top of page

Жасыл қала, жас қала!

Нұрбану КАМАЛ

04 шілде, 2014

Астанаға биыл – 16 жыл. Жайдары жаздың көрікті күнінде келетін осы бір сүйікті мереке – Астана күні бүгінде халықтық мерекеге айналған десек, қателеспейміз. Бұл күн әр қазақтың мақтанышы, Тәуелсіздігіміздің ғажайып символы болған көрікті қаламыздың, бас қаламыздың дәріптеліп, жеткен жетістігінің сараланатын, жыл сайын, күн сайын арта түскен көркіне бүкіл Қазақ елі және әлем көз тігетін күн.

Осы орайда 16 жастағы Астанамыздың бүгінгі келбеті туралы айтқымыз келеді. Астана десе, алдымен ауызға алынатыны – оның құрылысы. Әлемдік озық үлгілер мен ұлттық рухтағы сәулет өнері ұштастырыла жүргізілген құрылыс, асқан талғампаздықпен салынған ғимараттар қаланың мерейін тасытып, абыройын асырып тұр. Дүниежүзiлiк сәулет өнерiнiң озық үлгiлерiнiң қатарына кiретiн Бәйтерек, Ақорда, Бейбiтшiлiк және Келiсiм сарайы (Пирамида), «Думан» ойын – сауық орталығы, ашық аспан астындағы Этнографиялық мұражай, «Хан шатыры» тәрізді ғимараттар бүгінде елдігіміздің айшықты белгісіне айналған. Бұл зәулім сарайлар мен заңғар биік ғимараттар, сұлу көшелер мен ондағы тарихи ескерткіштер, декоративтік мүсіндер – Астананың шырайы. 

Әрине, еліміздің астанасын Алатаудың баурайынан еліміздің жүрегі, Сарыарқа төсіне, ерке Есілдің бойына көшіріп, тарих тұрғысынан алғанда аз ғана уақыт саналатын 16 жылдың ішінде бүгінгідей келбетке ие қала салу оңайға түспегені де белгілі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың терең ойы мен ұшқыр қиялынан туындап, батылдығы мен асқан көрегендігінің арқасында шындыққа айналған, Тәуелсіз Қазақ елінің тарихындағы ең маңызды қадам, тарихи оқиға болған Астананы салуға бүкіл қазақстандықтар атсалысты. Сондықтан да, Астана күні тек қала тұрғындары үшін емес, барша қазақстандықтар үшін үлкен мереке. 

16 жыл ішінде Астананы – Астана етуге жұмсалған қаражат түгелімен ақталды. Келер жылдан бастап бұл көрікті қала еліміздің мақтанышы ғана емес, республикалық бюджетке қомақты қаражат беретін донорға айналмақ. Бұл туралы биылғы көктемде Ақордада өткен алқалы жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өтті. Осы орайда айта кететін тағы бір жәйт, әрдайым құрылысымен айшықталып, ең жас Астана ретінде танылып келген бас қаламыз ендігі уақытта жасыл қала ретінде де әлемді өзіне қаратпақ. Елордада 1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құраған, оның 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында. Сондай-ақ, «Жасыл аймақ» тұжырымдамасының бірінші кезеңі аясында қаладағы жасыл желек аумағын 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Осы жуырда ғана Астананың жасыл белдеуін дамыту мәселелерін талқылаған кеңес өткізіп, «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығын аралаған Елбасымыз: «Жылдағы дәстүр бойынша Астана төңірегіндегі орманды көруге шықтым. 1998 жылы бас қаламыз Астана болып жарияланғаннан кейін қала төңірегінде орман егуге тапсырма берген едім. Кез- келген іс алғашында сенімсіздікпен қабылданады. Сол секілді бұл жерге ештеңе өспейді деген әңгімелер айтылды. Бұл жер өсімдік атаулыға жарамсыз, тұзды дегендер де болды. Бірақ, біздің орманшылар мен ғалымдардың бірлесіп дұрыс әдіс табуының, тиісті көшеттерді іріктеуінің нәтижесінде жайқалған орман өсіп келе жатыр. Бұл көк өскіндер – қаланың «өкпесі», – деп атап өтті. Аталмыш орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі 15-20 метрге көтерілгенін де айтқан Мемлекет басшысы әр ауыл, әр аймақта, әр қала төңірегінде, тіпті жаңа көтерілген үйлердің төңірегінде де ағаш отырғызылатын болса, халықтың байлығы сол болатынын айтып, жақсы бастама көтерді. 

Бір сөзбен айтқанда, еңсесін тік көтеріп, ел мақтанышына, Еуразия жүрегіне айналып үлгерген Астанамыз үздіксіз дамып, жыл сайын көркіне көрік қосуда. Бүгінгі күні қала орталығы көз тоярлықтай көркем келбетке ие болса, соңғы кездері мемлекет басшысы қала маңын көріктендіруге де басымдық беруде. Бұған мемлекет басшысының әр уақыттарда өткен жиындарда, басқосуларда жиі айтып, тапсырмалар беріп жүргені дәлел. 

Ендеше, «Көркейе бер, кеңейе бер, ару қала Астана!» – дейміз.

Please reload

bottom of page