top of page

Дамуымыз – жедел, келешегіміз – кемел болсын десек...

Нұрбану КАМАЛ

29 қаңтар, 2014

«Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы бағыт-бағдарды нақтылап, жаңа міндеттер жүктеген Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауын кеңінен насихаттау ісіне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері жұмыла атсалысуда. Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың қатысуымен өткен «Жамбыл» және «Жаңатоған» бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын насихаттау және одан туындайтын міндеттер туралы мәселе күн тәртібіне қойылды.

Жамбыл ауылдық округіндегі №18 А.Қосанұлы атындағы орта мектепте өткен жиналысты бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Қылышбеков ашып, бірінші мәселе бойынша баяндама оқыды. Баяндамасында биылғы Жолдаудың әр бөліміне жеке-жеке тоқталып, оның мән-маңызын ашып көрсеткен Бауыржан Қылышбеков барша нұротандықтарды Жолдауды жүзеге асыру ісінде белсенділік танытуға үндеді. Жарыссөзде баяндамашының сөздерін қолдап- қуаттаған партия мүшелері де Елбасымыздың сарабдал саясатын, соның нәтижесінде ауданымызда атқарылып жатқан игі істер жайын әңгіме арқауына айналдырды. 

Ауданымыздың құрметті азаматы, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова: «Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын десек, біздер бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бәріміз ортақ іске өз үлесімізді қосуымыз керек. Алланың шапағатты нұрына бөленген Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру жолында жұдырықтай жұмылып, жер шарындағы дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін халқымыз аянбай тер төгетініне сенімім мол», – деп атап өтті. 

Жарыссөзден соң Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын насихаттаудың медиажоспарын жасап, кездесулер кестесін бекіту, ақпараттық-насихаттық топ құру, т.б. шаралар туралы шешім қабылданды. 

Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХІІ конференциясына ұсынылатын делегаттар таныстырылып, партия мүшелерінің дауыс беруімен сайланды. 

Бұдан соң сөз кезегі «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұратқа берілді. Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінен соң жаңаша жұмыс істей бастаған нұротандықтарға халықтың сенімі арта түскенін айтқан Шәбден Тоқтасынұлы Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы басымдықтар, оны жүзеге асырудың маңызды қадамдары туралы кеңінен әңгімеледі. 

Алыс көкжиекке көз салып, дамудың ұзақмерзімді стратегиясы аясында жұмыс атқару – ғаламдық өркениеттер тоғысындағы бүгінгі дәуір тудырған қажеттілік. «Мәңгілік Елдің» алғашқы іргетасын қалауда маңызды рөл атқарған «Қазақстан – 2030» Стратегиясында Елбасымыз «Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды», – деген еді. Мерзімінен бұрын жүзеге асқан осы бағдарламаның жалғасы іспетті «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында да еліміздің алдағы уақыттағы даму бағыты айқындалды. Биылғы Жолдауда осы ауқымды стратегияны жүзеге асыру кезеңі бесжылдықтарға бөлініп, нақты жұмыстар, тапсырмалар белгіленген. Енді осы Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттап, еліміздің жарқын болашағына сенімсіздікпен қарайтын кейбір пессимистік көзқарастарға тойтарыс беру алдымен ел сенімін арқалаған нұротандықтардың, ұлттық, патриоттық сезімге ие азаматтардың міндеті. Осындай ойларын ортаға салған Шәбден Тоқтасынұлы Жолдауда басымдық берілген салалардың жай- күйі, мемлекет халқының негізгі құрамы болып табылатын орта тап қалыптастыру мәселелері, т.б. туралы да әңгімеледі. 

«Біздің ұрпақ білімсіз болса, заманнан артта қалса, ертеңгі күні өзге білімді елдердің азаматтары бізді басқаруға кіріседі. «Мәңгілік Ел» идеясының мәні – осында. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ», – деген дана халқымыз. 2050 жыл көзді ашып-жұмғанша келеді. Осы уақыт ішінде біз «Мәңгілік Елдің» тізгінін ұстар жас буынды тәрбиелеуіміз, артта қалған салаларды дамытуымыз керек», – деп атап өтті Шәбден Тілеумұрат. Осы күні «Жаңатоған» бастауыш партия ұйымында да осындай жиналыс өтіп, онда сөз алған «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәбден Тілеумұрат, аталмыш бастауыш партия ұйымының төрағасы Серікжан Мамытов, жарыссөзде сөйлеген Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Ораз Жантайбеков, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Қошан Намазов және т.б. Елбасы Жолдауы, оны насихаттау шаралары туралы ой бөлісті. Жиналыста күн тәртібіне қойылған екі мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Please reload

bottom of page