
Нақты іс-әрекет кезеңі
Бақтыбай АБАЙ
19 ақпан, 2014
12-ақпанда Меркіде, аудан әкімдігінде аудан әкімі Б.Көпбосынов 2013 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы, биыл алда тұрған міндеттер жөнінде тұрғындар алдындағы қорытынды есебін жасады. Жиналысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қатысты.
Аудан басшысы есепті баяндамасын Елбасы Н.Назарбаевтың жария еткен «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы ел өміріндегі басты оқиға, жаңалық болғанын атап көрсетумен бастады.
– Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында біздің ауданда да біршама жұмыстар атқарылуда, – деді ол, – соның нәтижесінде ауданның әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері жақсара түсті.
Одан әрі Бақтияр Бейсембайұлы ауданның қол жеткізген жетістіктерін нақтылай айтты. Арғы жылмен салыстырғанда ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру екі жарым еседен астам, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру – 1 млрд теңгеге жуық артты.
Орта, шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік бойынша 2012 жылы 10 млрд. 775 мың теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілсе, соңғы бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 16 млрд. 82 млн. теңгеге жетті.
Әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және медицина саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл әсіресе, мәдениет саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға күш жұмсалмақ. Әсіресе, ауылдардағы клубтар алаңдаушылық тудырып отыр. Аудан намысы –басшының намысы. Тұрғындармен кездесулерде айтылып қалып жүрген «Т.Рысқұлов ауданынан қалып қойдық» деген пікір Бақтияр Бейсембайұлын да бей-жай қалдырған жоқ. Меркіні гүлдентіп, бұрынғы даңқын қайтаруға бар күш-жігерін жұмылдырып, кірісіп кеткен сыңайлы.
Есепті жиналыста:
– Өткен жылы аудан бюджеті 105,8 пайызға орындалып, 1 млрд 205,8 млн. теңгенің орнына 1 млрд. 275,9 млн. теңге кіріс кірді. Жыл сайын бюджетімізді 200-300 млн. теңгеге толықтырып, көбейтіп отырсақ, 2-3 жылда бюджеті 2 млрд теңге көршілес ауданды қуып жетіп, озу мүмкіндігіне ие болып қаламыз, – деуі де аудан абыройын ойлаған басшының сөзі, жақсы ниеті. Өткен бірнеше жылды салыстырып, дәйекті түрде, жылдағыдан ерекше, кеңірек жасаған баяндамасы 2014 жыл – үлкен-үлкен жұмыстар жүргізілетін, небір ірі инвестициялық жобалар жүзеге асатын нақты іс-әрекет жылы болатынына сендіре түсті.
Аудан әкімінің есебінен соң алдымен облыстық мәслихаттың депутаты Қанат Шайхиев сөз сөйледі.
– Биыл қардың қалың жауып, күн қатты суытуына байланысты Құм жайылымында төтенше жағдай туғаны белгілі. Сондай кезде Бақтияр Бейсембайұлы жағдаймен тікелей танысып, бақылауда ұстап, қажетті көмектерді ұйымдастырды. Жанармай жеткізіліп, керекті техника шығарылып, ахуал ушықпай жөнге келді. Сол үшін, аудан басшысы сізге малшылар атынан рахмет айтамын. – деді ол, – Есебіңізді ауылдық округтерде де тыңдадық. Жетістіктер бар. Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша облыста екінші орынға шығыппыз. Барды бардай көрсете білсек, 1-орынды да иеленер едік. Өкінішке қарай ауданда бірқатар шаруашылықтар өнім жөнінде көрсеткіштерін жасырады, төмендетіп береді. Нақты айту керек. Ауданға газдандыруға 500 млн теңге бөлініп отыр. Шалғайдағы үш елді мекеннен басқа ауылдарға ауданда биыл газ жеткізіледі.
Бұрын сынға алынып келген ішкі істер бөлімінің жұмысы жөнделіп келеді. Ал, медициналық қызмет өте нашар дер едім. Шаруашылығымда жұмыс істейтіндер ауыра қалса Қарабалтаға, Бішкекке не Таразға барады. Неге сонша әуреге түседі? Өйткені, ауданда дәрігерлік қызмет облыс бойынша төмен деңгейде. Қаншама миллиондаған теңгеге құрал-жабдықтар әперілді. Қайтарым жоқ болып тұр.
Аудан әкімі: Мұндай реніштің орны бар, – деді, – медицинаға бәрін жасап жатырмыз, жұмыс істемесе өздері білсін. Жалпы ауданға жақсы мамандар керек. Таразға апарып оқытып, үйретудің де артықтығы жоқ.
Осы Меркі ауылының тұрғыны Сейсекүл Қалқабаева:
– Аудан әкімінің есебін тыңдап, бағасын беріп отырмыз, – деді, – Өмір болған соң өз қиындықтары, шешілуге тиісті мәселелері болады. Белді бекем буып, жұмыс істеп жатырмыз. Үлкен Шу каналының төмен жағында жеріміз бар, суармалы деп есептелгенімен ағын су келмейді. 17 жыл болды, салығын суармалы жер ретінде төлейміз. Қазір ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Су жеткізу керек, ол болса бақша дақылдарын, көкөніс өсіріп, консерві зауытына тапсырар едік.
Сол сияқты кірпіш шығаратын жеке кәсіпорын ашайық десек трансформатордың күші жетпейді екен. Аудандық электр жүйесіндегілер жаңасы 2 млн теңге тұрады, – деді. Трансформаторды өзіміз қалай қоямыз? Аудандық электр жүйесі қойып берсе.
Аудан әкімі бұл өтінішке нақты жауап берді: – «Шағын несиенің» аудандық бөлімінен 3 млн теңге несие ала аласыз. Трансформаторды (1,5 млн теңге) мемлекет тегін қойып береді. Осылай электр желісін де жүргізіп алуға болады.
Ал Үлкен Шу каналына қатысты қиындықтар бар. Кезінде бұл каналдан меркіліктер 12 текше метрге (секундына) дейін су алса, қазір 2 текше метр төңірегінде-ақ. Бұл әрине диқандардың бәріне жетісе бермейді.
Жарыссөзде сөйлегендердің бірі – Жамбыл ауылынан Әшен Қырғабақов өз сөзінде ауылында газ 15 метрдей жерге жүргізілмей қалғанын, жолдың нашарлығын алға тартты. Дәрігерлерді жамандамау керек, деп өз ұстанымын білдірді.
Б.Көпбосынов: – Газ ауылдың шетіне жеткізілген соң әркім өзі үйді-үйге кіргізіп алуы қажет. Ал, нашар жолдарға алдымен шағыл тас төселіп беріледі.
Жиналысқа қатысқан Ақарал өндірістік кооперативінің төрағасы Бақыт Адамсопиев әрі кәсіпкер ретінде өз ойын қысқаша тұжырымдап жеткізді:
– Бүгінгі тыңдап отырғанымыз тек аудан әкімінің ғана емес, халықтың да есебі деп есептеуге болады.
Аудан басшысына, депутаттарымызға рахмет, мал өрісі жағдайын шешіп отыр. Ақсақалдарымыз риза. Бақтияр Бейсембайұлымен жұмыс істеймін деген адам іскерлі қатынаста бола алатынына көз жеткіздім. Өзім оған тікелей кіріп, мәселелерді ашық айтып жүрмін. 2014 жылы қиналмау үшін кәсіпкерлерді көбейтіп, өзара пайдалы пікір алысуды, ой бөлісуді бағалайық. Аудан әкіміне кәсіпкерлер атынан тағы рахмет айта отырып, жұмысы дұрыс, қанағаттанарлық деймін.
Сөз берілген облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалманбетов (төменгі суретте) батыс Қырғызстан бағытындағы жолға, аудан орталығын қақ жарып өтетін орталық жолға қатысты қиындықтарды алдымен айта кетті:
– Әсіресе, автобаза, редакция, «Алкотамақөнеркәсіп» ЖШС аумағында бұл жол жаппай ойылып, тозып, қалыпты көлік қатынасына көп нұқсан келтіруде. Кезінде облыстық теңгерімге өтіп кеткендіктен бұл жолды күрделі жөндеу жылдан-жылға кейінге қалып келді. "Қазавтожолдың" облыстық мекемесінің басшысы Ержан Жасыбаевтың осы жиналысқа қатысуға келгенін пайдаланып, өз аузынан жағдайды естіп, хабардар болып қалсақ деймін.
Е.Жасыбаев ортаға шығып, қысқаша қалыптасқан мән-жайды айтты:
– Шындығында жолдың жағдайы сын көтермейді. 2012 жылы республикалық мәннен облыстық жол дәрежесіне өтіп кеткені проблема тудырды. Тиісті мамандарды әкеліп, жолдың жағдайын көрсеттім де. Жөндеу құжатының жасалғанына да міне үшінші жыл. Қаржыландыру үшін енді республикаға көп жүгіру керек.
Аудан әкімі енді бір-ақ жол қалғанын айтып:
– Астанадан шықпай, осы жолдың ақшасын алып келу керек, – деді.
Меркілік зейнеткер Нұрсұлтан Жәнібеков өз ойын әріден сабақтады:
– Бақтияр Бейсембайұлының ауданымызға келгеніне 5-6-ақ ай болды. Алғаш жұмысын бастағанда қордаланып, шешілмей тұрған мәселелер көп еді. Құланнан неміз кем, төңіректі тазартып ретке келтірейік, – деп ұсыныс жасағанмын. Көптің тілегі құп алынып, көптеген іс-шаралар жүргізілді. Енді міне, ел болып, жұрт болып, аудан басшысын қолдап, Құланнан асып түсеміз, деп отырмыз.
Тағы бір тілегім – Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын ғылыми негізде өркендету керек деп тапсырды. Осы жағынан, ауданда қант қызылшасын көптеп өсіруге ден қойсақ, тіпті де дұрыс болар еді.
«Меркі тәжірибе шаруашылығы мемлекеттік кәсіпорнының» директоры Бақыт Сауранбаев та көкейде жүрген ойын ашық айтты: – Аудан әкімінің есеп беріп, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдап, бірге әрекет етіп, ауданды одан әрі өркендетуге шақыруы орынды. Қазір ғана сөз алған Нұрсұлтан Жәнібековті толық қолдаймын. Бәріміз күш біріктіріп, бірге істеуіміз керек.
Бақтияр Бейсембайұлы, жуырда облыс әкімінің орынбасарында қабылдауда болдым. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының айналасын көріктендіріп, жандандырып, халықтың игілігіне қызмет еткізу бағдарламасы жасалыпты. Біз де әрекетсіз қалмайық. Жол айналасын пайдаланып, тауарлы ферма салу керек.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев те аудан әкімінің басшылығымен ауданда көп жұмыстар атқарылғанына, бұған ардагерлер риза екендігіне, Бақтияр Бейсембайұлы бәрін қабылдап, ақылдасып отыратындығына тоқтала келе:
– Ардагерлер үйін ашып берсеңіз, деген ұсынысын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ш.Мамасерікова да аудан басшысының жұмысына оң бағасын бере отырып:
– Елбасы Жолдауында айтқан Мәңгілік ел болу идеясы – азаттықты мәңгілік ету, болашақты баянды ету деген сөз. Халықты танытатын мәдениеті. Есепті баяндамадан естіп отырмыз – бұл саланы дамытуға ауданда әжептеуір қаржы бөлініп отыр екен. Биыл аудандық «Меркі тынысы» газетіне 80 жыл толады, басқа да мерейтойлар бар. Осы мерекелі жылы облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың аты берілсе. Жиналысқа қатысып отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков бұл ұсынысымды облысқа жеткізсе екен деймін.
Жарыссөз осымен аяқталып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков сөз сөйлеп, 19-ақпанда өтетін облыс әкімінің есебінің алдында облысты дамыту бойынша бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен таныстыра кетті.
Есепті жиналысты аудан әкімі Б.Көпбосынов қорытындылады.




