top of page

Ымырасыз күрес жобасы

Бақтыбай АБАЙ

25 шілде, 2014

«Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының жобасын жалпы жұртшылықтың назарына ұсынғаны белгілі. Бүгінде жергілікті партия ұйымдарында ол талқыланып, партия мүшелерінің, халықтың пікір-ұсыныстары тыңдалуда.

Өткен сәрсенбіде «Нұр Отан» партиясының біздің аудандағы «Меркі», «Санаторий» бастауыш ұйымдарында да осы жоба қаралып, талқыланды. №39 орта мектеп-гимназияда өткен «Санаторий» бастауыш партия ұйымының отырысына партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат қатысты. 

Жиналысты аталмыш партия ұйымының төрағасы Ф.Исманов ашып, қаралып отырған мәселенің маңыздылығымен, күн тәртібімен таныстырған соң сөз партия мүшесі, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері М.Серімовке берілді. 

– Партиямыз «Нұр Отанның» ХV съезінде Төраға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасау мақсатында «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаты Нұрлан Әбдіровтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды, – деді ол – Жұмыс тобының құрамына танымал заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. 

«Қазақстан-2050» Стратегиясы міндеттерін іске асыру үшін алдымен қоғамда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету керек. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясы жауапкершілікті, негізгі жүкті өзіне алып отыр. 

Одан әрі ол қоғамымызға жат індетпен ымырасыз күрес бағдарламасы жобасында қарастырылған мәселелер, негізгі бағыт-бағдар, іс-шараларды жүзеге асыру тетіктері туралы кеңінен әңгімеледі. 

М.Серімов сөзін аяқтай келе бағдарламаны жүзеге асыру үшін әзірленетін Жол картасы әр 5 жылға емес, әр 3 жылға арналып жасалынса, жергілікті партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында бағдарлама негізінде арнайы іс-шаралар жоспарын жасау міндеттеліп, үлкен бастауыш партия ұйымдарында жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес құрылса деген ұсынысын енгізді. 

Жиналыста басқа да бірқатар партия мүшелері өз ойын, пікір-ескертпелерін білдірді. Аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Р.Маллабаевтың: – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің сөзімен айтсақ, бұл – «Жемқорлыққа қарсы бағдарлама сірескен нормаларға толы құқықтық құжат емес, жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған саяси құжат». Сыбайлас жемқорлықтың көрінісімен емес, одан туындайтын себеп-салдар, жағдаймен күрес аталмыш бағдарламаның басты қағидасы, – деп өз пайымын түйіндеп жеткізуі жиналғандардың да көңілінен шықты. 

Ашық пікір, диалог ретінде өткен басқосуда партия мүшелері, медбике Ж.Баялиева, журналист О.Артющенко да маңызды құжатты талқылауға атсалысып, өз ойларын еркін білдірді. 

Жиналғандардың сауалдарына жауап беріп, қорытынды сөз сөйлеген Ш.Тілеумұрат (үстінгі суретте): «Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы үлкен жұмыс жүргізді. Алда әлі де ауқымды міндеттер тұр, – деді. Бірінші кезекте тұрған мәселелерге назар аударды. Мәселен, көптеген адамдар жемқорлыққа тиісті мән бермейді. «Өзімнің қатысым болмаса болды», – деп қылмысты біле тұра тиісті орындардың алдына қоймайды. Жат әдеттен аулақ болу үшін жастарды ерте бастан тәрбиелеу керек. Қауіпті індетті қоғам, жұртшылық болып бірлесіп қана жеңе аламыз. 

Бұдан соң қаралған мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Жиналысқа «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары М.Қасым, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Б.Иманбетов қатысты.

 

Please reload

bottom of page