
Сүт қабылдау пункттері заманауи жүйемен жұмыс істемек
Бақтыбай АБАЙ
23 шілде, 2014
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның сүт, ет өндіретін ірі елге айналу керектігін атап айтып, «... агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке қажеттілік арта береді», деп көрсеткені белгілі.
Осыған орай сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бойынша облыста, оның ішінде біздің ауданда да көзделген жұмыс ауқымы үлкен. Соның бір бағыты – ауылдық жерлерде қазіргі заманғы сүт қабылдау пункттерінің қызметін жолға қою.
Осындай өзекті міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 147 млн теңге бөлінген. Меркі май-ірімшік зауыты бүкіл ауыл еңбеккерлері, тұрғындары үшін игілікті бір істің басында бола білді. Яғни 35 млн. теңге жұмсап, Ұлттық кампания АҚ «Тараз» ауылдық кәсіпкерлік корпорациясынан 10 жылдық несиеге 6,7 пайызбен 7 сүт қабылдау пункті жайын лизингке сатып алды.
Кішігірім үйдей, төрт бұрышты, ыңғайлы жасалған бұл жайда қабылданған сүт арнайы цистернаға құйып алынып, сақталады, өз мұздатқышы, зертханасы бар. Автоматты жүйелері тездеп сүттің сапасын, майлылығын анықтап береді. Яғни, майлылықты, өнімнің салмағын қабылдаушының, сүт өткізушінің қалағанындай көтеру, төмендету мүмкін емес. Бір айта кетерлігі сүт құйылған цистерна әдеттегідей қолмен емес енді автоматты түрде жуылып тазаланады.
Ауыл тұрғындары үшін де қай жағынан алса да қабылдауы еш күмән туғызбайтын осындай май- ірімшік зауыты алған сүт қабылдау пункттері жайлары Андас батыр ауылына (екеу), Ақермен, Аспара, Ақарал, Меркі, Ойтал ауылдарына қойылды.
– Тетіктері реттеліп, осы бір айдың ішінде пункттер іске кірісіп кетуі тиіс, – дейді оларды бізбен аралап көрген аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садық Бұтабаев.
Жалпы қабылдау пункттері цистерналарының сыйымдылығы – бесеуінікі – 3, қалған екеуінікі – 2 тоннадан. Бұл, әрине, әзірге аудан мұқтажын толық қанағаттандырады.
– Қабылданған сүтті пункттерден мезгіл-мезгіл тасып әкетіп тұрамыз, – деді көздегеніне жеткен май-ірімшік зауытының басшысы Дастан Айтөленов, – Енді қашықта қабылданып, жол ұзақ болғандықтан сүттің сапасы жоғалмайды, бағаны да неғұрлым әділетті белгілеуге мүмкіндік бар.
Сонымен тұрғындар үшін де, зауыт үшін де жағдай туғызыла түсті. Өткізеріміз көбейіп, ауылдың берекесі арта түскей.
Суреттерде: аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев (оң жақта) пен май-ірімшік зауытының директоры Д.Айтөленов жаңа сүт қабылдау пунктінде;
Андас батыр ауылындағы қабылдау пункті жайының сырт көрінісі.



