top of page

Кәсіпкерлікке қамқорлық көп, егер істің көзін тапса...

Айдар ОСПАНАЛИЕВ

05 наурыз, 2014

Өткен аптаның жұмысында аудан әкімдігінің кезекті алқа мәжілісі өтті. Жиын барысында ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері сөз болды. 

Осы бағытта ауданымызда атқарылған шаралар бойынша баяндама жасаған Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дос Тасқараевтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары арнайы құрылған медиажоспар бойынша жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаның мақсат- міндеттерін түсіндіру бағытында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы өкілдерінің қатысуымен жергілікті кәсіпкерлермен семинар-кеңестер ұйымдастырылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жан-жақты түсіндіру мен насихаттау мақсатында мұндай жиындар мен кездесулерді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі өкілдері жергілікті жерлерде тұрақты ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде де насихаттап отырады. 

Д.Тасқараев баяндамасында бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы осы тектес істерді нақты цифрлармен де дәйектеп отырды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Меркі ауданы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын орындау бойынша облыста 4-ші орында тұр. 

Мәжіліс барысында Д.Тасқараевтың баяндамасын мұқият тыңдаған аудан басшылары осы бағытта кемшін түсіп жатқан мәселелер мен болашақта назарға алынуы тиіс бірнеше міндеттерді атап өтті. Аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжановтың айтуынша, ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы барлық бағыттар толық іске қосылмай отыр. Яғни, кәсіпкерлік ауданымызда дәмхана, тойхана, дүкендер мен жанармай құю стансаларының жұмысын жолға қоюмен шектелуде. Ал, нақты өнім өндіретін кәсіпкерлік нысандары жоққа тән. Сондықтан осы бағыттағы мәселелерге ден қою керек. Бұдан соң үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағарламасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының ара-жігін ажыратып, қалың көпшілікке нақты түсіндіріп беру керек. Өйткені, қазір осы мәселелер бойынша көпшілік арасында түсінбеушілік көп. 

Мәслихат хатшысының сөзін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов та қолдады. Яғни, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауларды халыққа кеңінен түсіндіру қажет. «Кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осыған қарай осы істі жетілдіру мақсатында Үкімет тарапынан көптеген шаралар қолға алынуда және олар түсіне білген адамға өз ісін дөңгелетіп әкетуге мол мүмкіндік те жасайды. Әңгіме сол мүмкіндіктерді қалың бұқараға дұрыс түсіндіре білуде. Сондықтан бұл мәселелерді біз мықтап қолға алуымыз керек. Біз кәсіпкерлікті дамытатын болсақ, аудан экономикасын өркендетуге мүмкіндік аламыз. Оның үстінде кәсіпкерлік – жергілікті халықты жұмыспен қамтудың ең оңтайлы жолы», деді аудан әкімі. Сондай-ақ, аудан басшысы кәсіпкерлікті дамытуға инвестиция тартып, қалтасында қаржысы бар азаматтарды ауданымыздан кәсіпкерлік нысандарын ашуларына жағдай жасап, оларды ынталандырып отыру қажеттігін ескертті. 

«Кезінде осы аудан халыққа қажетті азық-түлік пен көкөністің басым көпшілігін осы жерден-ақ өндіруші еді. Яғни, бізде ондай мүмкіндіктер бар. Тек соны ретін тауып жолға қою керек. Міне, кәсіпкерлерді осы жұмыстарға да жұмылдырған жөн. Картоп, қант қызылшасы, көкөніс барлығы да өзімізде өндірілуі керек. Содан соң осы ауданымызда қаншама мың түтін бар. Солардың әрқайсысында жоқ дегенде екі-үш қой мен екі сиыр, бір жылқысы бар. Солардың қажеті болған кезде сойып өткізу үшін ет қабылдайтын орын ашса, үлкен игілік болар еді. Осы мәселені біз мықтап назарға алуымыз керек», – деді І.Ахметжанов тағы бір сөзінде. 

Мәжіліс қорытындысы бойынша, тиісті орган өкілдерінің алдына нақты міндеттер қойылды.

Please reload

bottom of page