
Бүгінгі күннің басты талабы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Бейбіт СЕРІКБАЙ
09 шілде, 2014
Өткен аптаның сейсенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданымызда ауыл шаруашылығын дамыту мен қолдауға бағытталған семинар-кеңес болып өтті.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары М.Өмірбеков төрағалық етіп, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К.Әбілеков, осы басқарманың егін шаруашылығы тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Ш.Момынқұлов, «Қазагромаркетинг», «Агронесие» корпорациясы облыстық бөлімшелерінің өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ұйым, мекеме, шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысып отырды.
Семинар-кеңесті ашқан аудан әкімінің орынбасары М.Өмірбеков қатысушыларға келген қонақтарды таныстырып өткен соң, ауданымызда «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша біршама игі істердің жүзеге асырылғанын жеткізіп, сөз кезегін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К.Әбілековке берді. Өз сөзінде тараздық қонақ ауданымызда облыс әкімінің орынбасары М.Жолдасбаевпен бірнеше рет келіп ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы жиындар өткізгенін тілге тиек етті. «Сіздер, басқа аудандарға қарағанда мемлекет саясатын қолдауға көп үлес қосудасыздар. Бүгінде ауданда 1500- дей шаруа қожалықтары өз жұмыстарын өрге домалатуда. Дегенмен барлық шаруашылықтар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, көмектерге қол жеткізе алмауда. Әрине бұған құжат дайындауда кездесетін қиындықтар сеп болуда. Сонда да біраз шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара малын сатып алып, мал басын өсіруде. Лизинг арқылы жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алғандар да бар. Бүгінгі таңда «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында жаңа бағдарламалар жүзеге асуда. Олар өте тиімді, ауылдық жерлердегі диқан мен малшы қауымға берер пайдасы көп, сондықтан бұл бағдарламалардың да игілігін көруге асығыңыздар», – деп келесі сөз кезегін ауыл шаруашылығындағы жаңалықтар туралы баяндау үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы тұқым инспекциясының бөлім басшысы Ш.Момынқұловқа берді.
Тұқым инспекциясының өкілі семинарға қатысушыларға нақты жермен айналысатын диқандарды қолдауға арналған «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттерден субсидиялау Қағидасы» шыққанын хабардар етіп, Қағидадағы жалпы ережелермен таныстырды. Ш.Момынқұловтың айтуынша, субсидиялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағар май материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті лизинг шартының негізінде сатып алынған тұқымның құны 40%-ға дейін субсидияланады. Сондай-ақ, субсидия жеміс-жидек дақылдары және жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға, өсіруге кететін шығындардың құнын ішінара (40%-ға дейін) өтеуге бөлінеді екен.
«Бұл ретте субсидия ҚР пайдалануға жол берілген Мемлекеттік селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізілген және перспективалы деп танылған сұрыптардың үшінші репродукциясынан кем емес тұқымдарды сепкенде ғана беріледі», – деді Ш.Момынқұлов. Сонымен қатар ол субсидияны төлеу шарттары мен субсидия алу үшін қажетті құжаттар тізбесі жөнінде де айтып өтті.
Облыстық тұқым инспекциясы өкілінің баяндамасын тыңдаған меркілік кәсіпкерлер жанар-жағар майға берілетін субсидияның кешіктіріліп берілетінін айтып, осы мәселені ретке келтірсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен ауданның белді кәсіпкері, облыстық мәслихаттың депутаты С.Қалманбетов 20 гектарға алма бағын егу үшін жер дайындап, бақты тамшылатып суару технологиясын әкелуге Туркиядағы осы сала өкілдерімен келісіп қойғанын жеткізіп, «7 ай болды «Казагронесиеге» құжат өткізіп қойдым, бірақ еш қозғалыссыз тұр. Сонда бұл жоба арқылы 20 гектардан асатын баққа неге лизинг берілмейді?», деген сауалын айтты. Бұл сауалға жауап берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К.Әбілеков сіздің қолға алған ісіңіз басқа бағдарламалар бойынша инвестжоба арқылы шешуге болады деді. Сондай- ақ, жанар-жағар майдың уақтылы одан қалса науқан басталар алдында субсидиялануы да осы жаңа жоба арқылы жүзеге асатынын тілге тиек етіп сөз кезегін қазагронесиекорпорациясының өкілі Д.Әмірбековке берді. «Бұрындары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тек ірі қара мал басын сатып алуға қолдау көрсетіліп келсе, бүгінгі таңда «Құлан» бағдарламасы қабылданып, 4,5 млн. теңге 10 жылға дейін 14 % мөлшерлемемен беріледі. Оның 7%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонда 7%-бен несие беріледі, оған жылқы малын алуға болады. Бұл несиені алу үшін кепілдікке қоятын мүлік, қора-жай, жайылым жер болуы керек және кәсіпкердің 30% қатысуымен жүзеге асады. Әр сатып алынған 15 биеге 1 асыл тұқымды айғыр қосуы да шарт. Сатып алынатын жылқы малының жасына қарамаймыз», – деді Д.Әмірбеков. Сондай-ақ, шаруалардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп «Алтын асық» бағдарламасы қабылданып 5 млн. теңгеге дейін 14%-бен несие беріліп 7%-ын мемлекет субсидия ретінде өтеп оған саулық қой басын сатып алуға болатынын да хабарлады. Бұл жобада да 50 саулыққа 1 асыл тұқымды қошқар алу шарты және несие алушының 30% қатысуы көзделген. Яғни, 200 қой алса өзінде 50-60 қой басы болуы шарт. Сонымен қатар жайылымдарды суландыру мақсатында су шығару, құдық қазу жобасы бойынша қаражат қарастырылып несие беріледі және су шығару үшін кеткен қаражаттың 80%-ын Үкімет субсидия бөліп өтеп беретінін де айтып мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамытуға арналған зор бастамашыл бағдарламалар екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген «Қазагромаркетинг» АҚ- ның өкілі Д.Ділдабеков те «Агробизнес –2020» бағдарламасы аясында қабылданған жаңа Инвест жоба «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығындардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасының 18 басымды бағыттары туралы баяндап, слайд арқылы көрсетті. Бұл жобадағы ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған 18 басымды бағыт 2 топқа бөлініп, 1-топта ірі қара мал басын, сүт тауарлы ферма, 3000 басқа дейін мал бордақылау, жемшөп дайындау техникамен жарақтандыру мен жайылымды кеңейтуді дамытуға бағытталса, 2-топта қой, жылқы, құс, шошқа шаруашылығын дамытуға бұл бағыттарда көзделген жобаларды инвестициялық субсидия бөлу, алу шарттары қарастырылыпты.
Семинар-кеңес соңында аудан тұрғындарының сауалдарына қатысты мәселелер төңірегінде жауап беріп, басқосуды қорытындылаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басқарма басшысының орынбасары К.Әбілеков меркілік кәсіпкерлерге «Субсидия тегін жай ғана берілетін қаражат емес, мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз етуге қарастырылған қаржы», – деп жұмыстарына табыс тіледі. Аудан әкімінің орынбасары М.Өмірбеков те ауыл әкімдеріне мал басын бірдейлендіруді, мал санының толық есебін беруді тапсырып, бүгінгі семинар-кеңесте айтылған бағдарламалар жайында мағлұмат пен кеңесті аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы мамандарынан білуге болатындығын және Қағидат жиынтығын әр шаруаның қолына беруді айтып, келген қонақтарға кәсіпкерлер атынан, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы тұщымды түсіндіріп, баяндағандарына алғысын білдірді.



