top of page

Меркідегі мерейлі істер ауыл тұрғындарын қуантты

Нұрбану КАМАЛ

07 ақпан, 2014

Ақпанның 5-і күні аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Меркі ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайында өткен жиналыста ауыл тұрғындары ауданымызда атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, әр салада атқарылған жұмыстар мен белгіленген межелер туралы толыққанды баяндама жасаған аудан әкімі алдағы уақытта Меркімізде бірқатар мерейлі істердің жүзеге асатыны туралы айтты. Әсіресе, құрылыс жұмыстарының қарқынды болатыны күтілуде. Биылғы жылы құрылыс саласына бөлінген қаржы көлемі былтырғымен салыстырғанда 2 есеге жуық артқан. 

Ауыл шаруашылығы саласында «Интенсивті бақ» өсіру, шарап зауытының іске қосылуына орай жүзім шаруашылығын дамыту тәрізді бірқатар жаңалықтар жүзеге асырылмақ. Жиналыста аудан әкімі биылғы жылы 100 гектар жерге жүзім көшеттері отырғызылатынын, кейінгі жылдары бұл көрсеткішті 500 гектарға жеткізу көзделіп отырғанын айтты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ауданымызға бөлінген қаржының көлемі де артқан. Бұл – азаматтарға берілетін жеңілдетілген несиелердің көлемі артты, бағдарламаның оқыту, қайта даярлау сияқты өзге бағыттары бойынша да аудан тұрғындарына көп мүмкіндіктер берілді деген сөз. 

Аудан әкімі баяндамасында әр саладағы осындай жетістіктер мен межелерді айтып өткен соң, сөз кезегін алған облыстық мәслихаттың депутаты, №17 Трубицын атындағы орта мектептің директоры Гүлжан Тілеубердиева көп күттірмей шешімін табуы қажет бірнеше проблемаларды қозғады. Орталық Ысмайылов көшесінің жолын жөндеу – Меркі ауылдық округі тұрғындарының ғана емес, барша аудан тұрғындарының басты мәселелерінің бірі. Облыстық мәслихаттың депутаты ауыл тұрғындары атынан республикалық маңыздағы бұл жолдың тез арада жөнделуіне аудан әкімі бар мүмкіндікті қарастыратындығына сенім білдірді. Сонымен қатар, Гүлжан Тілеубердиева ауданымыздағы еңселі ғимараттардың бірі – «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайын газға қосу мәселесі биылдан қалмай шешілсе, №17 Трубицын атындағы орта мектеп жанынан шағын футбол алаңы салынса деген өтініштерін де жеткізді. Бұдан соң сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалманбетов «Меркі» шипажайына республикамыздың түкпір-түкпірінен келетін демалушыларға ГЭС құрылысы қолайсыздық тудырмас үшін құрылысқа апаратын айналма жол салу, жалпы, Меркі тау шатқалының тазалығын қамтамасыз ету, ауданымыздан шыққан айтулы тұлғаларға ескерткіш орнатып, аллеялар салу туралы ұсыныс-тілектерін жеткізді. 

Орталық базарды көшіру, газет-журналдардың уақтылы жеткізілмеуі, «Балауса» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу, Ермек Сауранбаев көшесінің жолын жөндеу туралы өтініштер аудан әкіміне жазбаша түрде жеткізілді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Тұрсынбаев Жарылқасын көшесінің жолын жөндеу, Буденный, Кемелбеков көшелеріне ауызсу құбырларын жүргізу туралы өтініштерін айтты. 

Сауалдарға жауап берген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов: "Ауданымыз жыл сайын дамып, өркендеп келеді. Алдағы жылдарға жоспарларымыз, межелеріміз үлкен. "ЭКСПО – 2017" көрмесіне келетін шетелдік қонақтардың Меркі, Тараз сияқты тарихи орындарды аралайтыны белгілі. Сондықтан, орталық көшені жөндеудің маңызы арта түсті. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Ал, базар 2016 жылға қарай көшірілуі мүмкін. Биыл жаңа техникалар алуға қаржы қарастырылғандықтан ауданымызда тазалық жұмыстары қажетті деңгейде жүзеге асырылатын болады", – деп атап өтті. Ауызсу, жол мәселелері бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, бұл мәселелердің алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.

Жиналыста сөз алған ауыл тұрғындары мен депутаттар ауданда жүзеге асырылып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, аудан әкімінің бір жылдық жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. 

Ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Жәнібеков: "Қаңтар айында өткен ауыл әкімінің есеп беру жиналысында бірқатар сын айтқан едім. Сол айтылған сыннан қорытынды шығарылып, аудандық орталық кітапханаға жылу жүйесі жүргізілді. Бұл үшін аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа, ауылдық округіміздің әкімі Есбол Қосуақовқа да кітапханашылар және оқырмандар, ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіремін", – деді.

Please reload

bottom of page