top of page

Ендігі кезекте – нақты іс-қимыл

Бақтыбай АБАЙ

29 қаңтар, 2014

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халқымызға арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын көпшілікке түсіндіріп жеткізуге жұмылған ақпараттық-насихаттық топтар «Елбасы Жолдауы – болашаққа бастар жол» автокеруенімен өткен бейсенбіде біздің ауданда болып қайтты.

Аудан орталығында, ауылдық округтерде аудан активімен, тұрғындармен кездесулер өткізген олар Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігін, алға қойған мақсат, тапсырмаларының маңызын кеңінен әңгімелеп, сауалдарға жауап берді. 

Осы күні топ жетекшісі «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, топ мүшесі облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясының басшысы Қаржаубай Кемелов аудан активі жиынына қатысты. Кездесуді ашқан аудан әкімі Б.Көпбосынов облыс орталығынан келген қонақтармен, алға қойған мақсаттарымен таныстырған соң Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы, одан туындайтын міндеттер, әлеуметтік-экономикалық жағдайды одан әрі көтере түсу мақсатында ауданда атқарылып жатқан нақты жұмыстар туралы баяндама жасады. 

– Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында алдымызға Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсаты қойылып отыр, – деді Бақтияр Бейсембайұлы, – Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ол ел тарихындағы жаңа дәуірдің кемел келбеті. 

Одан әрі аудан басшысы Жолдауда атап көрсетілген күллі әлем көз тігіп, мойындаған жетістіктерімізге, ел байлығын еселей түсуге қосқан біздің меркіліктердің де үлесі барлығына тоқталды. Бұларды қысқаша айта кетсек елімізде Тәуелсіздіктің 22 жылында ұлан-ғайыр жұмыстар жүзеге асты. Дамудың өзіндік озық үлгісі қалыптасты. Республика халқының 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын, оның жылдан жылға жақсара түскенін білдіруде. Елбасы Жолдауда көрсеткендей білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысын арттырудың жаңа тәртібін белгілеуді және оны 2015 жылғы 1-шілдеден бастап енгізуді тапсырды. 

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға қарай біздің ауданда да халықтың тұрмысы оңалып, барлық салада ілгерілеу, ұмтылыс байқалуда. Алдағы уақытта бұл үрдістің сақталуына толық негіз, мүмкіндіктер бар. Оның ішінде биыл ауданда жалпы сомасы 3 млрд. 873 млн. теңгеге мынадай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Олар: Меркі тау шатқалынан ГЭС-5 жобасы, осында жұмыс істеп тұрған №1, №2 ГЭС-ке қосымша құрал-жабдықтар алу, осы Меркі шатқалындағы минералды ұңғыманы іске қосып, минералды сусын шығару, құрылыс кірпішін шығару, Ақарал ауылында шарап зауытын қайта жандандыру, Меркіде «Мега орталық» ойын-сауық кешенін пайдалануға беру, Меркі шатқалында 60 орындық шипажай құрылысы. 

Б.Көпбосынов өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, т.б салалардағы атқарылған шаруалар, алдағы істер, келешегі жөнінде қысқаша сөз етіп, Елбасы Жолдауы аясында жүзеге асырылуға тиісті негізгі міндеттерге баса назар аударды. Бұдан соң сөз ақпараттық- насихат тобымен келген қонақтарға берілді. 

Ш.Тілеумұрат өз сөзін: – Жақсылық жақсы адамдардан басталады, деген пікірді еске сала отырып бастап, – Осындай жандарды, игі істерді бастап, жалғастырып алып кете алатындарды өзім жақсы білетін Меркіден көремін. 

«Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданғанда ол жылдарға жетеміз ба, жоқ па, жоба іске аса қояр ма екен? деген күдік те болғаны рас. Н.Назарбаев Жолдауын: «қай портқа баратындығын білмеген кеме мақсатқа жете алмайды» дегенге саятын қағидамен бастаған-ды. Ұзақ мерзімге арналған бағдарламалар оңайлықпен жасалған жоқ. Елбасының өзі оларды ой елегінен өткізіп, талқылап жасауда басқалардың да еңбегі жатыр, деген. Тапсырма беру бар да, сенім көрсету бар, орындау бар. 

Жолдауды түсіндіріп, халыққа жеткізіп, басшылыққа алғанда әр сала, қызмет түріне қарай көрсетілген міндет, тапсырмалардың сыртында не тұрғанын ұқтыра жеткізу қажет. Салыстырмалы тұрғыда баға берейік. Мәселен, дамыған шетелдерде жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 60 мың доллардан асып жығылады. Яғни, бізден әлдеқайда көп. Алдыңғы технологияны қолданатын еврейлер 1 га егістікті суғару үшін 4 мың текше метр суды жеткізеді екен. Бізде ысырапшылдыққа көп жол беріледі. 

Тәртіп болмаса саясат жүрмейді, экономика алға баспайды. «Нұр Отан» партиясының Доктринасы да Елбасы тапсырмаларын орындауға серпін беретін, ықпалды күш, маңызды құжат ретінде қабылданды. Жолдауға қолдаулар бұдан былай да жалғаса беретін болады. 

Мәңгілік Ел болудың астарында экономиканы шапшаң қарқынмен дамыту, қауіпсіздікті де қамтамасыз ету жатыр. 

– Егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанымызда ел қайда бет алып, қай жолмен жүрерін анық білмей, абдырап қалғаны да рас, – деді Қ.Кемелов,– Сол жылдары Үкімет басына келген Қажыгелдин: «Бәрін сатып аламыз, бізде байлық жетеді», деп бардың өзін рәсуә етіп, жоқ қылуға мұрындық болды, ақыры оның меңзегендігінен түк шықпай, отставкаға кетті. Кейінірек көз жеткізгеніміз – байлықты көзін тауып, игеріп, жарата білуде екен әңгіме. Елбасының басшылығымен есімізді жидық. 1998-1999 жылдары нарыққа бейімделдік. Мұнай елге 1999 жылдан бастап пайда бере бастады. Мәңгілік Ел болуға алғы шарттар, жағдайымыз бар. Экономикамыздың іргетасы берік, ынтымақ, бірлігіміз, салт-дәстүр, тіліміз мәңгі. Қазақ тіліндей әдемі тіл, қазақ тарихындай тарих әлемде жоқ. Ежелгі халықпыз, тарихымыз 2000 жыл әріге кетеді. Аз білгенімізден ол жұқа ғана болып келсе, енді тәлімді кешегімізбен, кемел келешегімізбен қалыңдай түспек. 

Шығып сөйлеушілер сөйтіп бір ой-ұстанымға – бағыт-бағдар алынды, енді нақты іс-әрекетке көшейік дегенге тоқталды. Аудан активімен өткен кездесуді аудан әкімі Б.Көпбосынов қорытып, ақпараттық-насихат тобы мүшелеріне алдағы жұмыстарының сәтті болуына тілектестігін білдірді. 

Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы І.Ахметжанов, актив мүшелері, аудандық әкімдіктің бөлімдерінің, ұйым- мекемелердің басшылары қатысты.

Please reload

bottom of page