбасс, Сталино, Ворошилов, Николаев, Артемск қалалары мен елді-мекендерін азат етуге қатысқан қазақ жауынгері Спан Қаныбетов Одесса қаласындағы бір шайқаста ауыр жарақат алады. Одессадағы госпитальде 2 ай, Днепродзержинскте 4 ай емделіп, 1944 жылғы қыркүйекте елге оралады. Елге оралған соң Киров колхозында еңбек етіп, кейіннен қызылша, жүзім совхоздарында бригадир болып, ауыл шаруашылығы саласына еңбек сіңірген. Еңбектері еленіп, медаль, ордендермен марапатталған соғыс ардагері бүгінде 14 немеренің, 30 шөберенің атасы.
Кездесуде соғыс ардагері Спан Қаныбетов жастарға өзінің ерлікпен, еңбекпен өткен өмірі туралы әңгімелеп, игі тілегін айтты.
«...Сондағы тиген оқтың ізі оң қолымда әлі байқалады. Ол күндерді мен ұмытпаймын. Менің көргенімді бүгінгі жас ұрпақ көрмесін, елімізде тыныштық болсын!», – дейді қарт жауынгер.
Бұдан соң сөз алған Ұлы отан соғысы ардагері Василий Иванович Баннов та сол бір сұрапыл жылдардан сыр шертті. Ол алдымен карел-фин фронтында саперлік қызмет атқарып, кейіннен 1 – Украин майданына аттанады. Саперлер – әрдайым алғы шепте жүріп, өз армиясының танктері мен әскери техникаларының көзделген жерге жетуіне жағдай жасайтын ержүрек жауынгерлер. Осындай кескілескен майданда жүріп, Василий Иванович 1945 жылдың қаңтар айында ауыр жарақат алады. «Соғыс аяқталғанда госпитальде болдым. Сол жарақат алғаннан қайта майданға түсе алмадым», – деген соғыс ардагерінің сөздері жиналғандардың жүрегіне мұң ұялатты.
Ардагерлерге құрмет көрсету, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін үлгі ету арқылы патриотизмді насихаттау мақсатында өткен шарада аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігінің оқушысы Анар Дауа «Қара жорға», өзбек билерін, «Елге сәлем» әнін орындап, қонақтардың алғысына бөленді. Сонымен қатар, кездесуде ауған соғысының ардагерлері – Мұрат Байдаулетов, Қазыбек Салахов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкері Бекнұр Сансызбаев, ұзақ жылдар бойы ауданымыздағы ДОСААФ комитетін басқарған ардагер, марқұм Тоқтарбай Молдахановтың жұбайы Райхан Молдаханова және аудандық білім бөлімінің әдіскері Асан Исақұл, аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дулат Шоревтар сөз алып, соғыс ардагерлеріне отан үшін от кешіп, бейбіт күн сыйлағандары үшін үлкен алғыс білдірді.
Бұдан соң «Отан» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Қалдыкүл Әбдірахманова бірлесе патриоттық іс-шараларды жүргізгені үшін аудандық білім бөлімінің әдіскері Асан Исақұлға, №21 «Победа» орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сәкен Қыдыралиевке, аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігінің мұғалімі Нұрлан Биғазиевке, осы өкілеттіктің оқу көлігінің жүргізушісі Тагир Сулеймановқа ҚР «Отан» қоғамдық бірлестігі облыстық кәсіби техникалық оқу орталығының медалін табыс етті. Сондай-ақ, аудандық «Отан» қоғамдық бірлестігі ұжымын облысымыздағы аудандардың ішінде жоғары нәтиже көрсеткені үшін жоғарыда аталған орталықтың мақтау қағазымен марапаттады. Кездесу соңында жуырда ғана жол қозғалысы жас инспекторларының ХІV облыстық слетінде ІІ орынға ие болған №39 орта мектеп гимназиясының «Бағдаршам» жас инспекторлар тобы сапта жүру өнерін көрсетті. Кездесуге қатысқан ардагерлер мен қонақтарға «Отан» қоғамдық бірлестігінің Меркі өкілеттігі сыйлықтар тарту етіп, ақ дастархан жайып, құрмет көрсетті.


