top of page

Сіңірген еңбегі тұлғаландыра түскен азамат

Бақтыбай АБАЙ

08 тамыз, 2014

Бағалай білсек мына тыныш, бейбіт өмірде қажетті де жасампаз кәсіп иелері көп. Солардың бірі – құрылысшылар. Үй салып, оған газ, ауызсу кіргізіп, үй иелерінің қуанышына ортақтасудан артық бақыт бар ма екен? … Мен әңгіме еткелі тұрған Келгенбай аға осындай жауапкершілігі үлкен, игілікті істің ортасында жүрген азамат.

Оны білікті маман ретінде бүкіл аудан таниды. Құрылыстың қыр-сырын бес саусағындай меңгеріп-ақ алған. Мұндай шеберлік, тәжірибе адамға бірден келмейді. Керемет әншілік, жастай күш иесі болу негізінен туа біткен талант, тағдырдың сыйы шығар. Ал, нағыз құрылысшы дәрежесіне адам қаншама қабырға тұрғызып, тонналап бетон құйып барып, бірте-бірте жетері ақиқат. 

Шеберден бір құрылыс ұйымының басшысына дейінгі қызмет баспалдақтарынан таза өз еңбегімен, тынбай ұмтылысымен өткен Келгенбайдың біраз жылдардан бері «Меркі ауданының құрметті азаматы» атағына ұсынылып келе жатуы да оның бедел, абыройын айғақтап тұрғандай. Көпшіліктің қалауының әзірге өтпей жатуы құрылысшы азаматтың еңбегінің аздығынан емес, өзінен бұрын ұсынылғандардың жастарының үлкен, белгілілеу болғанынан шығар. Уақыт бәріне таразы. Кәкең Құрметті азамат атағын алып жатса, ол салған небір үй, нысандардың игілігін көріп жатқан үлкенді-кішілі меркіліктер мынау дұрыс шешім болды, – деп бір адамдай қоштары анық. 

Қысқаша еңбек жолына назар аударсақ, К.Елемесов 1968 жылы Алматы құрылыс техникумын аяқтаған соң, Меркі колхозаралық құрылыс ұйымына шебер болып жұмысқа орналасады. Бұл ұжымда одан әрі еш жаққа ауыспай табаны күректей 30 жылға жуық прораб, аға прораб, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарады. 

Ауданның сол кездегі маңызды-маңызды деген әлеуметтік- экономикалық нысандарын салуға қатысады. Сіңірген еңбегі ескеріліп, ақшалай сыйлықтар мен грамоталарға, шетелге туристік жолдамаларға ие болды. Сол кездегі аудандық атқару комитетінің шешімімен анау-мынаудың қолы жете бермес «Жигули» автокөлігі де сыйланды. 

Кәкеңнің еңбек жолымен таныса отырып, аудан өмірін көз алдыңнан өткізесің. Ол прораб болып жұмыс істеген құрылыс ұйымы құрылысшылары Меркі ет комбинатын белгіленген 3 жылдың орнына 1,5 жылда салып бітіреді. Шебер ұйымдастырушы екендігі Жамбыл, «Большевик», «Красный восток», «Победа» ұжымшарларындағы мәдениет үйлерінің, тағы сондай- ақ аудандағы бірқатар тауарлы- сүт фермалары мен мектептер құрылыстарын жүргізгенде айқын аңғарылды. 

– Келгенбайдай мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында ПМК- 8 ұжымы бүкілодақтық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болды, – деп еске алады кезінде құрылыс ұйымының, аудандық әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы болып істеген Ж.Ауғанбаев, – партияның орталық комитетінің, министрлер кеңесінің қызыл туларын қатарынан 2 жыл бойы иемденді. 

2003 жылы К.Елемесов Алматыда «Спецмонтажстрой» деген құрылыс мекемесінде прораб болып жұмыс істеп жүргенде Луговой ауданында жер сілкініп, үлкен әбігершілік тудырғаны, залал келтіргені белгілі. Бүкіл облыс, республикамыздағыдай меркіліктер де көрші ауданға көмек қолын созды. Меркі аудандық әкімдігінің шақыруы бойынша Кәкең шұғыл елге бет түзеп, мұнда «Париев» серіктестігіне прораб болып орналасып, іске кіріседі. Луговой ауданында үй-жайы шытынап жарылып, тұруға жарамай қалған төрт отбасына аз уақыттың ішінде жаңадан төрт үй салып берді. Ахмади Айнақұлов бастап барған «Париев» ЖШС-нің құрылысшылары тапсырған міндетті жауапкершілікпен атқарып, еліміздің әр түкпірінен келген әріптестеріне үлгі көрсете білді. Сонда іссапарға барған біз өзіміз де Келгенбайдың небір күрделі жобалық құжаттармен жұмыс істей білетіндігіне тәнті болдық. 

Осы серіктестікте 2003- 2010 жылдары жұмысын одан әрі жалғастырды. 

Көптеген нысандарда игілікті істің басында болып, онда өзіндік қолтаңбасы, алақанының табы қалды. Олардың қатарында 2005 жылы аудан орталығында «Балдырған» бала бақшасы ғимаратын қайта жарақтандырып, мектепке айналдыру, Тәтті ауылындағы жарамсыз болып қалған клубты жаңалап, іске қосу, 2006 жылы Савва атындағы мектептің су жинағыш башнясын жаңадан орнатып, Меркі мұрағатына, Ақарал ауылдық округі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2007 жылы ауданның бірқатар мектептеріндегі жылу қазандығы мен жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу сияқты жұмыстарды жоғары кәсіби деңгейде атқарды. 

2010 жылдан «Париев» ЖШС-нің директоры болып тағайындалған К.Елемесов құрылыс мекемесінің бүкіл жауапкершілігін өз мойнына алды. Ұжымын аудан көлеміндегі жұмыстарға белсене атсалыстыруға ұйытқы болды. Серіктестік құрылысшылары соңғы бес жылда 112 млн-нан астам теңгенің жұмысын атқарыпты. 

Басшы ретінде жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, кәсіби біліктілігімен көрінген Кәкең ауданды өркендетуге сіңірген еңбегі үшін әлденеше рет аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. 

Жұмысты сапалы, уақтылы орындайтын серіктестік құрылысшыларына қайырылатындар көп. Жуырда ғана олар аудан орталығында Рычилов, Толстой, Кемелбеков, Ларионов көшелеріне су құбырын жүргізіп, 13 млн. теңгенің жұмысын атқарып бітті. 

Бүгінде бір бригадасы Мыңқазан ауылында бұрын көше бойлай жүргізілген құбырдан газды үйді-үйге қосып беруде. Қалай істер екен деп бұрын күмәндана қараған тұрғындар, міне, сенім артып жаппай газды бола бастады. Тағы бір бригадасы ауданның орталық кітапханасын күрделі жөндеуден өткізуге көмектесуде. Кезекте тұрған әлі қанша жұмыстар бар. 

Алға қойған міндеттер бір басшының ғана емес бүкіл ұжымның ұйысқан ынтымағының арқасында жүзеге асады. Дәнекерлеушілер А.Дурнев, М.Сейітмамбетов, электрик Д.Комлев, сантехниктер А.Гапий, А.Беляев, құрылысшы А.Жамалов, жүргізуші А.Бексырғаев осындай ортақ іске жалын-жігер, тәжірибелерін жұмылдыра білген жандар. Жеке кәсіпкер Руслан Каримовтың жігіттері де серіктестікпен бірге атқарған жұмыстарда көп пайдасын тигізуде. 

Істің дем берушісі, ұжымы сыйлап, әр уақытта қадір тұтатын Келгенбай аға серіктестіктің мүмкіндігін арттырып, жұмысшыларды көбейте түссем дейді. Бұл дегеніңіз олар жүргізетін құрылыс-монтаж жұмыстарының ауқымы кеңи түседі, деген сөз. Мерекелерін осындай келешекке деген үлкен үміт, сеніммен қарсы алып отырған серіктестік еңбеккерлері әлі талай меркіліктерге қызмет көрсетіп, көңілдеріне шуақ, отбасыларына қуаныш сыйлайтындығы шүбәсіз.

 

Суретте: Серіктестік еңбеккерлері – құрылысшы-монтажшылар Равиль Мериев, директор Келгенбай Елемесов, Асан Атказалов, Бақыт Үсіпбеков жөнделіп жатқан орталық кітапхана нысанында.

Please reload

bottom of page