top of page

Елдіктің, ерліктің бойтұмары

Бақтыбай АБАЙ

04 шілде, 2014

Тарихи оқиға – Ақмола қаласы Астана деп аталып, жаңа атаумен Тәуелсіз ел тарихына енгелі, міне, 16 жыл болды. Бұл жылдар оның өсіп-өркендеп, Есіл бойында кең қанат жайып, кең байтақ Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге танылған, таныттырған кезең болды.

Астана өзі осы атауға ие болған сонау 1998 жылдан бері елдігіміздің, бірлігіміздің айқын нышанындай мақтанышымызға айналды. Егемендігін жаңа алған мемлекетіміз іргесін әлі толық бекітіп үлгермеген, қаржы тапшылығы дендеп тұрған кезеңде астананы сайын дала төсіне – Сарыарқаның төсіне көшіру ерлікпен пара-пар еді. Болашағымызды алыстан болжаған Елбасы осындай тәуекелге барды. 

Бұл қадамға уақтысында көп адам күдікпен қарады. Әйтсе де, Н.Назарбаев еліне сенді, бір күннің, бірер жылдың міндеті ауқымында қалмай, келешекті кеңінен болжамдай білді. Мемлекет басшысының ұйғарымы дұрыс болғанын, міне, айдай әлем мойындап отыр. Астана, шын мәнінде кемел ойдың жемісі. Ерліктің бойтұмарындай қазақстандықтарды жаңа биіктерге, тың істерге бастай бермек. Астана тарихын, өткенін еске ала отырып, онымен Елбасымызды бөліп қарай алмайтындығымызға, егіз ұғым екендігіне көз жеткізе түсеміз. Жаңа астана Ақмоланың атын сәтімен өзгерту де Нұрекеңнің жадында болған. "Астана" деп атау ойына түнгі сағат 2-де келуі де Мемлекет басшысының жаңа астана үшін қаншама мазасыз күндер мен түндерді өткергенінің айғағындай. 

Елорданы аралай келе еліміздің күні кешегісі мен бүгінгі өміріне қанық болып, ертеңіне көз жүгірткендей боламыз. Ғимараттары көк тіреген, гүлге бөленген ертегідей шаһар жаныңды нұрландыра түседі. Елдігімізді еңселенткен, тәуелсіздігімізді жақындатқан тарихи тұлғалар, жаңаша жаңғырған салт-дәстүріміз қаланың әр көше, алаңдарында көңілге оралып, осындай елде, астанада жүргенімізге шүкіршілік етеміз. 

Есіл жағалауында салт атпен тұрған қазақтың соңғы ханы – Кенесары ханның асқақ ескерткіші ерлікке, елдікті қадірлей білуге үндегендей. Жерімізге баса көктеп кіріп, кіріптар қылғысы келген жат пиғылдылармен аянбай күрескен ол ақпатша әскері салған Ақмола бекінісін екі рет шауып, өртеп жіберген. 

Халық үшін жан беріп, жан алысқан ерді Н.Назарбаев та еске алып: 

«2001 жылғы мамыр айында Кенесары ханның айбынды ескерткішін ашу рәсімінде монумент іргесіне гүл шоқтарын қойып тұрып, бостандық пен тәуелсіздікке жан ұшыра ұмтылған Кене ханын мәңгілік ұмытпай жүрген өз ұлтыма ішімнен мың алғысымды арнадым. Кезінде оның есімін халық жадынан өшіруге тырысушылық та болды ғой», – дегені белгілі. 

Қаладағы өзге ескерткіштер мен басқа да сәулет, тарихи нысандар тарихқа үңілтіп, тәнті еткендей. Жаңа астанасын айшықтап, өткенін ұмытпаған Қазақ елі бүгінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда. Ондаған жылдарға көзделген міндеттерге орай әлеуметтік- экономикалық жағдайымыз анағұрлым жақсара түспек. Астанамыз да сәулеттене түсері шүбәсіз. Халықаралық форумдар, кездесулер орталығына айналған ол бүгінде ЭКСПО – 2017 көрмесін өткеруге қызу дайындық үстінде. Оған арналған нысандардың нобайын көріп, бірер жылда Астана ертегідегідей шаһарға айналатынын байыптап, мақтанамыз. 

Атап өтілетін Астана күні елдігімізді, келешегі келісті мемлекет екендігімізді әлемге тағы бір рет паш етіп, ұлы думанға айналғай.

Please reload

bottom of page