
Жақсы іс жалғасын табуымен мәнді
Бақтыбай АБАЙ
22 тамыз, 2014
Газетіміздің өткен санында жарияланғандай, 18-тамызда аудандық мәслихаттың ХХХІІ сессиясы болып, басты мәселе ретінде аудан әкімі Б.Б.Көпбосыновтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауда атқарған жұмыстары туралы аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебі тыңдалды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бүгінде отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздік өсуді қамтамасыз ететін жаңғырту жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын емтихан» – деп атап көрсетті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдылықтарын белгілеп, басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керектігін атап өтті. Сол бағыттар бойынша ауданымызда атқарылуы тиіс жұмыстар толық қолға алынды, – деді аудан басшысы өзінің есепті баяндамасында. Бұдан әрі ол экономикалық-әлеуметтік, мәдениет, білім беру, денсаулық, тағы басқа салалардың қайсысында болмасын ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жалғасын тауып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Үстіміздегі жылдың қаңтар- маусым аралығында ауданда шын мәнінде үлкен шаруалар жүзеге асты. Атап айта кетсек, өнеркәсіп саласында кәсіпорындар 4 млрд, 639,3 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Қант зауыты екінші жартыжылдықта өндіріс көлемін арттыра түсуіне мүмкіндік бар. Яғни, көрсеткіш едәуір жақсара түседі деген сенім мол.
Ауданда орылатын масақты дақыл көлемі – 30,2 мың гектар. Есепті кезеңде 22720 гектар орылып, жиналған өнім әр гектарға шаққанда орта есеппен 8 центнерден айналды. Қазір көрсеткіш біраз көтерілді.
Мал өнімдерін өндіруді арттыруға да негіз қалануда. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша ауданда шеберлік-жоспар бойынша жұмыстар қолға алынды.
«Батыс-Еуропа – Батыс- Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойынан салынуға жоспарланған 5 шағын жанұялық мал бордақылау алаңы бойынша «Там құрылыс» холдингіне өтініштер тапсырылды, қазіргі таңда алаң салатын жердің құжаттары рәсімделуде. Иелерін айта кетсек олар: Кеңес а/о-нен «Қайыңдысай» шаруа қожалығы, жеке кәсіпкер М.Дабылтаев, жеке кәсіпкер А.Керімбеков, Андас батыр а/о-нен «Ұлжан» шаруа қожалығы, Ақарал а/о-нен «Достық-М» шаруа қожалығы.
Андас батыр а/о-нен «Бахор», Жаңатоған а/о-нен «Медеу» шаруа қожалықтары өз қаражатымен теңгерімдегі сүт тауарлы фермасының 200 басқа арналған қораларына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Ауыл шаруашылық қолдау қоры» АҚ-ның Тараз қаласындағы филиалы осы екі шаруа қожалыққа сараптама жүргізіп, әрқайсысына 50 млн. теңге көлемінде қаржы бөлу туралы КазАГРО АҚ-ның келісімін алып отыр. Қазіргі таңда шаруа қожалықтары қажетті құжаттарын жинастыруда.
Есепті кезеңде жалпы әлеуметтік салаға 148,4 млн. теңге бөлінді, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,8 пайызға өсіп отыр. Мәдениет саласына 153,4 млн. теңге бөлінді, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп отыр.
2014 жылы аудандағы 4 елді-мекенде медициналық нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланып, есепті кезеңде Қостоған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды, ал Ақтоған, Кентай, Қызылсай ауылдарындағы медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Аудан көлемінде тіркелген орта, шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінен аудан бюджетіне 930 млн. 904 мың теңгенің төлемі түсті.
Есепті кезеңде жалпы білім саласына 2930,9 млн. теңге бөлінді, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,3 пайызға ұлғайып отыр. Аудан мектептерінде 1955 білім қызметкері жұмыс атқарады, оның ішінде жоғары білімдісі 1773, арнаулы орта білімдісі 182.
2014 жылы мектеп бітіруші 579 оқушы ҰБТ-ға қатысты, бұл 72,1 %-ды құрайды (өткен жылы да – 72,1 % құрады). Аудан бойынша орташа балл – 68,24, 2013 жылға қарағанда 2,2 балға төмендеп отыр (2013 жылы 70,36 балл). Облыстық көрсеткіштен (2014 жылы – 72,25 балл) аудандық орташа балл – 4,01-ге төмендеді).
Қаңтар-маусым айларында жалпы алаңы 7254,0 шаршы метр (2013 ж. – 7063,0 ш.м.) тұрғын үйлер пайдалануға берілді, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,7 пайызды құрады.
Арыз - шағымдар бойынша, 2014 жылдың есептік мерзіміне аудан әкімінің аппаратына келіп түскен өтініш- арыздардың саны – 1204. Соның ішінде жеке тұлғалардан – 706, заңды тұлғалардан – 498. Аудан әкімінің қабылдауында 142 адам болды.
Аудан басшысының есепті баяндамасында айтылғандай, жылдың алғашқы жартысында көптеген игілікті шаралар тындырылды. Олар енді жалғасын таба түсуімен маңызды, бүкіл еңбек жылын ойдағыдай қорытындылауға негіз болмақ.
Баяндамадан соң алдымен сөз берілген аудандық оқу бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, білім, тәлім- тәрбие орындарының жағдайы, жаңа оқу жылына әзірлігі жөнінде хабардар етті. Жалпы ағымдағы оқу жылында 15000,0 мың теңге мектептерді ағымды жөндеуден өткізу жұмыстарына бөлініп, ол толық аяқталған, қаражат игерілген.
«Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа құрылыс бойынша: Андас батыр ауылында 140 орынға арналған балабақшаның құрылыс- монтаждық жұмыстарының құны 323,1 млн. теңге. Балабақшаның мемлекеттік қабылдау комиссиясы 30-мамырда өткізіліп, 1-қыркүйекке ашу жоспарлануда, – деді Ж.Жантелиев, – Ал, Жамбыл ауылдық округінде 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2015 жылдың 1-қыркүйегі.
Тау шатқалында орналасқан «Жұлдыз» сауықтыру лагері күрделі жөндеуден өткізілуде, аяқталу мерзімі 2014 жылғы 19-қыркүйек.
Сарымолдаев ауылындағы 140 балаға арналған балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін конкурс жарияланып, 25-тамызда жөндеу жұмыстарын жүргізуші мердігер анықталуы тиіс. Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2014 жылдың 15-желтоқсаны.
Жеміс-жидек ауылындағы бұрынғы «Огонек» балабақшасы ғимаратын 120 орындық балабақша ретінде қолданысқа енгізу мақсатында негізгі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстарының құны 150644,9 теңгені құрап отыр. Аталған нысан бойынша облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылып, қаражат күтілуде. Гранитогорск елді мекенінде 50 орындық балабақша ғимаратының меншік иесін анықтау мақсатында сот органдарына жүгініп, алдағы уақытта бір жақты шешімін табу көзделіп отыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде 75 орындық «Әміржан» жеке балабақшасы іске қосылмақ, бұл күндері құжаттары әзірленуде.
Осы жоғарыда аталған нысандар іске қосылған жағдайда қамту пайызы 38,4 пайызды құрамақ.
№17 Трубицын атындағы орта мектеп-гимназиясын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау- сметалық құжаттары әзірленіп, 2014 жылғы 29-мамырдағы мемлекеттік сараптаманың №08-0104/14-қорытындысы бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстардың құны 277038,0 теңгені құрап отыр.
Сол сияқты Тәтті ауылындағы №13 орта мектептің, Савва атындағы №9 орта мектептің, Ойтал ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің жобалау- сметалық құжаттары әзірленіп, жұмыстар жүргізілді. Аталған барлық нысандар бойынша білім басқармасына тиісті бюджеттік өтінімдер тапсырылған.
Сондай-ақ, баяндама бойынша жарыссөзде аудандық мәслихаттың депутаты Н.Қойшыманова ауданда «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауызсу құбырларын жүргізу, тұрғындар игілігіне жарату бойынша да едәуір істер жүзеге асырылуда, әлі де тындырар шаруалар баршылық екенін жеткізді. Оның ішінде орталықтағы балалардың ойын алаңына күтім керек.
Аудандық мәслихаттың депутаты Б.Жексембиев те қол жеткен игілікті өзгерістермен қатар кейінге қалдырмай шұғыл шешер міндеттерге назар аударды. Мәселен Ақтоған ауылдық округінде үй салып, жеке шаруашылықты жүргізуге 30 га жер бөлінген. Бірақ мұнда әлі күнге ауыз су жоқ, электр желісі жүргізілмеген. Жаңа салынып жатқан дәрігерлік пункттің де құрылысы созыла түсуде.
Меркі ауылдық округінің әкімі Е.Қосуақов округте жүргізіліп жатқан жұмыстар, тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу жайы туралы айтып нақты дәйектемелер келтірді.
Сессияға қатысқан Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Ж.Абдуллаевтың (суретте) да алқалы басқосуда ортаға салар ой-пікірі аз емес екен. Аудан бюджетінен бөлінген қаражаттың әр елді мекен, көше бойынша қалай игеріліп, жәрдемақылардың кімге не бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқанына дейін түйіндеп айтып: – Сарымолдаев ауылдық округі аппаратына үстіміздегі жылдың басында 35 млн. 450 мың теңге бөлінген, оның ішінде 17 млн. 987 мың теңге жалпы жылдық аппарат қызметіне, 11 млн. 747 мың теңге өңірлерді дамыту, қалған қаражат – 5 млн. 716 мың теңге көше жарықтандыруға, тазалық, абаттандыру, ағын суды халықтың қосалқы шаруашылығына пайдалануға берілген, – деді ол. – Бөлінген қаражат жылдық жоспарға сәйкес жұмсалып, белгіленген мерзімінде игерілуде. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарлама бойынша №1 орта мектепке 3 млн. 920 мың теңгеге ағымды жөндеу өткізіліп, 3 млн, 298 мың теңгеге №12 орта мектептің төңірегі жартылай қоршалып, 1-қыркүйекке дейін қалғаны бітеді. Қалған 4 млн. 499 мың теңгеге Екпінді елді мекеніндегі орталық көше бойына (екі жағы) шырша отырғызу жұмыстарын «Париев» серіктестігі ұтып алып, жұмыс ерекшелігіне байланысты қазан айында басталып бітеді.
2008 жылы 20 гектар жер телімі бөлінген «Расщупкин» мөлтек ауданында инфрақұрылым жоқ. Жаңадан бөлінген 24 гектар «Орловка» көшесі аяғындағы «Асфальтный» мөлтек аудан маңындағы 21 гектар халыққа қосалқы шаруашылығын жүргізетін жер телімдеріне жаңа СНИП-қа сәйкес инфрақұрылым құрылысын жүргізуге қаражат бөлінсе деп сұранамын. Және де Сарымолдаев ауылдық округінің аппаратына кеңсе үшін жай сатып алу қажеттігін тағы еске саламын.
Жарыссөзге шығып сөйлегендер аудан әкімі Б.Көпбосыновтың жұмысына, есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сессияға аудандық мәслихаттың хатшысы І.Ахметжанов, депутаттармен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары қатысты.

Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Ж.Абдуллаев

Залдан көрініс


