
Қант қызылшасын өсіруді қолдау арта түспесе кемімейді
Бақтыбай АБАЙ
14 наурыз, 2014
Кезінде диқандарының даңқы қант қызылшасын өсірумен шыққан ауданымызда бұл дақыл егуге анау- мынау тәуекел ете алмастай «қиын» дақылдардың біріне айналып келеді. Неге? Себептері көп. Мақалада оларды тізбелеп шығуды мақсат етпедік. Бір анық нәрсе – Меркіде тәтті түбірден өзін-өзі ақтап, пайда берерліктей түсім алуға болады.
Бұған жекелеген шаруашылықтардың тәжірибесі көз жеткізіп те отыр. Өткен жылы Сұрат ауылдық округінде «Сыпатай батыр» серіктестігі (басшысы Қ.Шайхиев), Т.Рысқұлов ауылдық округінде «Трансфер» шаруа қожалығы (В.Бондаренко), Андас батыр ауылдық округінде «Бахор» қожалығы (Б.Хасанбаев) әр гектардан 350-700 центнерден асыра өнім жинады.
Рас, қант қызылшасы көп шығынды, көп еңбектенуді қажет етеді. Аталған шаруашылықтарда алқаптарға жеткілікті адам күшін қойып, дақылды уақтылы еккеннен жинап алғанға дейін бар шаруаны жүйелі, агротехникалық талаптарға сай жүргізді. Жеткілікті суғарып, арамшөптің басып кетуіне жол бермеді. Гектар қайтарымының едәуір өскеніне қарай жұмсалған шығындар ақталды. Жыл пайдамен қорытындыланды.
Қол жеткен жетістіктер бұл ұжымдарды егіс көлемін көбейте түсуге ұмтылдыруда. Сыпатайлықтар өткен жылы 100 га қызылшаны күтімдеп, қазыққа түсірсе, биыл оны 200 га-ға екпек. «Трансфер» шаруа қожалығы да егіс көлемін екі есе арттырмақ.
Бұрынырақ тамшылатып суғаруды байқап көрген «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігі диқандары да ауданда тәтті түбір өсіруді өніктіруге үлес қосу ниетінде. Олар биыл 200 га екпек. Сонау кеңес заманында қызылшаны мың гектардың айналасында өсіріп, өзгелерге үлгі болған шаруашылық өзінің де, ауданның да даңқын жаңғыртуға сеп болып жатса қане.
Ақарал ауылдық округінде бұрын қант қызылшасы өсірілген емес. Мұнда осы аттас өндірістік кооператив бұл дақылды 50 га көлемінде өсіруге тәуекел етіп отыр. Кооперативті басқаруға жаңа келген Б.Адамсопиев қант зауытының бұрынғы басшысы ретінде, кәсіпкер ретінде басымдыққа ие дақылды өсіру шаруашылыққа да, ауданға да тиімді екенін біледі. Бұған енді өзгелердің де көзін жеткізіп, бастаған істің аяғына шыға алса рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
Басқа да ауылдық округтерде тәтті түбірді егіп, өсіруді шешкен қожалықтар бар. Оларды қуаттап, үстіміздегі жылды түбегейлі бетбұрыс жылы етуге атсалысу диқандарымыздың абыройлы борышы.
Осы ретте қызылша өсірушілерге көрсетілер қолдау арта түспесе кемімейтіндігін айта кетуіміз керек. Осындай мемлекет тарапынан жасалар жәрдемнің арқасында қант зауыты тәтті түбірдің әр келісін 12 теңгеден қабылдайды. Өткен жылғыдан бұл екі есе көп. Себілген әр гектар қызылшаға субсидия төлеу жалғасады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде қант қызылшасын егіп, баптауға қажетті минералдық тыңайтқыштар мен басқа да қажеттілерді жеңілдікпен алуға болады. Оның ішінде аудан бойынша субсидияланатын тыңайтқыш 1800 тонна мөлшерінде босатылады. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдікпен бөлінетін жанар-жағармай – 988 тонна.
Қызылша негізінен күзде терең жыртылып қойылған сүдігерге егілетін дақыл. Дегенмен, барлық жерде мұндай қам-қарекет күнілгері жасалды дей алмаймыз. Енді көктемде болса да жерді сапалы айдап өңдегенге баса көңіл бөлген абзал.
Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауларында, тапсырмаларында елімізді мүмкіндігінше өзімізде өндірілген азық-түлікпен қамтамасыз етуді, бұл үшін агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеріп, егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар есебінен арттыруды, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жоюды міндет етіп қойды.
Қант – негізгі ас мәзірлерінің бірі. Оған деген сұраным қай кезде де жоғары. Биыл баға оқыс көтерілген кезде де өз зауытымыздың, өз қантымыздың болуы жағдайды біраз реттестіруге себін тигізді. Қызылша көп егілсе қант та жеткілікті болмақ.
Облыстан үстіміздегі жылы ауданда бұл дақылды көбірек егу жоспарланған-ды. Нақты мүмкіндіктер, басқа дақылдардың егіс көлемі ескеріле отырып қант қызылшасын 600 га-ға егу көзделіп отыр. Енді осы егіс көлемінен мол өнім жинау үшін күн жылынып, жер жағдайы келісімен жер өңдеп, тұқым себуге жұмыла кіріскен жөн.


