top of page

Қасіретті жылдар халық жадында мәңгі сақталады

Нұрбану КАМАЛ

04 маусым, 2014

Талай зобалаңымен келіп, халықтың басына алмағайып күндерді салған ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ тарихындағы қаралы кезең. 1921-1933 жылдардағы ашаршылықтарда қазақтың тең жартысынан астамы опат болды, аман қалғандары амалсыз шет ел асты, талай қазақтың сүйегі жолда шашылды...

Ал, 1937-1938 жылдары қазақ нағыз ерлерінен, халықтың қаймағы болған мыңдаған азаматтарынан айырылды. Нәтижесінде, қазақ халқы азайды, әлсіреді, қайта бас көтере алмастай халге жетті. Өкініштісі, бұның бәрі сол кездегі көп қазақ сенім артқан биліктің жымысқы саясатынан, аяусыз әрекетінен болды. Араға бір ғасырға жуық уақыт салып, егемендік алып, еңсесін тіктеген Қазақ елі басынан өткен бұл қасіретті ешқашан ұмытпақ емес. 31-мамырдың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленуінің негізгі мақсаты да сол – ұлт үшін жан пида еткен есіл ерлерді еске алып, жазықсыз қырылған бабаларымыздың рухына тағзым ету, өткеннен сабақ алып, бүгінгі ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадір- қасиетін тереңірек ұғындыру. 

31-мамыр күні аудандық мәдениет үйінде атаулы күнге орай салтанатты митинг өтіп, онда ашаршылықтың ащы шындығы, сталиндік репрессияның қасіретті ақиқаты айтылды. Алдымен осы нәубеттердің тарихы мен себеп-салдарын ашып көрсеткен, ашаршылық тақырыбына арналған сүбелі еңбектердің бірі – «Нәубет» деректі фильмі көрсетілді. Небір сұмдық көріністер мен мәліметтерге толы фильмді көрген аналарымыз көздеріне жас алды. Фильм аяқталған соң салтанатты митингті жүргізген аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мадияр Шалабаев ашаршылық пен сталиндік репрессияның халқымызға әкелген үлкен қасіреті туралы айтып, сөз кезегін аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа берді. 

«Құрметті ағайын! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Егер де ашаршылық болмағанда қазақтың саны осы күні 45-50 млн.-ға жеткен болар еді», – деп мәлімдеген. Ақиқатында, халқымызға үлкен ойран салған осы 30-жылдар Кеңес дәуірінде жабық тақырып болып келді. 1898 жылы Ресей империясында алғашқы рет халық санағы өткен болатын. Сол санақ нәтижесінде қазақтардың саны 4 млн.84 мың адам деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш 1911 жылғы санақта 8 млн.ға жеткен. Ал 1938 жылғы санақта қазақтың саны небәрі 2 млн.300 мыңды құраған, яғни 4 есеге азайған. Бұл кеңестік дәуірдегі әкімшілік-әміршілік жүйенің қолтаңбасы екені анық», – деді аудан әкімі. Бұдан соң «азап аралы» атанған әйгілі «Карлаг» пен «АЛЖИР» лагерлерінің тарихына тоқталды. Қазақстанның орталығында, солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатқан, Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде, ауқымы Францияның жер көлемімен теңеcетін азап аралында 1932 жылы 22 мың адам болса, оның 87 пайызы қазақтар болған. 1931-1956 жылдар аралығында Карлагтағы тұтқындар саны 1,5 млн-ға дейін жетіпті. Олардың бәрі де халық жауы деген жалған айыппен ұсталып, социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану мақсатында құрбан болған жандар еді. Ал, тарқата айтқанда «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмоладағы лагері» аталған АЛЖИР-дің қазақ әйелдеріне әкелген қияметі өз алдына. 

Бақтияр Бейсембайұлы: «АЛЖИР»-де Сәкен Сейфуллин, Б.Майлин, Шанин, Асфендияров, Жүргенов, Сарымолдаев тәрізді талай тұлғаларымыздың жарлары болды. Қазақстанға 1936-1950 жылдар аралығында 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 570 мың солтүстік кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар, т.б өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 млн. адам еріксіз депортацияланды. Осы бір қасіретті жылдарды сол жылдары жазықсыз құрбан болған жандарды мәңгі ұмытпай есте сақтау бүгінгі біздің парызымыз» – деп атап өтті. 

Бұдан соң ауданымыздағы этно-мәдени бірлестік өкілдерінің атынан сөз алған Халил Әлиев саяси қуғын-сүргіннің қазақ халқымен тағдырлас, бауырлас ұлттарға әкелген салдары туралы кең түрде айтып өтті.

Қаралы жиында №9 Меркі колледжінің білімгерлері өз ойларын білдіріп, өлеңдер оқыды. Ауданымызға танымал әнші Досымбек Андабаев Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған Жәкен Омаровтың әні «Біздің елдің жігіттерін» нақышына келтіре орындады. Бұл ән ХХ ғасырдың басында, талай «тар жол, тайғақ кешулермен» жүріп, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен, қазақ халқының мұқалмас ерік-жігері мен мықты рухының символы болып тарихта қалған батырларымыздың рухына арналғандай еді...

Please reload

bottom of page