top of page

Жол – айқын, міндет – ауқымды

Нұрбану КАМАЛ

12 ақпан, 2014

Өткен аптада «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайында «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының кезектен тыс ХІІ конференциясы өтті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында ауданда атқарылған жұмыстар мен биылғы Жолдау жүктеген міндеттер кең ауқымда талқыланды.

Конференцияға «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов, партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, кәсіпорындар мен акционерлік қоғам басшылары, партияның аудандық филиалы «Жас Отан» Жастар қанаты Кеңесінің мүшелері т.б. қатысты. 

Конференцияда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және одан туындайтын міндеттер туралы баяндаманы аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бақтияр Көпбосынов оқыды. Ол баяндамасында Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауының «белсенді, дені сау және білімді азаматтар» деп аталған алтыншы бағытына айрықша тоқталды. 

«Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар болуы тиіс», деп баса айтқан болатын. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр», – деген Бақтияр Бейсембайұлы Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту туралы тапсырмасын орындау мақсатында ауданымызда үш жыл ішінде 5 балабақша, 12 шағын орталық ашылғанын айтты. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы жылдарда да жалғасатынын жеткізген аудан әкімі Жеміс-жидек, Сарымолдаев, Андас батыр ауылдарында 140 орындық, Жамбыл ауылында 280 орындық балабақшалар ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. 

Сонымен қатар, биылғы жылы Т.Рысқұлов ауылында 180 орындық, Интернациональное ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылыстарының жоспарланып отырғанын, жаңа орталық емхананың, Ақтоған ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның, Ойтал бөлімшесінде, Қызылсай, Кентай ауылдарында 10 адамға арналған медициналық тіректердің құрылыстары басталатынын айтқан аудан әкімі конференция қатысушыларына ауданымыздың медицина саласындағы өзге де оң өзгерістер туралы баяндады. 

Белсенді азаматтар тәрбиелеудегі негізгі тетіктердің бірі – спорт. Ауданымызда салауатты өмір салтын қалыптастырып, дене тәрбиесімен айналысуға да мүмкіндік бар. Бұл туралы аудан әкімі: «Ауданымызда үш спорт мектебі, 1 стадион, 31 спортзал, 9 арнайы қосымша спортзал және барлық ауылдық округтерде спорттық алаңдар жұмыс жасауда. Биылғы жылы орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу және бұрын «Журавушка» балабақшасы болған ғимаратты №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ауыстырып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оған қоса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Жамбыл, Андас батыр, Ақтоған, Ақермен ауылдық округтерінде балалар спорт алаңдары соғылады», – деп атап өтті. 

Мәдениет саласында да биылғы жылы жағымды жаңалықтар көп. Бірқатар ауылдық клубтар мен Кеңес, Ақтоған ауылдық мәдениет үйлерін, орталық кітапхананы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жоспарлануы сөзіміздің дәлелі. 

Аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бақтияр Көпбосынов баяндамасында осындай игі істерге көптеп тоқталғанымен, жаңа білім ошақтарын салумен шектелу – Елбасы Жолдауын жүзеге асырудың, әсіресе, білімді жастар тәрбиелеудің негізгі көрсеткіші еместігі анық. Биылғы Жолдауда айтылған мектеп оқушыларының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруі туралы тапсырма, ғылым, білімге қойылып отырған жаңа талаптар – мұғалімдер мен мектеп директорларына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осыған орай, Бақтияр Бейсембайұлы аудандық білім бөліміне мұғалімдердің біліктілігін арттырып, барлық пәндер бойынша білім сапасын арттыру мақсатында нақты шараларды белгілеп, жаңаша жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қадағалауында болады. Аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттауда да жүйелі жұмыс пен нақты жоспардың қажет екенін айтқан аудан әкімі аудан әкімдігінің спорт және денешынықтыру бөліміне, ауыл әкімдеріне, мектеп директорларына, жастар ұйымдары мен жасотандықтарға да белсенділік танытып жұмыс жасауды тапсырды. 

Бақтияр Көпбосыновтың баяндамасынан соң жарыссөзге конференция делегаттары – №17 Трубицын атындағы орта мектеп гимназиясының мұғалімі, Республикамыздың 2013 жылғы «Үздік мұғалімі» Назира Бектіғұлова, аудан әкімдігі спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Айваз Османов, аудандық орталық емхананың бас дәрігері Раушан Махатова, «Меркі» тәжірибе шаруашылығының басшысы Бақыт Сауранбаев, неміс ұлттық мәдени орталығының өкілі Ольга Артющенко және аудан әкімдігі «Жастар орталығы» директорының орынбасары Расул Маллабаевтар шығып сөйледі. 

Жарыссөзге шыққан делегаттар биылғы Жолдаудың басымдықтары, ондағы тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой қозғап, өз салалары бойынша ұсыныс- пікірлерін білдірді. 

«Меркі» тәжірибе шаруашылығының басшысы Бақыт Сауранбаев өзі басқарып отырған шаруашылықтың жетістіктері туралы айта келіп: «Елбасы тапсырмасына орай, ауданымызда өндірісті жандандырып, экономиканы көтеру мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Осыдан біраз бұрын аудан әкімі кәсіпкер азаматтардың басын қосып, бірқатар ұсыныстарды айтқан еді. Сол басқосуда Бақтияр Бейсембайұлы баршамызды ауданымыздың абыройын асырып, ел мерейін өсірер игі істерге жұмыла атсалысуға шақырған болатын. Нәтижесінде, міне, бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынды. Ауданның азаматтары әрдайым осылай ынтымақ-бірлікте жұмыс атқарсақ, өңіріміздің мәртебесін ойласақ, атқарған жұмыстарымыз да нәтижелі болады», – деп атап өтті. 

Жарыссөз аяқталған соң, сөз кезегі «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақовқа беріліп, ол өз сөзінде Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында облыс көлемінде атқырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Меркі – іргелі аудандардың бірі. Сондықтан, бұл ауданда қай салада болмасын, көрсеткіш төмен болмауы тиіс», – деген Бағлан Қарашолақов ауданды өзі басқарған жылдармен де салыстырып, бірқатар жетістіктерді саралап көрсетті. Ол ауданымыздың өрлеп-өркендеуін еліміздің дамуымен, облыс бюджетінің еселеп артуымен байланыстырды. «Меркі» шипажайына апаратын жолды жарықтандыру, Тәтті-Сарғобы жолын жөндеу жұмыстарын аяқсыз қалдырмау туралы т.б. ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов облыстық мәслихаттың хатшысына ұсыныс-тілектері үшін алғыс білдірді. 

Конференцияда делегаттар партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекітіп, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХІІІ конференциясына делегаттар сайлады. Конференцияда талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

 

Please reload

bottom of page