
Қырқында кідіріс жоқ
Бақтыбай АБАЙ
06 маусым, 2014
Аудан шаруашылықтарында және бір маңызды науқан – қой қырқыны қызу шағында. Ендігі міндет оны ұйымшылдықпен тездеп аяқтап, тау жайылымына уақтылы көшіп қонып, малды барынша қоң алдыра түсу.
Аудандағы ең ірі шаруашылық - «Меркі асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамында биыл қырқынға 16500 қой түскен болатын. Өткен сәрсенбіде біз мұндағы қырқын пунктінде болғанымызда одан 8000- нан астам мал өтіпті.
Барлығы 50 адам жұмыс істеп жатқан пунктте 24 қырқын агрегаты пайдаланылуда. Ескілері жаңартылып, биыл оның 18-і жаңадан алынды. Қырқыншылардың дені бұл науқанға бұрыннан қатысып, маманданып, машықтанып қалған жандар.
...Міне шалт қимылдап, қорадағы қойдың бірін ұстап, жұмыс орнына әкелген озат қырықтықшы Мадияр Қалдыбеков (суретте) қайшысын тездеп қосып, іске кірісіп кетті. Кәнігі қимыл, үйреншікті жұмыс. Әп-сәтте қойдың қарын- қапталы қырқылып бітіп, сан- сирақтары жүнінен ажырап шыға келді. Мадияр осылай күніне 100- 110 қойға дейін қырқып, әріптестері арасында топ бастап тұр. Әр қойға 100 теңгеден төленетіндігін ескерсек, оның күніне қанша табыс тауып жатқандығын шамалау қиын емес.
Тұтастай жігі бұзылмаған әр қойдың жүнін жүн тасушылар өлшеп, сараптайтын орынға іле жеткізуде. Мұндағылардың ісінде де кідіріс жоқ. Сұрыптаушылар Жеңіскүл Байырбаева мен Бекзат Көкебаева (суретте олар пункт меңгерушісі Д.Жетпісбаймен) биязы жүннің сапасын жіті байқап көріп, сұрыптарын анықтап, одан әрі жөнелтуде. Екеуі де бұл іске жылда төселіп, маманы болып алған.
Пункт қорасына ертеңмен кіргізілген бір отар мал, міне, түске қарай қырқылып бітіп те қалған. Науқанның іркіліссіз жүруіне жастар да үлес қосуда. Жұмыс ыңғайына қарай жеңіл киініп, қызу қимылға көшкен мына жігіт – жас қырықтықшы Еркебұлан Құлыбаев. Науқанға бірінші рет қатысып отырғанына қарамай, күніне 50-60 қойдың жүнін сыпырып үлгеруде.
– Орта есеппен әр малдан 3,9-4 кг-дан жүн қырқылуда, - дейді қым-қуыт тірлік арасында бізбен сөйлесуге де уақыт тапқан пункт меңгерушісі Дәнебай Жетпісбай.
– Бұдан да жоғарырақ көрсеткішке жеткен шопандарымыз да бар, - деп есеп-қисап кітабын одан әрі аударыстырған Дәнекеңнің пейілінен туған шаруашылығында өнім молырақ алынса, жақсылыққа хабаршы болсам, деген жанашырлықты аңғардық.
Қырқынды ойдағыдай өткізуге бүкіл шаруашылық болып, жұмылып отыр десек артық айтқандық емес. Мал мамандары, басшылар ертелі- кеш мұнда бір соқпай кетпейді. АҚ-ның бас экономисі Мұқатай Нұртаев кеңседе есігін тарс жауып қойып, науқан біткенше пункт басында жылдағыдай жүнді қырқу сапасын, есептің дұрыс жүргізілуін қадағалайды.
Қырқыншыларға бірқатар еңбек және тұрмыстық жағдай туғызылған. Екі мезгіл ыстық ас құнының жартысын акционерлік қоғам төлейді. Азық-түлік жеткілікті. Аға аспаз Динара Құлыбаева мен аспаз Кенжекүл Мүберекова астарын дәмді дайындап, қырманшылар көңілінен шыға білуде.
Дегенмен, малшылар мен мамандарды алаңдататын бір ғана нәрсе – жүннің бағасы өткен жылы 200-300 теңгенің (келісі) төңірегінде ғана болды. Қабылдайтын Тараз фабрикасы әлі де жоғары бағаға нақты тоқталмай отыр.
...Түс әлеті жетіп, пункттегілер үзіліске шықты. Қырқылған қойлар да жеңілдеп, айнала төңіректегі жайылым отына бас қойды. Тауға, соны өріске жаппай көшетін кез бұл. Зауыттықтардың науқанды таяу күндерде бітірсек деп бар мүмкіндіктерді іске жұмылдырып отыруы да сондықтан.



