
Шекарадағы тәртіп – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
16 сәуір, 2014
Меркі ауданы көрші Қырғызстан мемлекетімен шекаралас жатқан аймақтардың бірі. Атап айтқанда, ауданымыздың Андас батыр, Аспара, Кеңес ауылдық округтері Қырғызстан мемлекетімен шектесіп жатыр. Бүгінде қырғыз елімен шекара мәселесіне байланысты туындап отырған ешқандай мәселе жоқ. Десек те шекара дегеннің өзі екі ел арасында қатынайтын халықтың, жүк тасымалдайтын және жеңіл көліктердің күндіз-түні толассыз ағылып жататын жері. Осы бір үздіксіз жүріп жатқан қозғалыстың кеден органдары мен шекара қызметінің бақылауында болғанымен онда заңсыз әрекеттердің де кездеспей қоймайтыны белгілі. Шекарашылар берген мәліметтерге сүйенсек, биылғы жыл басынан бері көрші Қырғызстан елінен ауданымызға контрабандалық жолмен өткізілмек болған 60 бас жылқы, 12 бас сиыр ұсталып, 50 тоннаға жуық халық тұтынатын тауарлар тәркіленген.
Әрине, шекарадағы заңсыздықтарды қадағалаумен айналысатын құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қолға алынып, қажетті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде шекара заңдылықтарын бұзу әрекеттері өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға азайған да. Соған қарамастан, шекарадағы заңсыздықтар әлі де болса тыйылған жоқ. Кей жағдайда заңсыз әрекеттердің орын алуына жергілікті халықтың себеп болып жататын кездері болады. Шекара қызметкерлері контрабандалық жолмен тауар алып өтпек болғандардың арасында мектеп оқушыларының да кездесіп қалатындығын айтуда. Осыған байланысты өткен аптада ауданымызға «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат келіп, ауданымыздағы көрші елмен шекаралас жатқан аймақтардағы ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, шекарадағы жағдаймен байланысты мәселелер турасында пікір алмасты.
Жиында алғаш сөз кезегін алған №2035 әскери бөлімінің командирі Дәурен Абиловтың айтуынша, Кеңес Одағы тұсында қырғыз елімен арада ешқандай шекара белгілері болмаған. Еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет болған соң шекара сызығы нақты анықталып, тиісті белгілер орнатылды. Сондай-ақ аудан аймағында шекара қызметінің бөлімшелері орналастырылып, олар бүгінде шекараны күзетуге қатысты тиісті талаптар негізінде жұмыс істеуде.
«Соған қарамастан, шекара аймағында заң бұзу әрекеттері толастамай отыр. Заңбұзушылықтар қырғыз елімен шектесіп жатқан Меркі ауданының ауылдық аймақтарының өзінде де аз емес. Олар көбінесе Қырғызстаннан контрабандалық жолмен мал айдап әкелу және халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдау болып табылады. Мысал үшін айта кетейік, осыдан бірер күні бұрын ғана Андас батыр ауылдық округінің аймағында мемлекеттік шекарадан заңсыз жолмен халық тұтынатын тауарларды алып өтпек болған 14 Камаз жүк көліктері ұсталды. Бұл көліктердің әрқайсысындағы тауарлардың құны миллиондаған қаржымен есептеледі және олар заңсыз тасымалдануда. Бұл дегеніңіз мемлекет үшін орасан зор шығын.
Өкінішке орай, қазіргі таңда шекарада мұндай әрекеттер жетерлік. Ең қиыны аталған әрекеттерге шекарада тұратын жергілікті тұрғындар да араласуда. Сол себепті біз бүгін «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесіп, жергілікті тұрғындармен осындай жиын өткізуге мәжбүрміз. Сондықтан осы басқосуға қатысып отырған, оны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз. Бүгін айтылған сөздерден кейін, ауыл ақсақалдары мен осы жердің белді азаматтары тұрғындарды ауызбіршілікке шақырып, жастарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға үндейді деген ниеттеміз. Бұлай деп отырғанымыз шекарада көбіне заңсыз әрекеттерге баратындар жастар, тіпті жасөспірімдер. Олар шекарадан заңсыз өткізілетін тауар үшін табатын аз ғана пайдаға қызығып, өмірлерін үлкен тәуекелге байлап жүргендерін түсіне бермейді. Біріншіден, заңсыз әрекет үшін ұсталған азамат қылмыстық жауапқа тартылады. Екіншіден, Қырғызстан ішкі саяси жағдайы шатқаяқтап тұрған ел. Соған қарай бұл елдің қадағалау органдарының жұмысы 100 пайыз талапқа сай деуге келмейді. Егер осындай мемлекеттен қауіпті, жұқпалы ауруға шалдыққан мал әкелінетін болса, одан мемлекетке үлкен шығын келеді. Мұндай әрекеттің зардабын бірінші кезекте қырғыз елімен шекаралас жатқан жергілікті тұрғындар шегеді. Сондықтан жергілікті азаматтар заңсыз тауар тасымалдаудан абай болғандары жөн», – деді бөлімше командирі.
Басқосуда шекарашылармен пікір алмасқан ауыл тұрғындары да шекарашылардың кейбір жұмыстарына деген өкпе-реніштерін білдірді. Кеңес ауылының тұрғыны Қуанышбек Ақауов айтуынша, Меркі ауданы арқылы өтетін кеден бекетінде күнде ұзын-сонар кезек. Шекара арқылы өткісі келген азаматтардың барлығы бір есіктен жүреді. Нәтижесінде жүксіз жүрген азаматтар бірнеше үлкен қоржыны бар саудагерлердің құжаттарының барлығының рәсімделіп, тексеріліп бітуін күтіп тұруға мәжбүр. «Осыдан келіп кеден айналасында жиналған халық арасында ылғи да айқай-шу, ұрыс-керіс. Денсаулығы нашар адамның мұндай жағдайға шыдауы мүмкін емес. Ал халықтың арасында жас та кәрі де, ауру да сырқау да бар. Сондықтан шекарашылар осы мәселеге ден қойғандары дұрыс болар еді», – деді ауыл азаматы.
Жиында сондай-ақ ауыл әкімдері де тұрып, шекарадағы санитарлық тазалық, тәртіп мәселелерін сөз етіп, шекарашыларды су тасқыны сияқты қиын жағдайларда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат шекарада қалыптасқан жағдайдың елді дүрліктіретіндей жағдай емес екендігін, алайда мұнда аздаған түсініспеушіліктердің бар екендігін, соларды осы жергілікті халықпен талқылап, тілдесу үшін келгендігін атап өтті. Бұдан әрі ол шекараға қатысты Қазақстанның тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдардағы жағдайға тоқталып, бүгінгі елдегі тұрақтылықтың болашағымыздың жарқын болуы үшін қаншалықты маңызды екендігін айтып өтті.
«Біз болашақта мықты мемлекет боламыз десек, бірінші кезекте ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз керек. Біз шекарамызды қымтап, ішкі, сыртқы жауларымыздан өзімізді қорғай алмайтын болсақ, қаншама бай мемлекет болсақ та болашағымыздың жарқын болуы екіталай. Сондықтан сырт қарағанда, елдің ішіндегі көптеген әлеуметтік мәселелердің бірі сияқты болып көрінетін шекарадағы тұрақтылықтың маңыздылығын біз жете түсінуіміз керек. Біз өзімізбен шектесіп жатқан барлық мемлекеттермен шекарамызды бекіттік. Әлемде көлемі жағынан 9-шы орында тұрған кең-байтақ жері бар, жерінің қой-қонышы байлыққа толы, бірақ енді ғана оңды-солын танып келе жатқан Қазақстан сияқты жас мемлекетке шекара мәселесін шешу оңай болған жоқ. Алайда біз оны шеше алдық.
Ал енді ең үлкен қиындықтарды еңсеріп, елді тұрақтандырғаннан кейін бейбіт заманда заңсыздықтарға жол беруіміз елдігімізге сын. Егер іште тәртіп болмаса, ол мемлекеттің болашағы болмайды. Бүгінде отбасын асырау үшін өзге елдің босағасын сығалап жүрген бірде-бір қазақ ұлтының өкілін көрмейсіз. Өйткені қазаққа өз елінде, өз жерінде бәрі жеткілікті. Елімізде соған үлкен мүмкіндік жасалған. Енді осындай бірлігі мен берекесі жарасқан мамыражай мемлекетте өмір сүріп жатып, шекарадан жылқы алып өтіп, үстінен 10 мың теңге пайда көремін деп тұрақтылық пен тәртіпті бұзу жарқын болашаққа бет алған елдің азаматтарына тән іс емес. Шекарадан заңсыз өткен малдың ауру еместігіне, оны елімізге көз алартқандардың әдейі жіберіп отырмағандығына кім кепіл бола алады? Неге біреудің заңсыз жолмен тапқан аз ғана пайдасы үшін бүтіндей мемлекет зардап шегуі керек. Осы мәселе біздің әрқайсымызды ойландыруы керек», – деді Ш.Тілеумұрат.
Басқосуда ауыл азаматтары «Нұр Отан» партиясының өкілдеріне өздерін толғандырған шекарадан өзге де мәселелер бойынша сауалдарын қойып пікір алмасты.


