top of page

Аймақтық көрме-конкурста – меркіліктер таңдаулылар қатарында

Бақтыбай АБАЙ

23 мамыр, 2014

Осы аталмыш сын Таразда 15-мамырда өтті. Онда «Меркі алкотамақөнеркәсіп» ЖШС – 2-орынды, «Меркі май-ірімшік зауыты» ЖШС 3-орынды жеңіп алды.

«Қазақстанның үздік тауары» деп аталатын конкурсты Жамбыл облыстық әкімдігі, облыс бойынша техникалық реттеу, метрология комитеті басқармасы мен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жылда өткізіп келеді. Конкурстың негізгі мақсаты: заңды және жеке тұлғалардың отандық өнімінің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, облыс нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу. 

Облыс әкімінің бастамасымен өткізілген конкурсқа облыс бойынша 160-тан аса кәсіпорындар қатысып, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша бақ сынасты. 

Ауданымыздан аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудан әкімінің орынбасары Қ.Смайлов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ғ.Абиров, аталған кәсіпорындардың өкілдері барып куә болған көрме-конкурс, оның қорытындылары туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Дос Тасқараев бізбен ой бөлісті. 

– Конкурстың шарттары бойынша оған кез-келген меншік түріндегі жеке және заңды тұлғалар қатысып жыл сайын бәсекеде тек өте сапалы өнім шығаратын, экономикалық көрсеткіштері де жақсы ұжымдар, тұлғалар жеңіске жетуде, – деді ол, – «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша сында Жуалы ауданындағы «Гамбург» серіктестігі жеке дара озды. Оның есесіне біздің ауданнан барған «Меркі алкотамақөнеркәсіп» серіктестігі (басшысы Ұ.Тілеуберген) мен «Май-ірімшік зауыты» серіктестігінің (Д.Айтүленов) екеуі де конкурстан олжалы қайтты. Өнімдері, көрсеткіштері жоғары бағаланып, тиісінше 2-және 3 орынға ие болды. 

Сөз реті келгенде айта кетейік «Алкотамақөнеркәсіп» ЖШС-нің бір өзі өткен жылы аудан бюджетіне 346 млн 392 мың теңге салық, басқа да төлемдерді түсірді. Құрамындағы консерві зауыты жоғары өнімді өндіріс желілерін іске қоса отырып, сапалы, үлкен сұранымға ие өнімдер шығара алды (суретте). 

30-дан астам сүт өнімдерін шығаратын «Меркі май-ірімшік зауытының» ұжымы, өндірістік цехтары халықаралық көрмелерде бағаланған өнімдері облысымызға, республикаға белгілі. Кәсіпорын «2020 бизнес картасы» бағдарламасы аясында 35 млн теңге несие алып, өндірісті жаңғыртуды, жаңа өнімдер шығаруды жалғастыруда. 

– Аймақтық көрме-конкурста озып шыққандарға лайықты құрмет көрсетілген болар? 

– Әрине, лауреаттар, дипломанттар, жалпы қатысушылар көтермеленіп, сыйлықтар, облыс әкімінің дипломы, құрмет грамоталары тапсырылды. Оның ішінде нақтылай келтіре кетсек, аталымдар бойынша 1, 2, 3-орын алғандар тиісінше 300 мың, 200 мың, 150 мың теңге сыйлыққа ие болды. 

– Алда енді республикалық сын... 

– Иә, биыл да әдеттегідей жыл соңында, қараша айында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы өткізілмек. Облыста әр аталым бойынша 1, 2, 3-орын алғандар осы үлкен конкурсқа қатысу құқын алды. Яғни, біздің меркілік кәсіпорындарға да сенім көрсетіліп, айтулы сынға әзірлікке кірісіп кетті. 

Сонымен конкурс қорытындысымен мерейімізді асыра түскен жерлестерімізді жеңістерімен құттықтаймыз. Мұндай іс-шаралардың пайдасы зор. Олар сапа проблемасын шешу қажеттілігіне мемлекеттік органдардың, өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аударады, халық арасында сапа идеясын кеңінен танытуға серпін береді. 

Мәңгілік ел болу мақсатының іске асуы да бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға, кәсіпкерлікті өркендетуге тікелей байланысты. Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында «... шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы, мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі», – деп өміріміздің осы маңызды саласына баса назар аударды. Ауданда бизнес нысандары сан жағынан да, сапа жағынан да жаңа биіктерге ұмтылып келеді. Май-ірімшік зауыты, ГЭС-теріміз облыстық, республикалық сындарға көпжылдардан бері қатысып, жақсы жақтарынан көрінуде. Мәселен, май-ірімшік зауыты 2010 жылы «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауының жеңімпазы атанғаны есімізде. Бизнес, кәсіпкерлік одан әрі алға басып, көшбастаушылардың қатары жұмысын кейінірек бастаған кәсіпорындарымызбен толыға түседі деп сенейік.

Please reload

bottom of page