
Тың жердің астығы
Бақтыбай АБАЙ
11 шілде, 2014
«Сыпатай батыр» серіктестігінің диқандары үстіміздегі жылдың егінін жинауға тиісті әзірлікпен келіп, өткен сәрсенбіде «Ойбаз» учаскесіндегі арпаға орақ түсірді.
Бұл жер жайылым ретінде пайдаланылып келген. Осы 70 га алқап жыртылып, жаздық арпа себілген болатын. Ауа райы қолайсыз болып тұрса да тың жердің өнімі жаман емес. Гектарына 10-11 цр-ден дән жиналуда.
Алғашқы күні екі «Нива» комбайны пайдаланылып, 30 га арпа бастырылды. Науқанды комбайншылар – өткен жылғы егін орағы чемпионы Асқар Тілеубаев, Есбол Мәден жақсы қарқынмен бастады. Олардың көмекшілері Арнат Айжарық пен Жансерік Жаңабай да үлкен қолқабыстарын тигізуде.
Астық жинауға жыл сайын қатысып жүрген жүргізуші Алтынбек Наушабаев КамАЗ автокөлігімен екі комбайнның бастырған дәнін қырманға тездеп тасып үлгеруде.
Өткен жылы егіннің әр гектарынан орта есеппен 28 ц-рден өнім жинап, аудан бойынша алдыңғы орыннан көрінген шаруашылықта биыл да науқан қорытындысы жаман болмауы керек.
– Бұл жердің арпасын 2-3 күнде шауып бітіріп, төменге – негізгі астықты алқаптарға ауыспақпыз, – деді серіктестік директоры Қанат Шайхиев. – Климат құрғақ болып, егін пәстеу өскен жылы оны барынша сапалы бастырып, ысырапқа жол бермеудің қамын жете қарастырудамыз.
Орақ науқаны ауданымыздың өзге шаруашылықтарында да күннен-күнге қарқын ала түсуде. Науқанды жүргізе отырып, арпа, бидай сабанын да уақтылы жинап алуға назар аударған жөн. Қолайсыз ауа райы жағдайында шабындықтардың шөбі ерте қурап, пішен дайындауда қиындықтар туып отыр. Яғни, сабан да шаруақорлықпен қарасақ әжетке жарамақ.
Егін жинар алдында мамандардың аралап, байқап көруі бойынша бірқатар шаруашылықтардың қамбалары астықты уақытша болса да сақтай тұруға толық дайын болмады. Шаралар қолданып, арпа, бидай қабылдауда бұл жайды жете ескерген лазым.
Суреттерде: жоғарыдан астына қарай озат комбайншы Асқар Тілеубаев, егіс бригадасының жетекшісі Елдос Шайхиев және көмекші комбайншы Арнат Айжарық;
Жүргізуші Алтынбек Наушабаевтың автокөлігіне дән тиелуде; "Дала кемелері" бірінен бірі қалмай науқанды қыздыра түскен сәт.




