top of page

Жеміс ағаштары отырғызылды

Нұрбану КАМАЛ

23 сәуір, 2014

«Бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар сөзін берік ұстанған қазақстандықтар бір күнін ағаш отырғызуға арнады. 19-сәуір күні республика көлемінде өткен «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» акциясына аудан тұрғындары белсене атсалысты.

Шара барысында 1428 түп алмұрт, 1430 түп алма көшеттері отырғызылып, 10 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қайрат Арғымбаевтың сөзінше, көшеттерді алуға аудандық бюджеттен 1 млн. 300 теңге қарастырылып, «Меркі тәжірибе шаруашылығы» серіктестігінің арзан бағамен беруі нәтижесінде 500 мың 150 теңгеге көшеттер алынған. 

«Бүкілқазақстандық орман отырғызу күнінде» тазалық жұмыстары да жүргізіліп, аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке 650- ге жуық адам жұмылдырылып, барлық орталық көшелер күл- қоқыстан тазартылған. Жолдың бойындағы талдар, бағаналар әктелген. 

Көгеріштендіру, тал егу – сауапты іс. Айналамыз жасыл желекке айналса, ауамыз да тазарып, ауданымыз да көркейе түсетіні сөзсіз. Осындай сауапты істі өзге де аудан тұрғындары қатарында №39 орта мектеп гимназиясының ұжымы да атқарды. Мектеп оқушылары акция барысында барлығы 450 алма, алмұрт ағаштарын екті. Сенбілікті ұйымшылдықпен өткізіп, көгеріштендіру жұмыстарын үнемі ықыласпен атқаратын мектепте бұрын да 100 түп алма ағаштары егілген екен. 6 гектарды құрайтын мектеп аумағында бұдан бөлек 200 түп раушан, 200 түп гибискус, 60 түп аққайың көшеттері жайқалып тұр. Бүгінгі күні отырғызған жеміс ағаштары өніп, көктесе мектеп аумағы кішігірім баққа да айналатын сыңайлы. Бұл игі істің басында Меркі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ербол Байболсынов та болды (суретте). «Біз барлығы 1000 көшетке тапсырыс бердік. Соның 450-ін осы мектеп аумағында отырғызуды жөн көрдік», – дейді ол. Мектебінің ауласын көркейтуге құлшыныспен кіріскен оқушыларға ауылдық округтің ардагерлер және ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазихан Жұмәліұлы бата беріп, тал егудің сауабы мен пайдасын түсіндірді. 

Иә, елді мекендерді абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшайлығы басталғалы бері біраз жұмыстар атқарылды. Бұл туралы газетімізде де жазылуда. Бірқатар округтердегі күл-қоқыс үйінділері туралы да айтқанбыз. Осы орайда айта кету керек, өткен сенбіліктен кейін сол айтылғандардан аз да болса нәтиже шыққанын көріп, қуанғанымыз рас. Атап айтсақ, Андас батыр ауылдық округінің орталық Ә.Шотайұлы көшесіндегі күл-қоқыстар шығарылған. Бұдан бөлек, ауылдық округтің әкімі Бейбіт Тәнекеев Кеңес округімен шекаралас тұстан бастап, Абай көшесінің бойы тазаланғанын да жеткізді. Сонымен қатар, Сарымолдаев ауылдық округінің аумағындағы темір жолдың бойындағы күл-қоқыстар да тазаланған. Ауданымыздағы орталық көшенің тазалығы да көрген көзді қуантады. Бір сөзбен айтсақ, ауыл әкімдері, жауапты мекемелер ауданымыздың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қажетті жұмыстарды атқаруда. Дегенмен, ауданымыздың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету тұрғындарға да көп байланысты екендігін ұмытпаған абзал. Қарапайым санитарлық талаптарды сақтасақ, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын ұстанып, көктем күндерінде тал-дарақтар отырғызсақ, ауданымыздың көркі жылдан жылға арта түспек.

 

Please reload

bottom of page