
Жол бойындағы сервис нысандары экономиканы, туризмді дамытуға ықпал етпек
Бақтыбай АБАЙ
18 сәуір, 2014
"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автокөлік дәлізі елдер мен елдер арасындағы жүк тасымалын арттырып, өзара байланысты нығайта түсуге қызмет етеді. Жолдың толық салынып бітіп ашылуына орай біздің республикаға келіп кетушілер легі де ұлғая түседі. Сөйтіп көлік дәлізінің негізгі міндетімен қатар туризмді дамытуға да үлкен мүмкіндіктер ашылмақ.
Осыған байланысты облысымызда ғасыр құрылысы атанған аталмыш жол бойында қызмет көрсететін сервис нысандарын салу мәселесі қолға алынғанына да біраз болды. Оның құрылысын ұйымдастыруға инвесторларды тарту, іріктеу жұмыстары жүрді. Ауданымызда сервис нысанын салуға «LUBEX» деп аталатын серіктестіктен өтінім түскен болатын. Аудан әкімдігінің өкімімен құрылған арнайы комиссия бұл өтінімді, серіктестіктің мүмкіндіктерін толық қарап, зерделеп, құжаттарын облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының қарауына ұсынды.
Облыста басталайын деп отырған игілікті іс-шара облыс әкімінің орынбасары Ғ.Есқалиевтің қадағалауымен, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының қолдауымен жүзеге аспақ.
Жалпы облысымызда жол бойғы сервиске кіретін 8 нысан салынбақ. Олар атап айтқанда Қордай ауданында – Сарыбұлақ, Байзақ ауданында – Ақшолақ, Жуалы ауданында – Шақпақ Ата, біздің ауданда – Ақтоған елді мекендерінде, ал, Т.Рысқұлов ауданында Көкдөнен, Жақсылық ауылдарының арасында орын тебеді.
Құрылыс жұмыстары осы мамыр айының басында басталады деп күтілуде.
Аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Дос Тасқараевқа жолығып, сервистік нысандарға байланысты бірқатар сауалдарымызға жауап алдық.
– Бұл нысандар қандай қызметтер көрсетуге тиісті?
– Олар «В» және «С» деп аталатын екі дәрежеге (категорияға) бөлінеді. В дәрежелі кешеннің құрамына: мотель (қонақ үй), дәмхана, дүкен, қоғамдық душ кабинасы, жанармай құю стансасы, ірі жүк таситын, сондай-ақ жеңіл автокөліктерге, автобустарға арналған автотұрақ, автокөлік жөндейтін шеберхана, жеңіл автокөліктерді жуатын орын, жүк таситын және жеңіл автокөліктерге арналған эстакада, жылыланған дәретхана, ақпараттық-туристік бекет кіреді.
С дәрежелі кешенде де жолаушыларға, туристерге көптеген қызметтер көрсетіледі.
– Біздің ауданда – Ақтоған ауылы маңында салынатын нысандарға тоқтала кетсең.
– Мұнда В және С дәрежелі кешендер бой көтеретін болады. Алдымен Шымкент бағытындағы С дәрежелі нысандар алдағы мамыр айында салына бастайды. Жалпы аумағы 3 га жерді алады. Қызмет көрсету орындары биыл пайдалануға берілуі тиіс.
Одан соң Алматы бағытындағы В дәрежелі кешен нысандарын салу қолға алынады. Бұл кешен де 3 га аумақты алады. Сөйтіп көп адам жұмыспен қамтылады.
– Құрылыстар жақын маңның тазалық, көркіне нұқсан келтірмеу, жол қауіпсіздігін сақтау талаптарына жауап беретіндей үрдісте жүргізілетін болар?
– Мұның бәрі құрылысшы-инвесторларға ескертіліп, талап етілген. Мәселен, қызмет көрсету орындары жолдың жүріс бөлігінің шетіне 50 метрден жақын болмауы тиіс. Жол бойғы нысандар жол қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру үшін техникалық қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі.
Нысандардың сәулеттік шешімі айнала төңіректің, елді мекендердің көркімен, автожолдың сырт көрінісімен өзара үйлесім табуы міндет етіп қойылған.
Нысандарды салушылар нысан айналасына ағаштар, гүлдер егіліп, арық жүйелері тартылатынын да ескереді.
Ауданымызда туризмді өркендету бағытында бұған дейін де іс-шаралар көзделген. Бұл Мемлекет басшысының аталмыш саланы дамытуға, басқа елдер сияқты одан табыс алуды міндет етіп қойған тапсырмаларына, халыққа Жолдауларына іспен жауап та болмақ. Н.Назарбаевтың өзі қасиетті мекен деп бағасын берген Меркі өңірі шетелдіктердің де көз тоқтатып тамашалап, аралауына лайықты. Меймандостық, ізгілік Мәңгілік ел болып, ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақстанның әрбір азаматының пейілінен, халықаралық жол бойындағы әрбір елді мекен, қызмет орындарының күтіп алып, шығарып салуынан көрініп тұруы керек. Жол бойындағы нысандар бізге осындай мүмкіндіктер береді. Сонысымен де бұл орындардың мәні зор.


