
Сала бойынша тұңғыш кәсіпорын
Бақтыбай АБАЙ
21 ақпан, 2014
Биыл Меркі қант зауытының іске қосылып, құмшекер шығара бастағанына 80 жыл толды. Бұл тек біздің аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін де маңызы зор оқиға. Өйткені меркілік зауыт – Қазақстан бойынша қант өндірісінің тұңғышы. Осыған орай еңбек ардагері, ҚР кәсіподақтарына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» медалінің иегері атанған, аталмыш кәсіпорында бұрын кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген Түзел ТАПАЛОВТЫҢ зауыттың тарихы, кешегі және бүгінгі тірлік-тынысы туралы зауыттың мұрағатынан алынған деректерді пайдалана отырып дайындаған материалын жариялаудамыз.
Қазақ АССР халық комиссарлары Кеңесінің отырысында Меркі стансасында Қазақстандағы ең бірінші қант зауытын салу туралы қаулы қабылданды. Бұл 1932 жылдың сәуір айы еді. Бұл қаулының қабылдануына жерлесіміз, Ойтал ауылының тумасы, сол кездегі мемлекеттік жоспарлау комитетін басқарған Қабылбек Сарымолдаевтың ықпалы зор еді, деседі ел.
Зауыт жүруі үшін егістік жерлер белгіленіп, Шу ауданында 10000 гектар, Меркі ауданында 20000 гектар қант қызылшасын себетін болды, оған агроном, украинадан келген Петр Мефодьевич Кошель жетекшілік жасады.
1934 жылдың қаңтар айында қазандықтарға от жағылып, 4 ақпанда зауытты қыздырып, жұмыс режиміне келтірілді. Ол кезеңде техника жоқтың қасы, барлығы қолмен атқарылушы еді. Қызылшаны арбалармен тасып, «қағат» салатын, қағаттан өгіз арбаларға тиеп, арнайы жерге төгіп жуатын.
Қазақстан тарихында ең жауапты да, қуанышты күн келіп жетіп, 16-ақпан күні ең бірінші құмшекер алынды. Ол жылдары зауыт тәулігіне 460 тонна қант қызылшасын өңдеуші еді.
Зауыт жүрген соң үйлер салынып, саябақ, аллея, жеміс-жидек ағаштары отырғызылды. Халық ол кездері шаршап шалдығуды білмейтін еді, үрмелі аспаптардың әуенімен марқұм Иван Дмитриевич Филимонов, К.О.Эма, т.б. жұмыскерлер бастап өлең айтып, би билеп іске құлшына кірісуші еді.
1932 жылдың басында Меркі қызылша кеңшары құрылып, оған О.Колесников басшылық етті. Сол тұстағы кеңсе Меркі ауылында еді, кәзіргі І бөлімшеде жұмысшылар тұратын тек екі барак болатын. Көктемгі жер жырту ат, өгіз, түйе сүйреген соқалармен басталып еді, оның өзі барлығы 25-ке жуық болатын. Сол 1932 жылы 70 гектар жер жыртылып, 120 центнерден өнім алынды. Осы жылдың екінші жартысынан Ресейден, Украинадан, сондай-ақ өзіміздің ауданнан келген механизаторлар М.Панов, В.Шевчук, Н.Скворцов, Беркутов, Соколинский, Байболатов, Темірбековтар күндіз түні еңбек ететін. Зауыт жұмысымен қатар поселке де салына бастады, балабақша, дүкен, орта мектеп салынып, Әмірқұл Мұқашев мектептің бірінші директоры болды.
Ол жылдары өмір өте қиын еді. Мектеп суық, оқушылар мектепке жинаған ағашын қолтықтап баратын, партада киіммен отыратын, дегенмен балалардың білімге ынтасы сонша – кешігу деген болмайтын, үйінен кейбір оқушы жалаң аяқ жүгіріп мектепке жетуші еді. Сол оқушылардың көмегімен зауыттың мәдени-демалыс саябағы гүлге оранып, ән биге бөленіп, жылдан жылға көріктене түсті.
1937 жылы Ойтал поселкесі салынып, оның аймағына 160 үйде, 23 барак типтес үйде барлығы 968 адам тұрды. 1941 жылы соғысқа жарамды зауыттың ер азаматтары түгел майданға кетті. Бүкіл ауыртпашылық әйелдер мен жасөспірімдерге түсті. Соғыстан 101 жауынгер оралмады.
Зауыт саябағының ортасында жерленген республикада қызылша егудің негізін қалаған марқұм П.М.Кошель мүрдесінің жанында сол соғыстан қайтпаған асыл азаматтар құрметіне обелиск орнатылып, аты- жөндері жазылды.
Бір қызығы 1935 жылдан 1944 жылға дейін зауытты атақты «Вокруг света» бағдарламасының жүргізушісі, саяхатшы А.А.Сенкевичтің әкесі Александр Яковлевич Сенкевич басқарды.
Соғыс жылдары халықтың жанқиярлық еңбегі қазір бір ертегі сияқты. М.Н.Козачук, Я.И.Пашкевич, Аманжол Тұрғынбаев, П.А.Лучщев, П.А.Царевой, тракторшылар Надежда Бочкова, Надежда Егорова, Мария Сисекина, Дайганат Чачаева, Печерскаялар қажырлы еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары Социалистік еңбек ерлері П.Е.Холодов, М.К.Шандренко, одан кейін Н.С.Скугорев басқарып, зауыттың, поселкенің өркендеуіне көп көңіл бөлінді. Сол жылдары көптеген тұрғын үйлер, мектеп, туристік база, 100 орындық сауықтыру кешені, спорт залы, 280 орындық қысқы сарайы, 100 орындық жазғы сарай, кітапхана, 320 орындық балалар бақшасы салынды.
Ойтал поселкелік Кеңесінің тұрғындарына 2 орта, 1 сегізжылдық және 1 музыка мектебі, поселкелік аурухана салынып, пайдалануға берілді. 1947 жылдың қорытындысымен 15 адамға Социалистік Еңбек Ері атағымен қоса Ленин ордені, «Орақ балға» алтын медалі тапсырылды. Кейінгі жылдары зауыт тұрған Ойтал поселкесі кішігірім қалашыққа айналып, зауыт жұмысшылардың үрім-бұтағымен істейтін екінші үйіне айналды. Зауытқа 16 жасында қызылша қабылдау пунктінде жұмысшы болып кірген Смағали Кәрімов кейін зауыт директорына дейін көтеріліп, зауыттың өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Білгір маман ретінде қазір де қант өндірісі басқармасында қызмет істейді.
Қоғам өзгерген қиын жылдары кәсіпорын тоқтап, жеті жылғы үзілістен кейін зауыт құрылғыларының даусын қайта естігенде біраз адамның көзінен еріксіз жас шығып кетті. Әрине, бұл қуаныш жасы еді. Үзілген үміттің қайта тұтануы еді. Мысалы, 1942 жылдан жас өмірін зауыттан бастап, 2007 жылға дейін жұмыс істеп жүрген С.Н.Крысин, 18 жасында зауытқа еңбек практикасын өтуге келген Галина Киршева, да 1965 жылдан 2012 жылға дейін жұмыс істеді. Зауытта өткен өмірлерін еңбек озаттары Ю.И.Кащеев, Т.Е.Рустамов, Я.И.Синотова, Ф.И.Телегина, П.А.Лучщев, А.Белхожаев, Е.М.Зубов, С.К.Кубатин, А.Е.Литвинов, Д.Б.Байқазақова, П.И.Каун, М.Оспанов, А.И.Ищенко сияқты еңбек ардагерлері ерекше сағынышпен еске алады.
Жекешелендіру кезінде Меркі зауыты қолдан қолға өтіп, 2002 жылы «Азия Сахар» компаниясына тиді. Компания 3,5 млн. АҚШ долларын шығарып, 2003 жылы 10-ақпанда кәсіпорынды қайта іске қосты. Оны шикізатпен қамтамасыз ету, шығарған өнімді сату, сауда әлемінде өз орнын табу сияқты қыруар іс атқарылды. Қазір сол ізденістің арқасында зауыт Бразилиядан, Кубадан, Тайландтан, Сальвадордан қант шикізатын әкеліп, одан күніне 600 тонна таза құмшекер шығарады.
Қазір зауыттың қуаты әлдеқайда артқан, жұмысшылар азайған, оған мысал кеңес дәуірінде 3000 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдесе, науқан кезінде, қазір күніне 3200 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Шығарған өнімдері шет елдерге (65 пайыз), Қазақстанда (35 пайыз) сатылады. Кеңес үкіметі кезінде осы зауытта 1200-1500-ге жуық адам істейтін, ал қант қызылшасын өсіріп баптайтын адамдар мыңдап саналатын. Зауыттың шекеріне, жомы мен қызылша сірнесіне диқандар да, шаруашылықтар да қарық болып жатушы еді. Өкінішке орай, соңғы жылдары қызылша егісі кеміп барады. Иә, бұл дақылды өсіру оңай емес, бірақ көзін тауып істеген пайдасын да шығара алады. Үкімет тарапынан мол қаржы бөлініп отыр емес пе, неге осыны пайдаланбасқа деген ой туады.
Біздің Меркі қант зауыты бұрыннан қалыптасқан еңбек тәртібі мен білікті мамандардың арқасында тоқтамай істеп тұр. Бұл дегеніміз халыққа жұмыс, ауданымыздың бюджетіне қомақты қаржы деген сөз.


