top of page

"Ботбай – батыр баба" ескерткіш-монументінің құрылысы аяқталуға жақын

Бейбіт СЕРІКБАЙ

30 мамыр, 2014

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы шет мемлекеттер, олардың зиялы қауымдары оның мәдениетінің ежелгі замандардан басталған іргелі ел екендігін тани бастады. Қазір заман өзгерді, қазақ ұлтының аты да, тегі де тарихтың терең қойнауларынан тамыр алатынына әлем қауымдастығының көзі жете бастады.

Қазақ халқының өркениетін арттырып, даму сатыларынан жетелеп өткізген, мемлекеттерді басқарып, елді билеген тарихи тұлғалардың барлығын жіпке тізгендей түгендеп шығу әзір мүмкін емес. Дегенмен, кеңестік бодандықтан арылып, егемендікке қол жеткізгелі бері қазақ халқын бір шаңырақ астына жиып ел іргесін көтерген ұлы тұлғалар туралы жаңа деректер жинақталып, оларға ескерткіш-монументтер қойылып, халық үшін атқарған жұмыстары дәріптелуде. «Жеті атасын білмеген - жетесіз» деген нақыл сөз бар. Осы күні Ұлы жүз Ботбай руының ұрпақтары бұл аталы сөзді жерге тастамай аталарының атын қайта жаңғыртуда. Әрине, мұндағы басты ниет ол – жас ұрпақ өткеннен қол үзбесін, елінің, жерінің тарихын білу арқылы бүкіл ұлтының жанашыры бола білсін дегендік. Қазақ халқының патриоты болу осындай игі істерден басталатыны хақ. 

Газетіміздің өткен нөмірлерінде Меркі, Т.Рысқұлов, т.б. аудандарында тұратын Ботбай батыр баба ұрпақтарының бастамасымен мерейлі Меркі жерінде батыр баба рухына арналған ескерткіш-монументтің құрылысы басталғанын жазған болатынбыз. 

Енді қысқаша Ботбай баба туралы сөз саптасақ, Ботбай батыр Дулатұлы 1451-1540 жылдары өмір сүрген, Дулаттың төрт ұлының бірі. Өзі әрі батыр, ақыл парасаты мол, өжет, ірі тұлғалы кісі болыпты. Ел билеген тұсында қарамағындағы халқына қорған болған, билік жасап дауларды әділ шешкен, жауды жасқандырған батыр кісі екен. Елді егіншілікке баулып, Бұқарадан құрал-саймандар әкеліп халықты жер өңдеп, егін егуге үйретіпті. 

Сондай-ақ, «құралайды көзге атар- мерген садақшы болыпты, ел арасында садақшы-батыр, жекпе-жектерде жеңілмеген батыр ретінде аты алты алашқа танылыпты. 

Ботбай батыр кезінде Іле, Шу, Аспара, Меркі, Құлан, Тараз, Сайрам, Сауран өлкелерінде ұлысбегі болып билеген абыройлы азамат болған. Тарихқа енген деректерге сүйенсек, Дулат баба төрт баласының мінезі мен білімін, алғырлығын бағамдап, Ботбайды жауды жасқантар, сескентер жерге жібереді екен. Сондықтан да Дулат баба баласы Ботбайға: «Ботбайым, жайнайсың-ау оттайын. Батырлығың дұрыс-ау, қажетті жеріңде ақылға келсең, ұрыс-керіске бой бермейсің», – деген екен. 

Бүгінде батыр баба ұрпақтары көбейіп өзінше үлкен бір ру, елді құрап тұр. Ботбай – Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасынан таралған үлкен ру. Шежіре бойынша Ботбай төрт арыс Құдайқұл, алты арыс Шағай, он екі арыс Қоралас, Бұйдас сияқты аталарға бөлінген. Ұраны: «Ботбай», «Сәмен». («Мерейлі Меркі», Алматы – 2001ж, 75 бет). Ботбай батыр 90-ға таяған шағында қайтыс болып, Сайрамда жерленіпті. Бүгінде зәулім кесенесі сол жерде және мұсылман қауымының зиярат жасар киелі, қасиетті орынға айналған. 

Баба рухын ұмытпаған ұрпақтары енді Меркі жерінде, орталық ауруханадан 3-4 шақырымды құрайтын «Мерке» шипажайына барар жолдың күн шығыс жағынан ескерткіш-монумент құрылысы жұмысын қарқынды жүргізуде. Бұл үшін ұйымдастыру комиссиясы құрылып, Баба қорының есепшоты ашылған болатын. Міне, бүгінде ниеті түзу, баба рухын ұмытпай үлес қосқан атпал азаматтардың арқасында наурыз айының ортасында басталған ескерткіш- монумент құрылысының 60 пайыз жұмысы атқарылып та қойыпты. 

Біз де қолға алынған игілікті істің барысымен тұрғындарды таныстыру мақсатымен, Меркі жерінің айтулы бір көрікті тарихи орны болар халық құрылысының жүргізілу жай- жапсарын біліп қайтқан болатынбыз. Батыр баба рухына арналған ескерткіш- монументтің жобасын комиссия мүшелері жан-жақты талқылап, бәрі бір келісімге келіп аумағы 5 гектар жерді алып, оның 1 гектарын қоршауды қолға алып, бағаналары қойылды. Ал, бағана орталары оюлы темір қоршаумен қоршалмақ. Ескерткіш-монументтің биіктігі 12,5 метр, астыңғы тұғырының көлемі 6х6 метр болыпты (суретте). 

Бүгінгі таңда бой түзеген ескерткіш-монументтің құрылысына 100 куб темір бетон құйылыпты. Төбесі үшбұрышты болып келетін монументтің астыңғы тұғырының биіктігі 7 метр және ішінен төрт колонна көтеріліп бір жерден, ортаңғы шаңырақтан қосылыпты. Сондай-ақ, ішіне Ботбай бабаның Сайрамдағы жатқан жерінен қасиетті топырағы әкелініп, қойылмақ. 

Ескерткіш мәрмәр таспен күптеліп, алдына түгелдей брусчатка төселеді. Екі жағына граниттен 4 құлыптас (Құдайқұл, Шағай, Қоралас, Бидас) аталарға арналған гранит тас қойылып жанынан сондай тастан 4 шежіре кітабы да орналасады. Сонымен қатар құрылыстың бір ерекшелегі ескерткіш жанынан төбесіне қарай көтерілетін баспалдақтар болады да, ол арқылы тәу етуге келген жамағат Баба есімі аты жазылған тасқа зиярат етуіне, гүл шоқтарын қоюға болатынын естіп риза болдық.

Сондай-ақ, ескерткіштің ұшар басына ұштама (шпиль) қойылатындығын, бүгінгі таңда бұл құрылыста 10-ға жуық білікті жұмысшылар маусым айында ескерткіш-монументті ел игілігіне пайдалануға беру үшін ерен еңбек етіп жатқанын көрдік. Ескерткіш- монументтің жан-жағына гүлзарлар, әртүрлі тал-тарақтар егіліп, бұл жер меркіліктер мен келуші қонақтардың баба рухына тағзым етіп, серуендеп, әсем табиғатын тамашалайтын қасиетті орынға айналуына аз-ақ уақыт қалды.

Please reload

bottom of page