top of page

Бюро отырысы өтті

Нұрбану КАМАЛ

22 қаңтар, 2014

Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші залында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы болып өтті. Аудан әкімі, партия аудандық филиалының төрағасы Бақтияр Бейсембайұлы төрағалық еткен отырыста бірқатар мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Атап айтсақ, «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының 2013 жылы атқарған жұмыстары және «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің 2013 жылы атқарған жұмыстары туралы, ұйымдастыру мәселелері, «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының кезектен тыс ХІІ конференциясын шақыру туралы мәселелер қаралды. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша толыққанды баяндама жасаған Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бақытжан Иманбетов аталмыш комиссия мен оның құрамдас Партиялық бақылау посттары тарапынан 2013 жылы атқарылған жұмыстар, өткізілген кездесулер, партияның қоғамдық қабылдауына түскен арыз-шағымдар бойынша жұмыс нәтижелері, мекеме-ұйымдар қызметіне жасалған қоғамдық бақылау т.б. туралы мәлімет берді. 

Бұдан соң сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрайымы Ғалия Қажығалиева аталмыш Кеңестің 2013 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. 

Ұйымдастыру мәселелері бойынша сөз алған Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым филиалдың 2014 жылдың І тоқсанына арналған іс-шаралар жоспарын, «Нұр Отан» Партиясының 15 жылдығына орай және Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай партия Меркі аудандық филиалы тарапынан өткізілетін іс-шаралар жоспарын, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын, партияның бағдарламалық құжаттарын, партияның бастауыш ұйымдарында партия мүшелеріне насихаттау жұмыстарын жүргізетін ақпараттық-насихаттық топтардың құрамын, «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының жиналыстар кестесі мен осы жиналыстарға қатысатын жауапты Саяси кеңес мүшелерін бекіту туралы мәселелерді қарады. Аталған құжаттар бюро мүшелерінің қолына алдын-ала берілгендіктен бірауыздан бекітілді. 

Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының кезектен тыс ХІІ конференциясын шақыру туралы мәселе қаралып, бекітілді. 

Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданған соң сөз кезегі «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Сәкен Қондыбаевқа берілді. Өз сөзінде Сәкен Омарұлы партияның Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының атқарған жұмыстары, партия жұмысындағы жаңалықтар туралы баяндады.

Please reload

bottom of page