top of page

Кәсіпкерлерге қамқорлық аясы кеңи түсті

Бақтыбай АБАЙ

16 шілде, 2014

Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын насихаттау, жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуда. Осы айдың 1-нен бастап өзімізде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылып, істей бастауы да іс-шараларға тың серпін беруі тиіс.

Орталықтың негізі мақсаты аталмыш бағдарламаны одан әрі насихаттап, түсіндіру, несие алуға жәрдемдесу. Тағы да қайталап айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша несие 14 пайызбен беріледі. Оның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Яғни қалаған ісімен айналысам деген кәсіпкерлерге бұл үлкен жеңілдік, қолдау. Тиісті кепілдік болса несиені 10 млрд. теңгеге дейін алуға болады. 

Несие экономиканың басым бағыттары бойынша бөлінеді. Мәселен қызмет көрсету (сауда- саттықтан басқа), өнеркәсіптің барлық түрлері, т.б. бойынша. Аудандық газетте «Жол картасы» бағдарламасы, несие берілетін басым бағыттары кеңінен түсіндіріліп, жарияланды да. 

Аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі жаңа ұйымдастырылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бірлесіп ауылдықтар арасында түсінік жұмысының жаңа бір қадамын жасады. Өткен бейсенбіде алдымен аудандағы ірі округтердің бірі – Ойтал ауылдық округінде кәсіпкерлермен жиналыс өткізді. Округ әкімдігінде ұйымдастырылған кездесуді осы округ әкімінің орынбасары У.Қырғызбаев ашып, қатысып отырған округ кәсіпкерлерін жиналыстың күн тәртібімен, Жамбыл облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту акционерлік қоғамының өкілдерімен таныстырды. 

Баяндама жасау үшін сөз Жамбыл облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту акционерлік қоғамының өкілі А.Сағатовқа берілді. Ол өз сөзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша республика деңгейінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы айтып, бағдарлама ережелерін түсіндірді. Келесі сөз кезегін алған осы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту акционерлік қоғамының өкілі Айжан Юлдашева жиналысқа қатысып отырғандарға аталған бағдарлама туралы айта келіп, бағдарламаға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. 

Қорыта айтқанда, Ойтал ауылдық округінің кәсіпкерлері жиналыстан өздеріне қажетті мәліметтер алып, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік еңбек барысында кездесетін әртүрлі мәселелерге қатысты кең түсініктерге ие болғандарын жеткізді. Жиналысты ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, жиналыстан жағымды әсер алғандарын айтып, жергілікті мемлекет басқару және өзін өзі басқару органдарының кәсіпкерлікті дамытуға байланысты атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. 

Ойтал ауылдық округіндегі кездесуге аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас мамандары Д.Тасқараев, М.Маханов қатысты. 

– Мұндай жиналыс енді Сарымолдаев, Меркі, Андас батыр, Жамбыл ауылдық округтерінде, содан соң басқа округтерде болып, «Жол картасы» бағдарламасын түсіндіру, насихат жұмыстары одан әрі жалғасатын болады, – деді бізбен әңгімесінде Дос Тасқараев. 

Иә, кәсіпкерлерге жәрдем, қамқорлық аясы кеңіп келеді. Оны ретін, жөнін тауып пайдаланған бизнесін нығайтып, кәсібінің нәсібін молынан көрері ақиқат. 

 

Суреттерде: "Бизнес жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша берілген несиеге "Е Самат және К" серіктестігі тіс емханасына қажетті жаңа қондырғы алды. Тіс дәрігері Асхат Балтабай осы рентген аппаратымен, компьютермен ауыз, тіс жағдайын анықтап беретін қондырғымен жұмыс істеуде; 

Мемлекет қамқорлығының шарапатын көріп, қызмет сапасын жақсарта түскен осы серіктестік директоры Ертай Балтабайұлы медбике Ұлбосын Салжекеновамен кезекті бір жұмыс күнінде.

 

Please reload

bottom of page