
Баға көтерілмеуі үшін бар мүмкіндіктер қарастырылатын болады
Бақтыбай АБАЙ
28 ақпан, 2014
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Б.Б.Көпбосынов Меркідегі орталық базарды аралап, азық-түлік тауарларының бағасымен танысты. Сатушылармен, тұтынушылармен әңгімелесіп, қалыптасқан жағдайды білді.
Нан – ас атасы. Аудан басшысы бірден базарға кіре берісте сатылып жатқан нанға назар аударды. Жұмысына кірісіп кеткен сатушыдан жағдайды сұрастырды:
– Наныңыз қымбаттап кеткен жоқ па?
– Жоқ. Бөлке нанды да, тандыр нанды да – 50 теңгеден өткерудеміз. Бұрынғы баға.
Етханаға кіріп, еттің бағасымен таныстық. Ет түр-түрімен мол екен. Саудалаушылар да кідірмей, қалағанын алып кетіп жатыр.
– Қой, жылқы етін келісін 1200 теңгеден сатып жатырмыз. Жылқы еті қазысымен 1300 теңгеден. Сол ескі баға, – деді сатушылар Т.Беделбаева мен Л.Мамытбекова.
Сүттің бағасы да өзгермеген сыңайлы, литрі 120-130 теңгеден.
Осы базарда біраздан бері жұмыс істейтін Гүлмира Мақашева көпшіліктің көңілін тауып, тауарларын қымбаттатпай, қолжетімді бағамен сататыны белгілі. Бұл жолы да пайда қумай, бұрынғы бағаны ұстап отыр екен. Кәмпит, печенье, тағы басқаларды саудаға шығарған.
Бақтияр Бейсембайұлы олардың кейбірінің бағасын, қайдан алатынын сұрап, мұнда қайырылған тұтынушылардың қамсыз болатынына көз жеткізді.
Біз базарды аралардың алдында қанттың келісі 200 теңгеге дейін өсіп кеткен күндер болды. Бұл жолы ол 140-150 теңгеге дейін түсіпті. Аралап көрген жердің бәрінде осы баға сақталып тұр.
– Өзімізде, ауданда өндірілген тауардың бағасы көтеріліп кетпеуі керек, – деді Б.Көпбосынов кәсіпкерлермен әңгімеде, – Халық қиналып қалмауы үшін жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге өнімдерінің бағасын мүмкіндігінше көтермеуді ұсындық.
Аудан әкімінің бұл мәселені күнделікті назарда ұстап отырғанының дәлелі ретінде «Меркі қант зауыты» қолжетімді бағамен құмшекер бөлгенін айта кетсек болады. Базарда сауда жасайтындар оны арзанырақ сатып алып, өз бағаларын да түсірген.
Б.Көпбосынов көпшілік қызметін көптеп пайдаланатын «Арзан» көтерме сауда дүкенінің меңгерушісі Уазипа Нәдірбековамен де сөйлесіп, біраз жайларға қанықты:
– Азық-түлік тауарларының қайсысының бағасы көтерілді?
– Бәрі сол бұрынғыдай.
Тек ресейлік «Рошинский» конфетінің бағасы ғана қымбаттады.
– Республикамыздың өз тауарлары, «Рахат» фирмасінікі ше?
– Өзгеріссіз қалып отыр. Бірқатар фирмалар тауарларын қымбаттататын түрі бар.
Базарда ұнның, пияздың бағасы сәл көтеріле түскен.
Жағдаймен танысу барысында базардағы азық-түлік бағасы оның қай кәсіпорын, фирмадан қандай бағамен сатып алынғанына тікелей байланысты екенін түсіндік. Аудан әкімі атап айтқандай, өнімін жаппай сатуға қоятын меркілік тауар өндірушілермен, кәсіпкерлермен бағаны көтермеу мақсатында түсінік жұмыстарын аудандық әкімдік, басқа да мүдделі орындар одан әрі жүргізе бермек. Алыпсатарлар да тауарларын тұтынушылардың алаңдаушылығын тудырардай қымбаттатпас деген ойдамыз.
Осы күні базарға келушілер:
– Аудан басшысының қадағалап, бағамен танысқаны жөн- ақ. Тек өзі болсын, тексеруші басқалар болсын жиірек келіп тұрса тіпті дұрыс болар еді, – десті. Осыған қарай баға тұрақтанғанша жағдаймен мезгіл- мезгіл танысып, бағаны көтермеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеген жөн, деп түйдік.
Орталық базарды Бақтияр Бейсембайұлымен аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалманбетов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Дос Тасқараев, Меркі ауылдық округінің әкімі Есбол Қосуақов, базар басшысы Тамара Тұрсынбаева бірге аралап, таныстырып, түсініктемелер беріп отырды.
Жоғарғы суретте: аудан әкімі Б.Көпбосынов орынбасары Т.Рысқұлбековпен базар бағасымен танысуда.

Базарлы, сауда-саттықты Меркі...


