top of page

Біздің ұстаным – меритократия...

Нұрбану КАМАЛ

06 маусым, 2014

Адамдық пен адалдықты жанына серік еткен саналы азамат қай кәсіпті меңгеріп, қай лауазымды иеленсе де, алдымен елі үшін еңбек ететіні сөзсіз. Десе де, өзге көп кәсіп иелеріне қарағанда жауапкершілігі де, артылар міндеттері де басымдау келетін мемлекеттік қызметшілерден азаматтық, адамгершілік қасиеттер айрықша талап етіледі.

Өйткені, мемлекеттік қызметші – мемлекетті құраушы екі тарап – халық пен биліктің сенімін арқалаған, мемлекет үшін қызмет етуге ант берген мәртебелі қызмет иелері. Газетіміздің бүгінгі санында аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Медетбеков Асхат Оразымбекұлы мемлекеттік қызметші қандай болуы тиіс деген сауалға жауап беріп, ауданымыздың кадр саясатындағы басты қағидаттар туралы айтты. 

– Асхат Оразымбекұлы, алдымен бүгінгі тақырыбымызға арқау болған меритократия ұғымының мағынасын айқындап алсақ... 

– Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында басымдық берген меритократия ұғымы – «лайықтылар билігі» дегенді білдіреді. Әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық жағдайынан тәуелсіз, басқарушы лауазымдарды ең қабілетті адамдардың иеленуін ортаға қоятын басқару қағидасы. Яғни, дарынды және еңбекқор адамдарға еркін бәсекелестік жағдайында еңбек етіп, өзіне лайықты қызметті атқаруына мүмкіндік беретін алғышарт. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Бұдан былай әкімшілік реформаның нәтижесінде мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең- кезеңімен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін артыра отырып көтерілетін болады», – деп атап өткен еді. 

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру туралы тапсырмасына орай бірқатар өзгерістердің жүзеге асырылғаны белгілі. Мемлекеттік қызметші атану үшін талапкерлер қандай талаптарға сай келуі тиіс? Өзгерістер мен толықтырулар жөнінде айтып өтсеңіз. 

– Иә, 2013 жылдың 26-наурызында ҚР Мемлекеттік қызмет туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда Елбасы тапсырмасына орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыру, меритократия қағидаларын енгізу, яғни жақсы кадрларды ілгерілету тәрізді шаралар қамтамасыз етілді. Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Сондай-ақ, мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – «А» корпусы құрылды. Осы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметке келу тәртібіне тоқталар болсақ, бұрын талапкер бос лауазымдарға жарияланған конкурсқа құжаттарын тапсырып, содан соң арнайы тест тапсыратын. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болуды армандаған талапкер алдымен тесттен өтіп, сертификат алады. Бұрын өтініштер Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облыстық департаментіне тапсырылатын, қазіргі таңда электронды түрде қабылданады. Содан соң барып, конкурс жарияланған бос жұмыс орындарына үміткер ретінде өтініш білдірулеріне болады. Талапкер қызметке келер алдында өзінің табысы туралы декларация тапсырады. Осы орайда айта кететін жәйт, талапкер тесттен, әңгімелесуден өтіп, конкурста жеңіп шыққан соң алдымен мемлекеттік қызметшінің уақытша міндетін атқарушы болып жұмысқа қабылданады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің арнайы тексеруінен өтіп, ант қабылдағаннан кейін ғана үміткер мемлекеттік қызметші атанады 

– Жаңғыртуларға сәйкес ауданымызда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда? 

– Бүгінгі таңда ауданда жалпы 194 штаттық бірлік бар. Былтырғы жылдан бері әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасуға 4 конкурс өткізілді, 88 лауазым жарияланды. Оның ішінде 44 лауазымға кандидаттар жұмысқа қабылданды. Биылғы жылдың бірінші жартысынан бастап, жаңашылдықтың бір көрінісі – мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамадан өткізуді қолға алдық. Аудан әкімі аппаратынан 3 қызметкер өз саламыз бойынша облыстық департаменттерде тағылымдамалардан өттік. Онда 1 күннен 3 айға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өтуге болады. Өзімізден жоғары лауазымдағы, тәжірибелері мол қызметкерлермен жұмыс жасап, құжат айналымдары, өзге де жұмыс барысымен таныстық, тәжірибе жинақтадық. Екінші жартыжылдықта ауылдық округтердегі мамандарды аудан әкімдігінің бөлімдерінде, аудан әкімі аппаратында осындай тағылымдамалардан өткізуді және бөлімдердегі мамандарды жоғарыда аталғандай облыстық басқарма, департаменттерге жіберіп, тағылымдамадан өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Осы орайда, кадр мәселесімен тікелей айналысып отырған маман ретінде айтыңызшы, мемлекеттік қызметке орналасқан жас кадрдан қандай жеке қасиеттерді көргіңіз келеді? Мемлекетке пайдалы қызметші болу үшін адамға алдымен не қажет? 

– Мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілік пен этикаға, адами моральдық қағидаларға ие болуы шарт. Сондай- ақ, мемлекеттік қызметшінің бойында әрі басқарушылық, әрі орындаушылық қасиеттердің болуы маңызды. Басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметші өз қызметкерлеріне, өзінен кейінгі мамандарға талап қоярда, «өзгені түземес бұрын, өзіңді түзет» деген халық даналығын бір сәт еске алғаны абзал. Және де өзінен кейінгі қызметшіге үлгі-өнеге бола отырып, талап қойса игі. Бұл үшін басшы адам өзі сол сатыдан өткен болуы керек. Осы орайда меритократия қағидаттарын айта кеткен жөн. Яғни, мемлекеттік қызметші басшылық лауазымды иелену үшін алдымен төменгі сатылардан бастап, жоғары қызметке өз еңбегімен жетуі тиіс, тамыр-таныстық арқылы немесе басқа бір жолдармен емес. Сонда ғана, мемлекеттік қызметте өз қызметіне деген адалдық болады және білікті кадрлар да осындай нағыз еңбектің қазанында қайнап, піскенде ғана қалыптасады. Мәселен, бір кездері жетекші маман, бас маман болған бөлім басшылары, сол қызметкерлердің функцияларын өте жақсы біледі. Талапты да соған қарай қоя алады. 

– Біздің ауданда меритократия қағидаттары сақталған деп ойлайсыз ба? 

– Менің айтқым келгені де осы еді. Біздің ауданда бұл саясат біраз жылдан бері сақталып келеді. Бізге дейін де осылай болған, біздің де басты ұстанымымыз – осы меритократия қағидаттары. Бұл – ауданымызда о бастан қалыптасып, дәстүрге айналып кеткен. Әрине, қазіргі таңда бізде мемлекеттік қызметшілерден бөлек, келісім-шартпен жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Олардың 90 пайыздайы мемлекеттік қызметке өту құқығын беретін тесттен өтіп, сертификат алуда. Солардың кейбірінде мынадай жаңсақ түсінік қалыптасқан: «Менің білімім жеткілікті, дипломым бар, аудан әкімі аппаратында бір басшы қызметте жұмыс істей аламын» деген тәрізді. Келісім-шартпен жұмыс істеп жүріп, тесттен өткен қызметкерлеріміздің бәрі де мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстан өтті, алайда, біз оларды ауылдық округтерге, бөлімдерге маман етіп жібердік. Енді солардың ішінде көзге көрініп, жақсы жұмыс істеген мамандарға аудан әкімі аппаратына, одан да жоғары лауазымдарға өтуіне мүмкіндік туады. Өкініштісі кейбір қызметкерлер «танысым арқылы, басқа бір жолдармен жан қинамай жақсы қызметке орналассам» деген сияқты ойлармен жүреді. Алайда, біз жоғарыда аталған ұстанымнан айнымауға күш саламыз. Жаңадан жұмысқа орналасқан мемлекеттік қызметшінің 1 жылдың ішінде бәрін толық игеруі оңайға соқпайды, оған кем дегенде 2-3 жыл уақыт керек. Сол уақыт ішінде жақсы жұмыс істеген мамандардың қызмет баспалдағында көтеріліп, еліне, халқына, мемлекетке одан әрі пайдасын тигізуіне мүмкіндік мол. 

– Қызмет баспалдағында төменнен жоғары қарай саясаты о бастан қалыптасқан дедіңіз. Осы орайда, нақты мысалдарды айта аласыз ба? 

– Әрине, мен осы қағидаттың шынайы үлгісі ретінде алдымен қазіргі Меркі ауылдық округінің әкімі Есбол Қосуақовты айта аламын. Ол қызметін Ақермен ауылдық округінде бас маман болып бастады. Кейіннен аудан әкімі аппаратында жетекші маман, бас маман, бас инспектор қызметтерін атқарды. Содан соң, Жаңатоған ауылдық округінде әкім болып, жемісті еңбек етті. Қазіргі таңда ауданымыздың орталығы – Меркі ауылдық округінің әкімі. Оның осы сатылардың бәрінен өзінің еңбексүйгіштігі мен тиянақтылығының, жұмысқа деген жауапкершілігінің арқасында өткеніне әріптестері мен тұрғындар да куә. Ал бұрын аудан әкімі аппаратында бас инспектор болған Ғазиз Абиров болса, қызметін экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде бас маман болып бастап, жұмыспен қамту бөлімінде сектор меңгерушісі болды. Аудан әкімі аппаратында бас инспектор болған жылдары өте жақсы жұмыс істеп, бүгінгі таңда бөлім басшысы қызметіне ауысты. Сонымен қатар, аудан әкімінің аппаратында қызмет істеген 2 маманымыз облыстық басқармаларға жұмысқа шақырылып, қазіргі таңда нәтижелі еңбек етуде. Бізде осындай мысалдар көп. Білімді, қайратты, жұмысқа деген құлшынысы жоғары жастар, осылайша тәжірибе жинақтап, білікті маман болып қалыптасуда. Мен ауданымызда қалыптасқан осы бір үрдісті Елбасымыздың кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндетін орындауға қосып отырған үлесіміз деп есептеймін. 

– Өзіңіз мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Кездейсоқтық па, әлде бала күннен алға қойған мақсатыңыз ба? 

– Әрине, мемлекеттік қызметші болуды бала күннен армандадым десем, әбестік болар. Ол кезде ғарышкер, не ұшқыш болуды армандадық қой. Бірақ, бертін келе ел-жұртқа еңбегі сіңер азамат болсам деп армандағаным рас. Бүгінгі ұмтылысымыздың бәрі де сол мақсатқа жұмылдырылған. Яғни, мемлекеттік қызметші болуым – кездейсоқтық емес. Мен еңбек жолымды ауылдық округте әскери тіркеу орнының инспекторы болып бастадым, кейін сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде заңгер болдым. Содан соң осы аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы қызметіне ауыстым. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Please reload

bottom of page