top of page

Кәсіп түбі – нәсіп

Бейбіт СЕРІКБАЙ

04 ақпан, 2014

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан – ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» – деді

Сондай-ақ, қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайтындығы және халықтың 97 пайызы еліміздегі әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы және оның жыл өткен сайын жақсара түскені туралы айтып жатқандары атап өтілді. Иә, расында да жылдан- жылға ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінің деңгейі жоғарылай түсуде. 

Былтырғы жылы аудан экономикасының өнеркәсіп саласында кәсіпорындар 13 млрд. 53,6 млн. теңгенің өнімін өндірді. Ал, 2012 жылы 5,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болатын. Бұл сандарға қарап аудан еңбеккерлерінің бір жыл бойында өнім өндіруде алға серпіліс жасағаны көрініп тұр. Ауданымызда кәсіпкерлік саласы бойынша да ілгерілеу бар. 2013 жылы аудан көлемінде тіркелген орта, шағын және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57666-ны құраған, арғы жылмен салыстырғанда, 1200 субъекті кәсіпкерлікті қолға алып, жұмысын бастаған. 

Ауданымызда соңғы уақытта мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды пайдаланып, жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіптің көзін ашып жатқан азаматтар жетерлік. Сондай белді, ілкімді кәсіпкерлердің бірі меркілік Е.Қалысбаев. «Қалысбаев» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсету саласында көптеген жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, техникалық байқау орталығы, көлік жуу, техника жөндеу бекеттері, құм-бетон кірпішін жасайтын шағын зауыт, дүкен сынды жұмыс орындарында 50-ге жуық адамдар жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, былтыр бұл жеке кәсіпкерлік субъектісі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 15 млн. теңге жеңілдетілген пайызбен несиені «АТФ банктен» алып, қонақ үй құрылысын бастап, биылғы жылы аяқтап пайдалануға беріп, бизнесін алға қарай дамыту әрекетін жасауда (суретте). 

Жоғарыда айтылған қызмет көрсету нысандарының ішіндегі техника жөндеу бекетіне (ТЖБ) де аудан тұрғындары көптеп қайырылуда. Бұл ТЖБ-де өте білікті тәжірибелі мамандар жұмыс істеп, отандық және шетел көліктерін жөндеп, жолға салып, көлік иелерінің алғыстарын алуда. Осы айтылған ТЖБ-нің темір ұстасы мамандарының бірі – Ақермен ауылының тумасы Марат Жетпісбаев (суретте). Ол ауылдағы мектепті бітіре сала әскерге алынып, Әскери Әуе Күштері қатарында азаматтық борышын атқарған. Әскерден келе сала қайта еңбек жолын жалғастырып, машина-трактор шеберханасында темір құрал- жабдықтарды жөндеп, реттеуші болып жұмыс атқарды. Бүгінде үйленген, 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған Марат ауданға келіп, 2007 жылдан бері ТЖБ-де темір ұсталық, металл жону қызметтерін көрсетеді. «Темірден түйін түйетін» Марат өнертапқыштық өнерімен де көзге түсіп жүр. 

Автокөліктердің барлық қосалқы бөлшектерін ауыстырып, тетіктерін жөндейтін жігіт темір станогында көліктердің қозғаушы бөлігіндегі сайлент блок қосалқы бөлшегін жонып, трактор дөңгелегі резеңкесінен қолдан жасап салып та береді. Қызметін пайдаланушылардың айтуынша, бұл қолдан шыққан бөлшек ұзаққа шыдайды және зауыттан шыққан автобөлшектен арзан. 

Соңғы кездері өнертапқыш Марат екі цилиндрлі электр қуатын беретін қондырғыны ыңғайлап, ауыл шаруашылығына пайдаланатын шағын трактордың қозғалтқышы ретінде орнату жоспарында бар. Елбасы Жолдауында: «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс», – деген сөзді де басшылыққа алған ол туған інісі Айдарды да мамандығына баулып, жанына алған. Сондай-ақ, техника жөндеуді үйренемін деген жастардың да қолын қақпай кеңес беріп, үйретуден де жалықпайды. Соның бірі – өзіне көмекші етіп алған Таңат Қожамқұлов. Кәсібінің нәсібін көріп, балаларын тәрбиелеп өсіріп, үлкен қызын жоғары оқу орнында оқытып отырған «сегіз қырлы, бір сырлы» отағасының еңбегі әркез жандана берсін, деп тілейміз. 

Please reload

bottom of page