top of page

Нанның бағасы өспейді, бұл үшін алғышарттар бар

Бақтыбай АБАЙ

18 маусым, 2014

Нан – ас атасы, дастарханның басты мәзірі. Нан болса тоқшылық болады. Жұмыс та істелінеді, ән де айтылады. Оның бағасының өсуі халықтың көңіл күйіне бірден әсер етіп, үлкен алаңдаушылық туғызатыны да сондықтан.

Ел құлағы елу. Меркіде нан қымбат деген дабыр сөз ауданнан тысқары жерлерде де естіліп қалғаны белгілі. Ал, іс жүзінде біздегі жағдай бөліп-жарып, екпін түсіре айтарлықтай емес. Базарда ұнның бағасы ойламаған жерде көтеріліп кеткенде, бұл нанның бағасына да әсер етпей қоймады. Әлеуметтік бөлке нан 50 теңгеден сатыла бастады. 

Бұл, әрине, уақытша көрініс еді. Ауданда шұғыл шаралар қолданылды. Осы айдың 11-і күні аудан әкімі Б.Көпбосыновтың төрағалығымен ауылдық округ әкімдерімен, наубайхана басшыларымен және аудандағы дүкен иелерімен әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру бойынша жиын өткізіліп, наубайханалар дүкендерге әлеуметтік нанды 40 теңгеден аспайтын бағамен өткізіп, дүкендер оның сатылым бағасын 45 теңгеден асырмайтын болып келісілді. 

Ахуалдың осылай орнығып тұрғанына бірқатар алғышарттар да бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ҰК АҚ-ның арасында қол қойылған меморандумға сәйкес үстіміздегі жылдың астық пісімшілігіне дейін өзге өңірлерді (оның ішінде біздің облыс та бар) солтүстік облыстың ұнымен қамтамасыз ету туралы келісім-шарт жасалған. 

Аталмыш меморандум арқылы әр қабының бағасы 2350 теңгеден 257 тонна солтүстік ұны алынды, енді аудан осы маусым айына 187 тонна ұнға тапсырыс берді. 

Халық мүддесі үшін іске асырылып жатқан басқа да шаралар туралы аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Дос Тасқараев: 

– Ауданда 100-ден аса дүкен иелерімен негізгі азық-түлік тауарларына қосатын үстеме ақыны 8-10 пайыздан асырмау туралы меморандумға қол қойылды, - дейді. – Сондай-ақ, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС айран, қаймақ, май түрлері бойынша өндірген өнімнің 15 пайызын аудан тұрғындарына өзіндік құнымен сатуға келісті. 

Жалпы ауданда азық-түлік тауарларының бағаларына сараптама жүргізу жөнінде құрамы 21 адамнан тұратын жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бөлшек саудадағы бағасына ол осылай тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыратын болады. 

Өткен бейсенбіде, арамызда аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі өкілдері Д.Тасқараев, М.Мақанов, Меркі ауылдық округі әкімінің орынбасары Е.Байболсынов бар, сауда орындарындағы нанның бағасын білмек болып, Меркінің орталық базарына беттедік. Оның кіре берісінің екі жағында әлеуметтік нандар – бөлке нан, 1-сортты ұннан, сатылып жатты. Сатушылар Э.Зунова мен Дилфуза: 

– Бағасын асырмай, 45 теңгеден сатамыз, – дейді. 

Біріне нанды кәсіпкер Ш.Кәрімовтың наубайханасынан, екіншісіне Андас батыр ауылынан әкеліп береді екен. Меморандум бойынша келіскендей – 40 теңгеден. 

Бізбен қатарласа келіп, нан алып жатқандар: 

– Сіздер кеткен соң қымбаттап кетпей ме? – деген күдіктерін де білдіріп қалды. 

Бір айта кетерлігі – осы екі сауда орнында да нанның нақты бағасы жазылмапты. Сатушылар біздің көзімізше бағаларды жазып қойып жатты. Жамбыл ауылында «Техника – 1», «Техника – 2» дүкендерінде де әлеуметтік нанның бағасы 45 теңгеден екен. 

Орталық базар алдында өзіміз куә болған жайларға орай айтарымыз – нан белгіленген, келісілген бағадан қымбат сатылып жатса мұны аталған жұмыс тобына, аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік бөліміне дер кезінде хабарласа тіпті де дұрыс болмақ. Сатушының жеке пайдасынан гөрі халықтың ортақ мүддесі, қымбатшылықтың орын алмауы бәрінен жоғары.

 

Please reload

bottom of page