
Ауылдың көркеюі – еліміздің көркеюі
Бейбіт СЕРІКБАЙ
23 сәуір, 2014
Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланған жиналыс болып өтті.
Жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Бақытжан Иманбетов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары, ауданымыздағы кәсіпорын, шаруашылық басшылары, шаруа қожалықтарының өкілдері және кәсіпкерлер қатысып отырды.
Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Б.Иманбетов 2013 жылы ҚР Үкіметі қабылдаған «Жол картасы жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл- ауқатын арттыруға жәрдемдесу – деп жиынның күн тәртібімен таныстырып, қаралатын мәселелер бойынша қатысушыларды ашық әңгімеге шақырып, кездесуді пікір алмасу түрінде өткізсек деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, биылғы жылы Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласы мен қызмет көрсету саласында жұмысын жаңадан бастайтын кәсіпкерлерге жеңілдетілген пайызбен берілетін несиеге аудан бойынша 200- ден аса адам тапсырыс бергенін және бұл несие ҚР азаматтарына, өзін-өзі жұмыспен қамтымағандарға, зейнет жасындағыларға, мүгедектерге, зейнетақы қорына жалақысының 10 пайыздық аударымдары жоқ жергілікті тұрғындарға берілетінін айтты. Б.Иманбетов: «Бүгінгі таңда жеңілдетілген несиелер «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында бірінші кезекте ауданымызда сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға бөлінуде. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығын, келешек аграрлық секторда, еліміз ет, сүт өндіру, өткеру бойынша өңірде ірі мемлекетке айналуға тиіс екендігін айтып «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көп салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа-райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс», – деген болатын. Сондықтан ауданымызда Кеңес одағы кезінде жоғары жетістіктерге жетіп, аты дүркіреп шыққан тауарлы сүт фермаларын дамытуды қайта қолға алуымыз керек», – деп бағдарламаның басым бағыттары туралы баяндау үшін сөз кезегін ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Тәнекейге берді.
Ауданымызда соңғы жылдары шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алып ет, сүт бағытын дамытуда елеулі жетістіктерге жеткенін және бұл бағдарлама 2015 жылға дейін ұзартылғанын айтқан Б.Тәнекей: «Мемлекет қазіргі таңда сүт бағытындағы шаруашылықты дамытуды көздеп, «Агробизнес – 2020» бағдарламасын қабылдады. Бұл тұрғыда Үкімет асыл тұқымды мал басын өсіру, дамыту қағидасын белгіледі. Бағдарлама шарттары бойынша несие алуға үміткер шаруалар бірінші кезекте сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алуы және мал басының жасы 18-26 айдан аспайтын құнажындар болуы тиіс. Сатып алынған бір мал басына субсидия ретінде 154000 теңге қайтарылып беріледі. Өсіріп отырған аналық мал басы міндетті түрде асыл тұқымды бұқаның ұрығымен қолдан ұрықтандырылуы тиіс, бұл жұмысты да мемлекет өзі уақытты хабарлап айтсаңыздар жасайды және малыңызды ұрықтандырғаныңыз үшін тағы 20000 теңге субсидия төлейді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы 1, 2, 3-деңгей бойынша сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған және бұл бағдарлама бойынша ауданымызда «Сымбат», «Нарт», «Жайлау» шаруа қожалықтары жұмыс атқарып жатыр. Шаруашылықтар малдан өндіріп өткізген әр литр сүті үшін де 10 теңге көлемінде субсидия алады, сондықтан сатып алған әр мал басы бірдейлендіруден өтіп, ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс», – деп бағдарлама туралы толыққанды түсіндіріп берді.
Жиында сөз кезегін алған «Меркі май ірімшік зауыты» АҚ-ның директоры Д.Айтүленов те сүт өндірудің тиімділігін, зауыт тарапынан да қолдаулар барлығын айтып, «Қазақстан Кеден Одағына кіргелі бері сүт өніміне сұраныс көбейді, оның тапшылығы сезілді. Белоруссияда сүт бағасы арзанырақ 57 теңгедей болса да онда сүтті 4-5 есе бізден көп өндіреді. Ресей, Белоруссия елдерінің кәсіпкерлері біздің нарыққа шығып бәсекелестік орын алуда.
Сондықтан Үкімет қабылдаған «Агробизнес – 2020» бағдарламасының игілігін көріп, шағын тауарлы сүт фермаларын ашу жүзеге асуда.
Бағдарламаның шаруаларға тиімділігі жайында аудан әкімдігінде, ауылдық округтерде өткізілген жиындарда көп сөз болып ылғи көтерілуде. Бүгінгі таңда сүт бағытындағы өндірісті дамыту үшін облысымызда жоспары белгіленіп 47 модульдік сүт қондырғыларын қою жұмысы атқарылмақ, біз оның 8-ін алсақ деген ойдамыз. Бұл қондырғының біреуі 4-5 млн. теңге тұрады. Осындай қондырғыларды Қордай, Шу аудандарының сүт өндірушілері орнатуға ниет танытып отыр. Ауданымыздағы әр ауылдық округте сүт өндірушілер шамамен күніне 1,5-2 тонна сүт өндіреді. Жоспарымызда осындай сүт өндіруші шаруашылықтарда сүт қыбылдау қосынын ашу. Қосында жұмыс жасайтын жұмысшыларға да жалақысын өзіміз төлемекпіз, шамамен 60-70 мың теңге көлемінде. Сондай-ақ, модульдік сүт қондырғыларының жиһаз жабдықтарын, құрал-саймандарын, сүт сапасы мен майлылығын есептейтін аспаптарын, тоңазытқыш қондырғыларын қойып береміз. Біздің зауыт өндірілген сүттің әр литрін сүт өткізушілерден жыл бойы орташа бағамен есептегенде 75-80 теңгеден қабылдауда, бұл жұмыс жеке тұрғындармен де жүргізіледі. Ал, егер өткізілген сүттің майлылығы, тазалығы жоғары, сапалы болса сүт өткізушілермен қосымша шарт жасасамыз. Сонымен қатар сүт өндірушілерге өткізетін малының сүті есебінен нарық бағасынан төмендеу бағамен жем-шөп те өткеру мүмкіншілігіміз бар» – деп ауданымызда ірі қара мал басын өсірудің табыстылығын атап өтті.
Жиын барысында кезек сұрақ-жауаптарға жетіп, аудан еңбеккерлері бағдарлама бойынша несие алу үшін жиналатын құжаттардың көптігі мен оны топтастырудың қиындығы туралы, бұрыннан несиелері барларға берілмейтіндігін және бизнес-жоспарды қалай дайындауға болатындығы туралы мәселелерімен қайырылды.
Аудан тұрғындарының сауалдарын естіген аудан әкімі Б.Көпбосынов Меркі өңірінің табиғаты ауыл шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы, топырағы шүйгін жер екенін атап айтып: «Бүгінде тауарлы сүт фермаларын ашуға ниет білдіргендерге Үкімет көптеген қолдау, көмек көрсетеді. Бұған ғасыр құрылысы саналатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының біздің ауданның жерінен кесіп өтетіні үлкен мүмкіншіліктер туғызып отыр. «Ұлы Жібек жолы» қайта жанданып, басқа елдермен сауда- саттық, қарым-қатынас өркендейді. Осы жол бойында тауарлы сүт фермаларын, сервистік орталықтар ашу бүгінгі күні бірінші кезекте атқарылатын жұмыс болып тұр, өйткені, біздің елімізден өтетін, туристік сапармен келетін шетелдіктерге өз әлеуетімізді, дамыған экономикамыз барлығын көрсетіп табыс таба аламыз. Осы отырған барлықтарыңыз осындай игі істерге үлес қосуға құлшыныс білдіріп отырсыздар, несие алып, кәсіпті болсақ деген ниеттеріңіз бар, яғни сіздер болашақ табысты кәсіпкерлерсіздер», – деді.
Сондай-ақ, басқа елдерде халықтың 70 пайыздайы кәсіпкерлікпен айналысады, бізде соған барамыз.
Сонда ғана өз-өзімізді, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтимыз, биыл 140 шақты адам несие алуға тапсырыс беріп отыр. Бұның өзі меркіліктердің кәсіпкерлік сауаттарының ашылып, өз бизнесін өрге домалатқылары келетіндіктерінің реті, – деді аудан әкімі. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Б.Көпбосынов тұрғындар сауалдарына да жауап беріп, кәсіпкерліктің қай саласында да жұмыс бастағысы келетіндерге бизнес-жоспарды Тараз бен Меркінің арасында жүріп табан тоздырмай-ақ, ендігі кезде осы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінде арнайы бір адамды бөлетіндігін, сондай-ақ, құжаттарды да дайындауда көмек беретінін, несие алушылардың барлық құжаттары дайын болғанда Тараздан қаржы институттарының өкілдерін Меркіге шақырып өткізуге болатындай жағдай жасайтындығын жеткізді. Сонымен қатар аудан басшысы бизнесті бірігіп ағайын-туыс болып бастаса несие алу үшін қойылатын мүліктің кепілдік мөлшері көп есептеліп несие көлемі де көп шығады. Бастарыңызды қосып, кішігірім өндіріс орындарын, соның ішінде ұлттық құрт, айран, қымыз өндірісін, көкөніс, қызылша өсіруді қолға алу керектігін де, сондай-ақ Түркияда шағын ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайындардың қолданатын тамшылатып суару технологиясын енгізу алға қойған биіктерге жетелейтінін айтып, қатысушыларға жұмыстарында табыс, отбасыларына амандық тіледі.


