top of page

Сенімге лайық ықпалды күш

Бақтыбай АБАЙ

05 наурыз, 2014

«Нұр Отан» партиясына 15 жыл толды. Өткен жұма күні осы оқиғаға байланысты партия ардагерлері, нұротандықтар, мерекеге шақырылғандар аудандық әкімдіктің үлкен залында өтетін салтанатты жиналысқа келді. Оны жүргізушілер ашық деп жариялап, ҚР мемлекеттік Әнұраны орындалған соң, 15 жылдық мерейтоймен меркіліктерді құттықтау үшін сөз партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Б.Көпбосыновқа берілді.

– Бүгінгі көшбасшы партиямыздың құрылғандығына 15 жыл толып отыр, – деді ол, – Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру тарихы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Н.Назарбаев негізін қалап, өзінің аса биік беделімен, стратегиялық идеяларымен қолдап, саяси күш ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген «Нұр Отан» партиясының тарихын еліміздің тарихының құрамдас бөлігі деп қараймыз. 

...1999 жылдың 10-қаңтарында өткен президенттік сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткен Н.Ә.Назарбаевтың сайлауалды штабы негізінде «Отан» республикалық саяси партиясы құрылды. 

«Отанның» қалыптасуы және дамуы елімізде партиялық жүйенің дамуына серпін берген күрделі саяси реформалармен тығыз байланысты. 

Бақтияр Бейсембайұлы партияның даму тарихындағы төрт кезеңнің әрқайсысына, жүзеге асырған міндеттеріне тоқталды. Оның ішінде бірінші кезеңде, яғни, 1999-2004 жылдары партия саяси күш ретінде танылып, парламенттік басымдыққа қол жеткізді. Ал, төртінші кезең «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен партияның ХV съезінде қабылданған «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты саяси доктринасымен байланысты.

Бұл құжат еліміздің ХХІ ғасыр ортасына дейінгі басты даму бағдарламасындағы болашаққа бағдарланған идеялардың жалғасы. 

«Нұр Отан» өз тарихында мемлекеттің ақылшысы халықтың қорғаушысы, жастардың жанашыры бола білді. Көпшіліктің зор сеніміне ие болып, ықпалды күшке айналды. 

Партияның қалың бұқарамен тығыз байланыста жұмыс істеп отырған буындарының бірі – Меркі аудандық филиалы бүгінде 5402 мүшесі бар 34 бастауыш партия ұйымын біріктіреді. Аудандық филиал жанында жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау комиссиясы және «Жас Отан» жастар қанаты өз жұмыстарын жүйелі жүргізуде. 

Б.Көпбосынов сөзін аяқтай келе нұротандықтар бұдан былай да ұстанымына берік болып, ел мүддесі жолында қызметін жалғастыра беретіндігін атап айтты: 

– Біз халық үшін құрылған партиямыз, халық үшін жұмыс істейміз. «Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды», – деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Президентпен бірге қуатты Қазақстан үшін еңбек етеді. 

Бақтияр Бейсембайұлының сөзіне дәлел ретінде келтіре кетсек, партияның 15 жылдығына орай бірқатар халықты қолдау шаралары іске асты. Оның ішінде жуырда ғана аудандық филиалдың қоғамдық қабылдау бөліміне қайырылған әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы аналарға, жалғызілікті зейнеткерлерге, тағы басқаларға Меркі май ірімшік зауытының, басқа да жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен бірінші кезекте қажетті азық-түлік берілді. 

Жалпы партияның аудандық филиалы облысымызда алдыңғылар қатарында. 2012 жылы ол республикалық байқауда «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлімі» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алса, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы «Үздік филиал» атағына ие болды. Бұл әрине нұротандықтардың ортақ жетістігі. Осыған орай ауданымызда «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық міндеттері мен тапсырмаларының орындалуына айтарлықтай үлес қосып жүрген партия мүшелері марапаттауларға ие болған еді. Партияның аудандық филиалының төрағасы Б.Көпбосынов салтанатты жиналыста аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Қасымға «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының «Белсенді қызметі үшін» медалін өңіріне тағып, нұротандықтар партия ардагерлері Б.Иманбетовке осы Орталық аппараттың Алғыс хатын, Н.Сманға Құрмет грамотасын, Е.Шайхиевке, Б.Хасанбаевқа, М.Досымбетовке, С.Асанбаевқа, Қ.Мамырбаевқа партияның облыстық филиалының Құрмет грамоталарын, А.Базиловқа, С.Құралбаевқа, Т.Айнақұловқа, З.Ақшекееваға, Г.Байұзақоваға – партияның аудандық филиалының Құрмет грамоталарын тапсырды. 

Бұдан соң мүшелтой мерекесі алдында өтініш берген азаматтар Ж.Ордабаев пен Б.Егембердиев партия қатарына қабылданып, партияның жаңа үлгідегі билеті тапсырылды. «Нұр Отан» партиясы филиалының ауданда құрылғанына өз үлестерін қосқан, іргетасын қаласқан партия ардагерлеріне гүл шоқтарымен сый-сияпат жасалды. 

Сөз кезегі енді партия және еңбек ардагері Б.Әлмейізоваға берілді. 

– Ауданымызда 1999 жылы партия құрылып, жұмысы жүре бастағанда, оның қатарына өттім, – деді ол, – Ол кезде қиындықтар көп болды. Ел арасында күмән келтіріп, бұл не деген партия, бізге не береді дегендер болды. №44 мектепті басқаратынмын. Онда 50 адам жұмыс істейтін. Партия ұйымын құрдық. Осы жиналысқа қатысып отырған азаматымыз С.Асанбаев сол күннен бері оны басқарып келеді. Сол кезден партия мүшелеріне Елбасы саясатын халыққа жеткізу, білім мен тәрбиені ұштастырып, ойы ұшқыр жастарды тәрбиелеу міндеті қойылды. Партия көз алдымызда нығайып, Парламент сайлауында көп дауысқа ие болып, жеңіске жетті. Жаңа Доктринасы арқылы өркениетті елдің партиясындай беделі артты. Шетелдерге де белгілі болды. Әлеуметтік топтармен де жұмыс істей білуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастырып, ел ықыласына бөленуде. Мемлекетіміз бұдан былай да қуатты, бейбіт күніміз шуақты болуы үшін партиямен бірлескен жұмысымыз игілігімен алға жалғаса түссін. Мереке құтты болсын. 

Бұдан кейін партия ардагерлері С.Құралбай, Қ.Татығұлова, Ә.Қырғызбаев сөз алып, партияластарын, жалпы меркіліктерді «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығымен құттықтап, оның ел өміріндегі рөлі, ықпалы жөнінде жылы лебіздерін білдірді. 

Ортаға партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Қасым шығып, биыл 15-ке толған партия құрдастарын «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты түрде қабылдау рәсімін жасады. Қабылданғандар партия ісіне адал болуға атсалысатындарын жеткізді. 

Жуырда мерекеге орай партияның облыстық филиалының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында «Мен Қазақстан – 2050 Стратегиясын қалай түсінемін» деген тақырыпта шығарма жазудан жарыс өткізілген болатын. 

Оған қатысқан ауданымыздың №39 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Дана Райымбаева жүлделі орынды иеленген болатын. Марат Қасым осы салтанатты жиналыс үстінде оған арнайы диплом, бағалы сыйлық тапсырды. 

Жиналыс соңында аудандық Мәдениет үйінің «Меркі әуендері» ансамблі концерттік бағдарламасын тартулады.

 

Аудан әкімі Б.Көпбосыновтың М.Қасымға награда тапсыру сәтінен соң

Залдан көрініс

Please reload

bottom of page