
Елбасы жолдауы насихатталды
Нұрбану КАМАЛ
02 сәуір, 2014
Өткен аптада ҚР Көлік және коммуникация министрлігі көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев пен Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Арман Ақылжанов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы бойынша атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарларды талқылау мақсатында аудан тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Алдымен аудандық орталық кітапханада кездесу өткізген Әсет Асаубаев өз сөзінде: «Елбасы Жолдауында агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету туралы идеяны көтерген болатын. Бұл үшін біздің министрлікпен, Үкіметпен келісілген тиісті мемлекеттік бағдарлама әзірленген. Бұл бағдарлама шеңберінде 30 мың шақырым автомобиль және 8200 шақырым теміржолдарды жаңғырту мен жаңарту, 11 әуежайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, барлық 302 теміржол вокзалдарында күрделі жөндеу өткізу, 9 вокзал мен 42 автобекет құрылысын жүзеге асыру, көліктік логистикалық орталық санын 20- дан 34-ке жеткізу сияқты ауқымды жұмыстарды атқару жоспарлануда. Қазіргі таңда осы бағытта тиісті шараларды жүзеге асырудамыз», – деп атап өтті. Сондай-ақ ол биылғы Жолдаудағы инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, ғылыми қамтымды экономика құру, т.б. бағыттарға да кеңінен тоқталды.
«Біз сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді, өтініш-тілектеріңізді тыңдау үшін келдік» – деген министрлік өкіліне аудан тұрғындары ауданымыздағы орталық көшенің жолын жөндеу туралы өтінішін айтты. Қашаннан бері айтылып, Мәжіліс депутаттары да, Астанадан, Тараздан келген өзге де лауазымды тұлғалар шешуге атсалысамыз дегенмен, осы уақытқа дейін шешімін таппай тұрған бұл мәселе осы кездесуде де кең түрде талқыланды. Республикалық маңызда болып келген аталмыш жолдың былтырдан бастап облыстың балансына өткенін айтқан аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттардың да дайын екенін, 4 миллиардқа жуық қаржының қажет екенін жеткізді. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев облыс әкіміне министрлік атынан жолды жөндеу туралы ұсыныс-хат жолдап, аталмыш мәселені шешуге атсалысатынын жеткізді.
Осындай кездесулер №9 Меркі кәсіптік колледжінде және №39 орта мектеп гимназиясында да өтті.


