
Меркіде мега орталық салынбақ, Күн стансасын пайдаланар күн де алыс емес
Бақтыбай АБАЙ
24 қаңтар, 2014
Ауданда жуырда кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Оның алғашқы отырысында мега орталық, күн электр стансалары, жаңа шарап зауыты мен минералды су өндіретін зауыт салу, арпа, қант қызылшасын көбірек егіп, қант өндірісін жолға қою мәселелері сөз болды. Кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жалпы кәсіпкерлер кеңесін құру – аудан әкімі Б.Көпбосыновтың бастама, идеясы. Бұл жөнінде ол аудан көлеміндегі басқосуларда айтып, еске салып келгені белгілі. Енді міне, сөз бен іс бір жерден шықты деуге болады.
Кеңестің төрағасы болып Б.Көпбосынов, төраға орынбасары болып аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Д.Тасқараев бекітілді. Кеңес құрамында 19 адам бар.
Аудандық әкімдікте өткен кеңестің жоғарыда айтылған мәжілісінде ортаға салған ой, ұсыныс, мүмкіндіктерін ескере келе Меркі селолық тұтынушылар одағының басшысы Б.Рахымбаевқа мега орталықты салуға шешім дайындап, құрылысын бас жоспарға енгізу, «Гидроэнергетикалық компания» ЖШС атқарушы директоры Б.Мырзабаевқа күн электр стансасын салуды қолға алып, қадағалау, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Б.Адамсопиевке Ақарал ауылында жаңа шарап зауытын, С.Қалманбетовке минералды су (Меркі тау шатқалы аумағындағы) шығаратын зауытты салу тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын (арпа, қант қызылшасы) өсіруге ықылас білдірген «Нарт» қожалығының (Жамбыл ауылдық округі) басшысы К.Нартоваға, жеке кәсіпкер Б.Хасанбаевқа (Андас батыр а/о) жер телімдерін бөлуді аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі қарастыратын болды.
Ірі көпшілік орын болып табылатын мега орталық ешбір ауданда жоқ. Республикамызда ірі қалалар Астанада, Алматыда және Шымкентте ғана бар. Меркіде бірінші рет салынайын деп отырған нысанда сауда-саттық ұйымдастырылып, ойын-сауық кешені жұмыс істеп, келгендерге басқа да қызметтер көрсетілмек. Мега орталық Меркідегі «Махаббат әлемі» сауда орталығының арт жағында орын тебетін түрі бар. Б.Рахымбаев бұл алып құрылысқа 150 млн. теңгенің төңірегінде инвестиция салуды ниет етіп отыр. Бұйырса бұл орталық биыл қолға алынбақ. Бір жылда бітіп те қалар.
С.Қалманбетов зауыт салып, Меркінің өз минералды суын шығару үшін шетелдік заманауи қондырғылар алмақ. Бұл кәсіпорын құрылысы да биыл басталып кетпек.
Б.Адамсопиев те аудан экономикасын дамытуға өзіндік үлес қоссам дейді. Зауытының құрылысын бастап та кетті. Алдағы көктемде 100 га жерге жүзім екпек. Жерін айдап, көшеттерін әкеліп те қойды. Мұнда интенсивті бақ та өсіріліп, сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малы да ұсталмақ. Кәсіпкер меркіліктердің алма, жүзім өсірулерін сұранды. Өнімдерін қабылдайды. Шарап зауыты биыл бітіп, келесі жылы іске қосылмақ.
Қысқа уақытта – бір жылдың ар жақ, бер жағында жүзеге асырылуы көзделген бұл және басқа да іс-шара, шаруалар ауданымызды өрге оздыруға айтарлықтай ықпал ететіні анық. Кейбір жағдайда құландықтар бізден озып кетті деген ой әдірем қалып, Меркінің дәуірлеп, бұрынғы даңқын қайтаратынына сеніміміз арта түсті.
Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Осы салада жұмыс істейтін басқа да меркіліктер ортақ мақсат жолында ұмтылыстарымен көрінуде.
– Ауданда жыл сайын өткізілетін байқауда олардың арасында ең мықтылары, ілкімдіректері анықталып жүр, – дейді бізбен әңгімесінде Дос Тасқараев, – 2013 жыл қорытындысымен сынақ екі аталым – өндіріс және халыққа қызмет көрсету саласы бойынша өткізілді. Жеңімпаздар, жүлдегерлер аудан әкімінің дипломымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Таңдаулылармен жұртшылық таныс болып жүрсін, атай кетейік. Өндіріс саласында Меркі консерві зауытының басшысы Д.Тілеуберген – бірінші орынды, «Айжібек», «Алақай» өндіріс орындарының басшылары Н.Бақашев, Ғ.Исаева екінші, үшінші орындарды, қызмет көрсету аталымы бойынша «Зико және К» серіктестігінің басшысы З.Мырзабаев – бірінші, «Көккөл», «Диваруди» қызмет көрсету орындарының басшылары Ж.Әлімбеков пен Р.Аббасова – тиісінше екінші, үшінші орындарды иеленді.
Елімізде, ауданда кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөліне бермек. Ол басымдыққа ие салалардың бірі. Мемлекет басшысының жария еткен «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жаңа Жолдауында да кәсіпкерлікке зор маңыз берілген. «... шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикада шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі», – деп көрсетті. Бұл салада еңбек етушілер саны біздің ауданда да жыл сайын өсіп, өндірген өнім көлемі, көрсеткен қызмет ауқымы артып келеді. Сөйтіп кәсіпкерлікті өркендету – ауданды қайта түлетудің сенімді бір тетігіне айналды.
Суретте: Жылдың үздік кәсіпкері атанған Д.Тілеубергенді (сол жақта) аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы І.Ахметжанов және ауыл шаруашылығы, өңдеуші мекемелер қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрайымы С.Қалқабаева құттықтап, диплом тапсырды.


